ҚАУЛЫ
2024 жылғы 23 қаңтар 6001-23-00-6ап/1927 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Ш.Т. Даниярова болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «AV[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылдық округінің әкіміне әкімнің шешімін заңсыз деп танып, күшін жою және қолайлы әкімшілік актіні қабылдауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 ақпандағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 ақпандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, әкімшілік істі қайта қарауға жолдауды сұраған.
Жауапкер Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылдық округінің әкімінің және мүдделі тұлға «Сарыағаш ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілдерінен істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Тараптардың өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәждерін сот дәлелді деп санамайды.
Іс бойынша басқа тараптардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы, кассациялық шағымдардың уәждерімен танысып, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мән-жайларына қарағанда Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылдық округі, Сарысу елді мекені, Шұғыла көшесі, №45/1 мекен-жайында орналасқан кадастрлық номері №[...], көлемі 3,0000 гектар жер учаскесі Дарбаза ауылдық округі әкімінің 2006 жылғы 22 маусымдағы №9 шешімімен Серіктестіктің жеке меншігіне нысаналы мақсаты «пластмасса шығаратын цех құрылысы үшін» берілген.
2022 жылғы 2 тамызда Серіктестік ауылдық округінің әкіміне аталған жер учаскесінің нысаналы мақсатын «үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) қызмет көрсету үшін» өзгертіп беруді сұраған. Жауапкер бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.
Бұл шешіммен келіспеген Серіктестік сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанда мына мәнжайларды негізді ескерген.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылысқызметі» туралы Заңының (бұдан әрі - Заң) 47-бабының 1,2тармақтарына сәйкес елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде ғана жүзеге асырылады.
Елдi мекендердiң бас жоспарлары қаланы, кенттi, ауылды не басқа да қонысты дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастырудың бекiтiлген бас схемасы мен аймақтардың қалақұрылысын жоспарлаудың кешендi схемасына сәйкес әзiрленетiн негiзгi қала құрылысы құжаты болып табылады.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылысқызметі» туралы Заңының 47-бабының 1,2-тармақтарына сәйкес елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде ғана жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығымен бекітілген «Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту Қағидасының» 6, 7- баптарына сәйкес, елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оларға қала құрылысының бекiтiлген жобалары негiзiнде жүзеге асырылады.
Жер учаскелері құрылыс жүргізу үшін берілген кезде оларды пайдалануға қойылатын қала құрылысы талаптары бекітілген бас жоспардың, егжей-тегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу, қала құрылысы аймақтарына бөлу жобаларының, сондай-ақ осы қағидалардың негізінде белгіленеді.
Сарысу елді мекенінің оңайтылған Бас жоспарына сәйкес Серіктестіктің жер учаскесі пайдаланудағы су ұңғыма, жобадағы ішкі жол, жеке тұрғын үй құрылысы және балабақша қарастырылған аумағында орналасқан.
Сондықтан, Дарбаза ауылдық округі әкімінің сұратылған жердің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтінішін қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімі жоғарыда көрсетілген заң нормаларының талабына сай қабылданған.
Соттардың осы және басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 ақпандағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «AV[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар Ғ. Әлжанов Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.