6003-25-00-2к/4978
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 21 сәуір
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор К[...],
талап қоюшының өкілі С[...], жауапкер Т[...] өкілі М[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкерлер Т[...], «Шымкент қаласының сәулет қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әріБасқарма) үлгілік шартты және жер учаскесінің жалға алу құқығын сатып алусату шартын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер Т[...] Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап, АНЫҚТАДЫ :
Департамент сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, талапты жауапкер Т[...] кіреберіс ұйымдастыру үшін деген нысаналы мақсатпен қосымша жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын табыстау туралы жергілікті атқарушы органның қаулысы қолданыстағы жер заңамасы талабы өрескел бұзыла отырып қабылданғандықтан, оның негізінде жасалған үлгілік шарт және сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылуға жататындығымен негіздеген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
2023 жылғы 31 мамырдағы Басқарма мен Т[...] арасындағы жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) №002/1249 үлгілік шарты; 2024 жылғы 20 қарашадағы Басқарма мен Т[...] арасындағы жер учаскесін сатып алу-сату туралы №002/3094 үлгілік келісім шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер Т[...] кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 30 мамырдағы №1276 қаулысына сәйкес Т[...] Шымкент қаласы, Күншығыс шағын ауданы, №[...] үй, №[...] пәтерде орналасқан кадастрлық №[...] алаңы 0,0022 бөлінбейтін жер учаскесіне кіреберіс ұйымдастыру үшін 2026 жылдың 18 сәуіріне дейін уақытша өтеулі қысқа мерзімді жер пайдалану құқығымен берілген.
Осы қаулының негізінде Басқарма мен Т[...] арасында жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалдаудың) 2023 жылғы 31 мамырдағы №002/1249 үлгілік шарты түзіліп, кадастрлық №[...] сәйкестендіру актісі рәсімделген.
Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 18 қарашадағы №5926 қаулысымен Т[...] кіреберіс ұйымдастыру үшін алаңы 0,0022 га бөлінбейтін жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген.
Осы қаулы негізінде Басқарма мен Т[...] арасында жер учаскесін сатып алу-сату туралы 2024 жылғы 20 қарашадағы №002/3094 үлгілік келісім шарты жасалған.
Өз кезегінде, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сауда-саттықтан тыс берудің кең талқылауға жатпайтын түпкілікті негіздері Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 48-бабының 1- тармағында қарастырылған.
Осы баптың 5) тармақшасына сәйкес, жеке және заңды тұлғаларға оларға меншік құқығымен және (немесе) өзге де заттай құқықпен тиесілі үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) пайдалану және ұстау үшін, оның ішінде іргелес аумақтағы үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес кеңейту және реконструкциялау үшін жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы «Құқықтық актілер туралы» Заңының 64 бабында мемлекеттік органдардың құқық актісі Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуі тиіс делінген.
Ал, жоғарыда аталған әкімдіктің қаулысы мен үлгілік шартын жасалуы, яғни жер учаскесін табыстау кезінде, оның нысаналы мақсаты кіреберіс ұйымдастыру үшін екендігі, яғни Жер кодексінің 48-бабында тізбеленген 21 ерекше жағдайлардың қатарына кірмейтіндігі, тиісінше, жер учаскесі саудасаттық (аукцион, конкурс) арқылы берілуге жататындығы ескерілмеген.
Демек, әкімдіктің 2023 жылғы 30 мамырдағы №1276 жауапкер М.Т[...] шағын ауданы, №[...] үй, №[...] пәтерде орналасқан кадастрлық №[...] алаңы 0,0022 бөлінбейтін жер учаскесіне кіреберіс ұйымдастыру үшін уақытша өтеулі қысқа мерзімді жер пайдалану құқығын беру туралы қаулысы қолданыстағы жер заңнамасы талабына қайшы қабылданған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 267бабының 1-тармағына сәйкес, егер мемлекеттік органның не лауазымды адамның заңдарға сәйкес келмейтiн қалыпты немесе жеке құжат шығаруы салдарынан меншiк иесiнiң және басқа адамдардың өзiне тиесiлi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi құқықтары бұзылса, мұндай құжат меншiк иесiнiң немесе құқығы бұзылған адамның талап қоюы бойынша сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылады.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде Департаменттің Басқарманың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін жеке-дара қолданылатын құқықтық актілері негізінде жасалған үлгілік және сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Өйткені АК-нің 157-бабының 3-тармағына және 158-бабының 1- тармағына сәйкес, егер мәміле заң талаптарына сәйкес келмесе, ол жарамсыз болып танылады.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың үлгілік және сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануы заңды.
Жауапкердің Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына, 52-бабының 1-тармағына сілтеме жасауы келесі себептермен негізсіз.
Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 30 мамырдағы №1276 қаулы шығарған кезде Жер кодексінің 44-1-бабының талаптарына сілтеме жасаған.
Ал, Жер кодексінің 44-1-бабында кент, ауыл шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру тәртібі көзделген.
Сонымен қатар, кенттің, ауылдың жерінен құрылыс мақсаттары үшін жер учаскесі сұралған кезде осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағында көзделген ерекше жағдайларға осы баптың ережелері қолданылады делінген.
Демек, Жер кодексінің 44-1 бабының 1-7 дейінгі тармақтарында қосымша жер учаскесін беру көзделмеген және кіреберіс ұйымдастыру үшін деген нысаналы мақсат белгіленбеген.
Қосымша жер учаскесін беру және кіреберіс ұйымдастыру Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағының 5) тармақшасында қарастырылған.
Істі қарау барысында кіреберіс ұйымдастыру үшін деген нысаналы мақсатпен қосымша жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын табыстау туралы жергілікті атқарушы органның қаулысы қолданыстағы жер заңамасы талабы өрескел бұзыла отырып қабылданғаны өз дәлелін тапты.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 11 наурыздағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Ж[...].Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.