№6003-25-00-2к/485
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 15 қыркүйек Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар Д.Д.Махметова, Н.Б.Ормаханов, талап қоюшы С.Бақытқызының және оның өкілі Д.Жандаровтың, жауапкер өкілі М.Молдабековтың,
үшінші тұлғаның өкілі С.А.Ажигабыловтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Сымбат Бақытқызының жауапкер Сауран ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, Түркістан облысы Сауран аудандық әкімдігіне бұйрықты заңсыз деп тану және лажсыз бос жүрген күндеріне жалақы өндіру туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық ісі бойынша қабылданған
Түркістан қалалық сотының 2025 жылғы 5 қаңтардағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
С.Бақытқызы сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Түркістан қалалық сотының 2025 жылғы 5 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Кассациялық шағымда талап қоюшы істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған. Кассациялық сот талап қоюшының және оның өкілінің шағымды қолдаған пікірін, жауапкер мен үшінші тұлға өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсінігін тыңдап, электронды іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актілерінің күші төмендегі негіздерге байланысты жойылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, С.Бақытқызы 2022 жылдың қаңтар айының 5-нен бастап 2024 жылдың маусым айының 27-не дейін Түркістан облысы Сауран ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - «Мәдениет үйі» КММ) директор орынбасары болып жұмыс атқарған.
Еңбек шартына сай жұмыс уақытының узақтығы 9.00-ден 19.00-ге дейін, түскі үзіліс 13.00-15.00-ге дейін деп белгіленген.
«Мәдениет үйі» КММ-нің 2024 жылғы 27 маусымдағы №84 бұйрығымен (бұдан әрі – даулы бұйрық) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодекс) 52-бабының 1-тармағының 8)тармақшасы негізінде С.Бақытқызы 2024 жылғы 27 маусымынан бастап жұмыстан босатылған.
Сонымен қатар, Сауран ауданының прокуроры 2024 жылғы 9 қыркүйекте Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасына даулы бұйрықтың күшін жойып жұмыскер С.Бақытқызының құқықтарын қалпына келтіру жөнінде ұсыныс келтірген. Себебі тексеріс жүргізу кезінде жұмыс беруші талап қоюшымен еңбек шартын бұзбас бұрын жұмыскерден жасалған тәртіптік теріс қылық фактісі бойынша түсініктеме беру талапты жазбаша нысанда рәсімделмегені, яғни Еңбек кодексінің 65-бабының талаптары сақталмағандығы көрсетілген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, талап қоюшының бір жұмыс күні ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмай, теріс қылық жасағанын, оның жұмыста болмағаны іске тіркелген актілермен, «Мәдениет үйі» КММ-нің қызметкерлерінің штат кестесі бойынша жұмыс уақытын есепке алу табелімен, қызметкерлердің келіп-кету журналымен және сотта куә ретінде сұралған жұмыскерлердің актіге қол қойған жауаптарымен дәлелденеді деп негіздеген. Теріс қылық фактісі бойынша түсініктеме беру туралы талап етілгенін, алайда, С.Бақытқызының түсініктеме беруден бас тартқанын, бұл жөнінде жауапкермен акті толтырылғанын, яғни талап қоюшымен еңбек міндеттері тиісінше орындалмағанын көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, сот шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырған.
Еңбек кодексінің 53-бабының 6-тармағына сай осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 8)-тармақшасына сай көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу осы Кодекстің 65-бабында көзделген тәртіптік жаза қолдану
тәртібі және осы Кодекстің 66-бабының талаптары сақтала отырып жүргізіледі.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2024 жылдың маусым айының 20-нан 27-не дейін, яғни сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін талап қоюшының себепсіз жұмыста болмауына байланысты «Мәдениет үйі» КММ-нің маусым айының 20, 21, 24, 25, 27 күндеріне актілер жасалған.
Түсініктеме беру туралы ауызша талапқа С.Бақытқызының көрсетілген күндері жұмыс орнына келмегені жөніндегі жасалған актілермен таныспаймын, түсініктеме жазбаймын, қол қоймаймын деп бас тартқандығы жөнінде «Мәдениет үйі» КММ жұмыскерлерімен 2024 жылдың 27 маусымда ғана акт жасалып, сол күні даулы бұйрық негізінде талап қоюшы жұмыстан босатылған.
Алайда жұмыс берушімен тәртіптік жазаны қолданғанға дейін жұмыскерден түсініктеме беру туралы талап жазбаша нысанда рәсімделмеген. Түсініктеме беру үшін белгіленген екі жұмыс күндік мерзім сақталмаған. Еңбек кодексінің 65-бабының 2-тармағының талабына қайшы жұмыскерге қатысты заңсыз жұмыстан босату туралы бұйрық шығарылған. Кассациялық сотқа ұсынылған бейне жазба 2024 жылдың 27 маусымында жазылғаны, ол күні түсініктеме беру туралы талап ауызша айтылып, сол күні жұмыстан босату бұйрығы шығарылғаны анықталды. Ал маусым айының 20,21,24 күндері мүлдем түсініктеме талап етілмеген.
Демек талап қоюшының бұйрықты заңсыз деп тану туралы талап қоюы негізді және қанағаттандыруға жатады.
Еңбек кодексінің 161-бабының талабына сай, «Мәдениет үйі» КММнен талап қоюшының пайдасына 2024 жылдың маусым айының 27-нен бастап желтоқсан айының 27-не дейін айлық табысынан 10% зейнетақы жинағын, 10% жеке табыс салығын және 2% міндетті медициналық сақтандыру жарнасын шегерте отырып, түпкілікті 1 166 000 теңге (246 040 – 24604 – 22144 – 4921 = 194371 х 6) лажсыз бос жүрген уақытына орташа айлық жалақысы өндірілуге жатады.
Брінші және апелляциялық сатыдағы соттардың жауапкер Түркістан облысы Сауран аудандық әкімдігіне қатысты талап қоюдан бас тарту бөлігінде өзгеріссіз қалдыруға жатады, себебі бұл жауапкер талап қоюшының еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеген және даулы бұйрықты шығармаған.
Істің мұндай тұрғысында, сот актілерін өзгертіп, жауапкер «Мәдениет үйі» КММ-не қатысты талап қоюдан бас тарту бөлігінде шешім мен қаулының күшін жойып, осы бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарып, бұйрықты заңсыз деп танып, талап қоюшының пайдасына лажсыз бос жүрген күндеріне 1 166 000 теңге орташа айлық жалақы
өндірілуге, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға жатады.
Тараптардың екеуі де сот шығыстарын төлеуден босатылғандықтан АПК-нің 117-бабның 3-бөлігіне сай, сот шығыны бюджет қаражаты есебіне жатқызылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан қалалық сотының 2025 жылғы 5 қаңтардағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысы - өзгертілсін.
Талап қоюшы Сымбат Бақытқызының жауапкер Сауран ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне талап қоюдан бас тарту бөлігінде шешім мен қаулының күші жойылып, осы бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылсын.
Сауран ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 27 маусымдағы №84 бұйрығы заңсыз деп танылсын.
Жауапкер Сауран ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен талап қоюшы Сымбат Бақытқызының пайдасына лажсыз бос жүрген күндеріне 1 166 000 теңге (бір миллион бір жүз алпыс алты мың) орташа айлық жалақы өндірілсін.
Шешім мен қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшы өкілінің шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар Д.Махметова Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.