КСАД РК - Постановление от 03.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/1897 (Административное)

1

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 3 желтоқсан № 6399-2500-4а/1897 ісАстана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:

төрағалық етуші - судья Н.М. Кабдрахманова, судьялар - Л.Е. Каирбаева, М.А. Манабаева,

прокурор Н. Молдаханов,

қатысуларымен ашық сот отырысында «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы, «КҰМК Казахстан Б.В.» компаниясы, «ИНПЕКС Норт Каспиан Си Лтд.» компаниясы, «TotalEnergies EP Kazakhstan» / «ТотальЭнерджиз ЭП Казахстан компаниясы, «ЭксонМобил Казахстан Инк.» корпорациясы, «Shell Kazakhstan Development B.V.» - «Шелл Казахстан Девелопмент Б.В.» фирмасының «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) 2024 жылғы 1 тоқсанға қосылған құн салығының (бұдан әрі – ҚҚС) асып кеткен сомасын уақтылы қайтарылмағаны үшін өсімпұл есептеуді және аударуды міндеттеу туралы әкімшілік талап қоюы бойынша Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 наурыздағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 наурыздағы шешімімен талап қоюшылардың талаптары ішінара қанағаттандырылып, басқармаға 2024 жылдың 1 тоқсанына ҚҚС-ның асып кету сомасын мерзімінде қайтармағаны үшін «КҰМК Казахстан Б.В.» компаниясының жеке шотына 24 865 741 теңге, «ИНПЕКС НОРТ Каспиан СИ ЛТД.» компаниясының жеке шотына 20 814 160 теңге, «TotalEnergies EP Kazakhstan»/«ТотальЭнерджиз ЭП» компаниясының жеке шотына 45 439 715 теңге, «Эксон Мобил Қазақстан Инк.» корпорациясының жеке шотына 44 773 142 теңге, «Shell Kazakhstan Development B.V.» - «Шелл Казахстан Девелопмент Б.В.» фирмасының жеке шотына 49 416 903 теңге өсімпұлды есепке жатқызу мен аудару міндеті жүктелген, департаментке 2024 жылдың 1 тоқсанына ҚҚС-ның асып кету сомасын мерзімінде қайтармағаны үшін өсімпұлды есепке жатқызу мен аударуды міндеттеу бөлігінде талап қою қанағаттандырылудан бас тартылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған; шешімінің қарар бөлігінің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылған: «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне талап қоюшылар Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының, «КҰМК Казахстан Б.В.» компаниясының, «ИНПЕКС Норт Каспиан Си Лтд.» компаниясының, «TotalEnergies EP Kazakhstan» / «ТотальЭнерджиз ЭП Казахстан компаниясының, «ЭксонМобил Казахстан Инк.» корпорациясының, «Shell Kazakhstan Development B.V.» - «Шелл Казахстан Девелопмент Б.В.» фирмасы талап қоюуы бойынша қозғалған әкімшілік рәсімді аяқтау міндеті соттың құқықтық ұстанымын ескерумен жүктелсін».

Жауапкер кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша талап қоюшының өкілдерінің пікірлерін, түсініктемелерін, прокурордың сот актілерінің күші жойылып, іс жаңадан қарауға жіберілуге жататыны туралы қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерделеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Қазақстан Республикасы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 431-бабы 1-тармағының 1), 2) тармақшаларына сәйкес ҚҚС-ның асып кетуін салық төлеушіге қайтару: 1) егер Салық кодексінің 432 және 434- баптарында өзгеше белгіленбесе, осы бапта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде; 2) салықтық кезеңдегі қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетілген оның ҚҚС асып кету сомасын қайтару туралы талабы негізінде жүзеге асырылады.

Салық кодексінің 104-бабының 1, 4, 5-тармақтарына сай ҚҚС төлеушінің осы Кодекстің 431, 432 және 434-баптарына сәйкес ҚҚС бойынша декларацияда көрсетілген ҚҚС асып кету сомасын қайтару туралы талабы бойынша ҚҚС асып кету сомасын қайтару осы Кодекстің 102-бабында көзделген есепке жатқызуды жүргізу және (немесе) салық төлеушінің банктік шотына аудару арқылы, ұсынылған салықтық өтініш негізінде жүргізіледі.

Салық органы ҚҚС-ның асып кету сомасын қайтаруды жүргізу мерзімін бұзған кезде мерзімін бұза отырып қайтару жүргізілген осындай асып кету сомасына салық органы салық төлеушінің пайдасына мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін өсімпұлды есепке жазады. Өсімпұл қайтару күнін қоса алғанда, қайтару мерзімі аяқталғаннан кейінгі күннен бастап мерзімін өткізіп алған әрбір күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде есепке жазылады.

Салық төлеушінің пайдасына есепке жазылған өсімпұл сомасы бюджет сыныптамасының тиісті коды бойынша бюджетке түсетін түсімдердің есебінен қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару күні салық төлеушінің банктік шотына аударылуға жатады.

Департментпен талап қоюшылардың 2024 жылдың 1 қантары мен 31 наурызы аралығындағы кезеңдерге ҚҚС артық сомасын қайтару туралы талабы негізінде тақырыптық салықтық тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде 2024 жылдың 1 тоқсанына 4 467 320 608 тенге ҚҚС асып кету сомасы қайтаруға расталған.

Талап қоюшылардың есеп шотына қазынашылық органымен қайтарылуға тиісті сома 4 467 320 608 теңге 2024 жылдың 27 қарашада аударылған.

Талап қоюшыларға белгіленген ҚҚС асып кету сомасының өсімпұлын есептеу төмендегі кестелерде көрсетілген.

Салық төлеуші ҚҚС
сомасын
қайтару
мерзімі
ҚҚС сомасы
қайтарылған
күні
Есептелген
өсімпұл
сомасы, теңге
1 ҚҰМКҚазақстан Б.В. 03.09.2024 27.11.2024 24865 741
2 ИНПЕКС Норт Каспиан
Си Лтд.
03.09.2024 27.11.2024 20 814 160
3 ЭксонМобил Қазақстан
Инк
03.09.2024 27.11.2024 44 773 142
4 Шелл Қазақстан 03.09.2024 27.11.2024 49 416 903
Девелопмент Б.В.
--- --- --- --- ---
5 ТотальЭнерджиз ЭП
Қазақстан
03.09.2024 27.11.2024 45 439 715
Барлығы 185 309 661

Салық органы өсімпұл сомасының есебі бойынша қарсылық білдірмейді. Кассациялық сатыдағы сотпен есептер тексерілді.

Салық кодексінің 431-бабының 2- тармағының екінші бөлігіне сәйкес қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару мерзімінің өтуі осы Кодекстің 424-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығы бойынша декларацияны ұсыну үшін белгіленген мерзімнен бастап күнтізбелік отыз күн өткеннен кейін басталады.

Қосылған құн салығы бойынша декларацияны тапсырудың белгіленген мерзімі – 2024 жылғы 15 мамыр. Осы күннен бастап Салық кодексінің 431-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген күнтізбелік отыз күн 2024 жылғы 14 маусымда аяқталады. Ал Салық кодексінің 431-бабы 2-тармағының бірінші бөлігінде көзделген елу бес жұмыс күні 2024 жылғы 3 қыркүйекте аяқталады. Осыған сәйкес өсімпұл 2024 жылғы 3 қыркүйектен қосылған құн салығы төленген күнге дейін, яғни 2024 жылғы 27 қарашаға дейін есептелген, және 85 күнге дұрыс есептелген.

Есптеулер келесідей болады: - «КҰМК Казахстан Б.В.» компаниясының өсімпұлы: 599 446 542х85х14,25х1.25/365х100=24 865 741 теңге;

  • «ИНПЕКС Норт Каспиан Си Лтд.» компаниясының өсімпұлы: 501 773 775х85х14,25х1.25/365х100= 20 814 160 теңге;

  • «ЭксонМобил Казахстан Инк.» корпорациясының өсімпұлы: 1 079 360 776х85х14,25х1.25/365х100= 44 773 142 теңге;

  • «Shell Kazakhstan Development B.V.» - «Шелл Казахстан Девелопмент Б.В.» фирмасының өсімпұлы: 1 191 309 443х85х14,25х1.25/365х100= 49 416 903 теңге;

  • «TotalEnergies EP Kazakhstan» / «ТотальЭнерджиз ЭП Казахстан» компаниясының өсімпұлы: 1 095 430 072х85х14,25х1.25/365х100= 45 439 715 теңге.

Анықталғандай, талап қоюшылардың пайдасына белгіленген ҚҚС асып кету сомасының өсімпұлы есептеліп, жеке шотына аударылмаған.

Басқарма салық органын ҚҚС асып кеткен соманы кеш қайтару фактісі бойынша өсімпұлды аударуға міндеттейтін заңның императивтік талабын бұзғандықтан, соттар талап қоюды қанағаттандыру туралы дұрыс қорытындыға келді.

Соттар жауапкерлердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығымен бекітілген Бюджетті атқару және оның кассалық қызмет көрсету ережесінің 213-тармағына сілтемесін негіссіз деп дұрыс таңыған, себебі қазынашылық органдары ҚҚС асып кеткен соманы қайтару бойынша салық органдарының төлем тапсырмаларын орындайды және ҚҚС асып кеткен соманы салық төлеушіге бюджеттен қайтару немесе қайтармау туралы дербес шешімдер қабылдауға құзыреті жоқ.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы № 306 бұйрығымен бекітілген Салық төлеушінің жеке шотын жүргізу, салықтар, бюджетке төленетін төлемдер, әлеуметтік төлемдер, айыппұлдар, өсімпұл бойынша салық төлеушінің жеке шотындағы есеп-қисаптар сальдосын есептеу, есебі мемлекеттік кірістер органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді қалыптастыру, сондай-ақ «Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұл мен айыппұлдарды есепке жатқызуды және қайтаруды жүргізу» мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларының 1-тармағы бойынша көрсетілетін қызметті берушілер ретінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің аудандар, қалалар және қалалардағы аудандар бойынша, арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарындағы аумақтық органдары танылады.

ҚҚС қайтару және өсімпұлды есептеуді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық органдары, бұл жағдайда Басқарма жүзеге асыратындықтан, соттар Басқармаға қойылған талапты қанағаттандырудан негізді түрде бас тартқан.

Осылайша, басқарма әкімшілік рәсімді жүргізгенде заңдылық қағидатын бұзған, сондықтан соттардың әкімшілік талап қоюды ішінәрә қанағаттандыру туралы қорытындылары дұрыс.

Аталғандар негізінде кассациялық сатыдағы сот жергілікті соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді.

ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 4 наурыздағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші Н. Кабдрахманова

Л. Каирбаева

Судьялар

М. Манабаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.