ВС РК - Постановление от 14.11.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1389 (Административное)

6001-23-00-6ап/1389

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 14 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Б.Т.Нажмиденов болып, талап қоюшының өкілі Б[...],

жауапкер өкілі А[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына хаттарды және әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қою арызы бойынша қабылданған

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының өкілі Б[...] келтірілген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 19 желтоқсандағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгертілген.

Жауапкердің жерге құқық беретін актіні дайындаудан бас тарту туралы 2022 жылғы 28 қаңтардағы № 03-18-29-0427/129, 2022 жылғы 8 ақпандағы № 03-18-29-0427/187 санды хаттарын заңсыз, жерге құқық беретін актіні дайындаудан бас тартуы заңсыз, жерлердің бірыңғай мемлекеттік тізілімінің графикалық бөлігіне Ы[...] тиесілі жер учаскесіне өзгерістер енгізу әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап қоюды қанағаттандыру туралы бөлігінде күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Талапкер өкілі кассациялық шағымда қабылданған сот актісімен келіспей, апелляциялық саты сотының материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актісінің күшін жоюды және бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Сот алқасы, талап қоюшының өкілі Б[...] кассациялық шағымды қолдаған уәжін, жауапкер өкілі А[...] пікірін тыңдап, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша апеллляциялық сатыдағы сотпен мұндай кемшіліктерге орын берілмеген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] әкімінің 2006 жылғы 18 ақпандағы №1255 шешімімен С.Ы[...] ауылдық округі, Тұран елді мекенінен жер учаскесі жеке меншікке сатылып берілген, аталған шешім негізінде кадастрлық нөмірі [...] сәйкестендіру актісі рәсімделіп, тиісті тіркеу органында тіркелген.

2016 жылғы 26 сәуірде Ы[...] қайтыс болуына байланысты 2018 жылғы 7 ақпанда оның жұбайы Ы[...] мүліктік емес құқықтарын рәсімдеуге мұраға құқық туралы куәлік берілген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 ақпандағы қаулысымен Шымкент қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының шекараларына өзгерістер енгізіліп, Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданының жерлерінің бір бөлігі Шымкент қаласының әкімшілік шекарасына енгізілген. Осыған байланысты кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі де Шымкент қаласының әкімшілік шекарасына өткен. Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] жер учаскелері Шымкент қаласының аумағына 2007 жылы және 2013 жылдары өткен, алайда сол жылдары қалаға өткізілген жер учаскелерінің қатарында кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі болмаған, 2013-2014 жылдары ресми құжаттармен өткізілген жер учаскелерінің қатарында, мұрағаттық қабаттарында да болмаған, Түркістан облысы бойынша филиалымен аталған жер учаскесінің жер кадастрлық ісі де Шымкент қаласының мұрағатына өткізілмеген, осыған байланысты Филиалмен Ы[...] кадастрлық нөмірі [...] жер кадастрлық ісі мұрағатта тіркелмегені анықталған.

2020 жылғы 6 қарашада Филиалдың маманы О[...] «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ-нің (бұдан әрі - Басқарма) сұрау хатына сәйкес, жер учаскесінің бос екендігі жөнінде анықтама берілген.

Осы анықтама негізінде 2021 жылғы 9 сәуірде Басқармамен көрсетілген жер учаскесі сауда саттыққа шығарылып М[...] жеңімпаз болып танылған және 2021 жылғы 12 сәуірде Басқарма мен М[...] арасында жер учаскесін сатып алу туралы үлгілік шарт түзілген.

Алайда, 2022 жылғы 20 мамырда Ы[...] көрсетуімен даулы жер учаскесіне далалық зерттеу актісі жасалып, өлшеу жұмыстары жүргізілгені, Ы[...] кадастрлық ісі қалпына келтіріліп, оған кадастрлық [...] нөмірі берілгені, МЖК ААЖ-не, ол туралы мәлімет енгізілгені, сол кезде Басқармамен сауда-саттыққа шығарылып, М[...] сатылған жер учаскесімен беттесетіні анықталған.

М[...] 2022 жылғы 24 қаңтарда және 3 ақпанда Филиалға сәйкестендіру құжатын дайындау және беру туралы арызбен жүгінген.

Филиалмен М[...] жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындаудан бас тартылып, негіздемесінде аталған жер учаскесінің Сайрам ауданынан Шымкент қаласына өткен кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесімен беттесетінін көрсеткен.

Сондай-ақ, филиалдың сотқа берген мәліметтеріне сәйкес, Ы[...] кадастрлік нөмірлі [...] жер кадастрлық ісі мұрағатта тіркелмегенін, Филиалдың сәйкестендіру құжатын дайындаудан бас тартуын заңсыз деп тану туралы тұжырым жасаған.

Апелляциялық сатыдағы сот алқасының Ы[...] мен М[...] араларында жер учаскелерінің беттесуіне байланысты дау болуына байланысты Филиалдың хаттары заңды және негізді болып табылады, себебі, ол дау азаматтық іс жүргізу тәртібінде шешілмегенше сәйкестендіру құжаты дайындауы және берілуі мүмкін емес. Осыған байланысты, Филиалдың даулы жердің біріңғай мемлекеттік тізілімінің графикалық бөлігіне Ы[...] тиесілі жер учаскесіне өзгерістер енгізу әрекеті заңсыз деген талап қою қанағаттандыруға жатпайды деген тұжырымымен сот алқасы келіседі.

ӘРПК-нің 10-бабына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді.

Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актісі күшінде, талапкер өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талапкер өкілі Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Ш.Т. Даниярова

Б.Т. Нажмиденов

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.