№6003-25-00-2к/1833
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 3 қараша Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Рамазанова, А.К.Есдаулетов, аудармашы Р.А.Таласпаеваның, талап қоюшы А.М.Бытымбаевтың,
жауапкер өкілі Д.Б.Еникееваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Амангалий Мукашевич Бытымбаевтың жауапкер «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамға жұмыстан шығару туралы бұйрықтың күшін жою және қызметке қайта орналастыру, жалақыны өндіру туралы талап қоюы бойынша Абай облысы Семей қалалық сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы шешімі мен Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап, АНЫҚТАДЫ:
А.М.Бытымбаев сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Абай облысы Семей қалалық сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Талап қоюшы А.М.Бытымбаев «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Университет) аға оқытушы болып қабылданған.
Университет пен талап қоюшы арасында 2021 жылғы 1 қыркүйекте №37, 2021 жылғы 1 желтоқсанда №84, 2022 жылғы 1 қыркүйекте №101 еңбек шарттары жасалған.
Аталған еңбек шарттардың аяқталу мерзімі 2024 жылғы 31 тамыз.
2024 жылғы 16 қыркүйектегі №222 жқ бұйрықпен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 49 - бабының 2 –
тармағы негізінде еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты талап қоюшымен еңбек шарты тоқтатылған.
Жеке еңбек даулары жөніндегі келісім қомиссиясының 2024 жылғы 8 қазандағы шешімімен А.М.Бытымбаевтың жұмысқа қайта қабылдау және еңбек шартын ұзарту туралы өтініші қанағаттандырудан бас тартылған.
А.М.Бытымбаев қызметтен шығарылуымен келіспей, сотқа жүгінген.
Еңбек кодексінің 13-бабы 5-тармағының, 30-бабы 1-тармағының 2) тармақшасының, 54-бабы 1-тармағының және 61-бабы 3-тармағының талаптарын соттар дұрыс басшылыққа алып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды қанағаттандырудан негізді түрде бас тартқан. Іс құжаттарынан анықталғандай А.М.Бытымбаев Университетпен еңбек шарттарына отырған кезде, еңбек шартының аяқталу мерзімі 2024 жылғы 31 тамыз екені жөнінде білген.
Талап қоюшы 2024 жылғы 25 маусымдағы бұйрық негізінде 2024 жылғы 1 шілдеден 2024 жылғы 26 тамызға дейін 2023 жылдың 1 қыркүйегінен 2024 жылдың 31 тамызы аралығындағы жұмыс кезеңіне 56 күнтізбелік күн мөлшеріндегі жыл сайынға ақылы негізгі еңбек демалысында болған.
2024 жылғы 30 тамыз Конституция күніне, 31 тамыз бен 1 қыркүйек сенбі және жексенбі күндеріне түскен. Сондықтан жұмыс беруші Еңбек кодексінің 13-бабы 5-тармағының және 30-бабы 1-тармағының 2) тармақшасының талабына сай мерзімнің соңғы күні жұмыс күніне келмеуіне байланысты кейінгі бірінші жұмыс күні 2024 жылғы 2 қыркүйекте еңбек шартының тоқтатылуы туралы хабарламаны пошта арқылы талап қоюшыға жіберген.
А.М.Бытымбаев еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары негізінде 2024 жылғы 12 шілдеден бастап 13 қыркүйекке дейін жұмыстан босатылған.
Еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын ескере келе, жұмыс беруші Еңбек кодексінің 54-бабы 1-тармағының талабын сақтап, еңбек шартын бұзуға жол бермей, талап қоюшының жұмысқа қосылғаннан кейін 2024 жылғы 16 қыркүйектегі №222 жқ бұйрықпен еңбек шартын тоқтатып, сол күні А.М.Бытымбаевты Еңбек кодексінің 61-бабы 3-тармағы негізінде аталған бұйрықпен таныстырған.
Анықталған мән-жайларға байланысты соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы заңды әрі негізді тұжырым жасаған. Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, кассациялық шағымда көрсетілген уәждер соттармен жан-жақты зерттеліп, тиісті баға берілген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Н.Ормаханов
А.Рамазанова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.