6001-24-00-3гп/372
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 10-қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Ғ.Ж.Мырзакенің,
судьялар М.Т.Балкеннің, Ж.М. Қашқынбаеваның,
талапкердің өкілі - А.К.Амировтің,
жауапкердің өкілі - Б.У.Уразовтың қатысуымен,
ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Азаматтарға арналған үкімет) жауапкер «Инженерные Сети ТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік тіркеу барысындағы қателіктерге түзету енгізу, құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы мемлекеттік тіркеу жазбасының күшін жою туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 3- сәуірдегі шешіміне, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5-маусымдағы қаулысына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының келтірген өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Азаматтарға арналған үкімет жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5-маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 3-сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Өтінішхатта арызданушы істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, нақтыланбағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды толықтай қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Сот алқасы арызданушының өтінішхатты қолдаған түсінігін, өтінішхат уәждерін талқылап, прокурордың қорытындысын тыңдап, электрондық ісқұжаттарын зерделеп, келесідей қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттармен жол берілмеген деген пікірге келуге болады.
Іс құжаттарынан анықталғандай, құқықтық кадастрға жылжымайтын мүлік 2023 жылдың 5-қаңтардағы «Қазақстан Халық банкі» Акционерлік қоғамымен жасалған жылжымайтын мүлік объектісінің кепіл шарты тіркелген. Тіркеу 2023 жылдың 26-қаңтарында жүргізілген. 2023 жылдың 9-мамырында кепіл шартқа қосымша келісім тіркелген. Мемлекеттік тіркеуге негіз болған пайдалануға қабылдау актісі.
Мемлекеттік корпорацияның Атырау облысы бойынша филиалымен 2023 жылы 15-наурызда тексеру жүргіліліп, нәтижесінде жылжымайтын мүлік объектілері мемлекеттік органның келісімінсіз тіркеуге алынғанын анықталған.
Тіркеу барысында жіберілген қателерді түзету үшін жауапкерге және оған кепілдік берген «Қазақстан Халық банкі» Акционерлік қоғамына хабарлама жолданып, алайда, жауап хат түспеген. Талап қоюшы мемлекеттік тіркеу жүргізу үшін тиісті жергілікті атқарушы органның келісімдерінің қажет екенін, және де объектілер мемлекеттік тіркеуден өтпеген жағдайда кепіл шарты да тіркелмейтінін, жауапкерге жіберілген қателіктерді түзету туралы хабарламаны жолдағанын, алайда, жауапкермен оның орындалмаған деген уәждерді көрсетіп жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуын, құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбалардың күшін жоюды соттың заңды күшіне енген шешімінің негізінде тіркеуші органның жүзеге асыратынымен негіздеген.
Дегенмен арызданушы аталған сот актілерімен келіспей өтінішхатта жергілікті соттардың Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының «Мәмілелер жарамсыздығын және олардың жарамсыздығының салдарын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2016 жылғы 7-шілдедегі № 6 нормативтік қаулысын басшылыққа алып қабылдаған шешімі қаулының мәніне сәйкес келмейтінін көрсеткен.
Аталған нормативтік қаулының 22 тармағында тіркеу парағындағы жазбаларды соттың мәмілені немесе өзге де құқықтық құжатты жарамсыз деп тану туралы шешімінің негізінде ғана жою мүмкіндігін қарастырады. Ал, азаматтық іс бойынша талап қоюшы мәмілені немесе өзге де құқықтық құжатты жарамсыз деп тану құқығының бар екені туралы жеткілікті негіздер келтірмеген.
Азаматтық істің материалдарымен, өтінішхаттың уәждерімен танысып, кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың актілері заңды қабылданған, оның күшін жоюға құқықтық негіздер жоқ деген тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 8- бабының 3-5 тармақтарына сәйкес азаматтық құқықтарды жүзеге асыру басқа құқық субъектiлерiнiң құқықтарын және заңдармен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға тиiс. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс. Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi.
Аталған баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады (АК 8- бабының 7 тармақшасы).
Егер заңда немесе дауласушы тараптардың келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешуі көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып шешуге міндетті (АПКнің 6-бабы 5-бөлігі).
Істің мұндай тұрғысында, кассациялық сот алқасы іс бойынша қабылданған даулы сот актілері заңды және негізді деген қорытындыға келді. Сондықтан сот алқасы бұл даулы сот актілерінің күшін жоюға және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауға негіз жоқ деген түйінге келді.
АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 3-сәуірдегі шешімі, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5-маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ғ.Ж.Мырзаке
Судьялар Ж.М. Қашқынбаева
М.Т. Балкен
Көшірмесі дұрыс
Судья М.Т. Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.