6001-20-00-3гп-80
Қ А У Л Ы
2020 жылғы 18 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқаның төрағасы М.Т.Таймерденов, судьялар Б.Р.Ералиева, А.Ә.Сапарова, прокурор У[...], арыз беруші К[...],
«Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі С[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConfмобилбайланыс арқылы арыз беруші К[...] «Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) есептен шығару туралы бұйрығын және тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп тану, тұрғын үйге мұқтаж жандар есебіне кезегін қалпына келтіруге міндеттеу туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының 2019 жылғы 8 тамыздағы шешімін және Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы Басқарманың келтірген өтішішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
Арыз беруші К[...] сотқа Басқарманың есептен шығару туралы бұйрығын және тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, өзінің тұрғын үйге мұқтаж жандар есебіне кезегін қалпына келтіруді сұраған.
Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының 2019 жылғы 8 тамыздағы шешімімен К[...] арызы қанағаттандырылып, Басқарманың 2018 жылғы 5 желтоқсандағы № 02-41/260 бұйрығының коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж жандар есебінен К[...] шығару туралы бөлігі заңсыз деп танылған.
Басқармаға мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж жандар есебіне қайта тұрғызып, құқық бұзуға дейінгі жағдайды қалпына келтіру міндеттелген.
Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта Басқарма соттар істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, арызды толық көлемде қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Сот алқасы іс бойынша жауапкер Басқарманың өкілі С[...] өтінішхатты қолдаған түсінігін, К[...] өтінішхатқа қарсы пікірін, прокурордың өтінішхатты қолдап, апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға жіберу туралы қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5 –бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды.
Іс құжаттарына қарағанда, К[...] 2013 жылдың 28 тамыз айынан бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде «оралман» санаты бойынша кезекке тұрған. Отбасы құрамы жұбайы мен екі баласын көрсеткен.
Кейіннен Астана қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының 2018 жылғы 30 қарашадағы № 18 хаттамалық шешімімен және Басқарманың 2018 жылғы 5 желтоқсандағы №02-41/260 бұйрығымен К[...] мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығарылып тасталған.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 73-бабының 1-бөлігі 1-тармақшасына сәйкес азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға мұқтаж жандар есебінен алып тастау тек қана мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру негіздері жойылған жағдайда ғана мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 25-бабының 1-тармағына сәйкес, оралман мәртебесі оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін тоқтатылады.
Алайда, К[...] оралман мәртебесінің тоқтатылғанына қарамастан, жергілікті соттар Басқарманың 2018 жылғы 5 желтоқсандағы № 02-41/260 бұйрығының коммуналдық тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге мұқтаж жандар есебінен К[...] шығару туралы бөлігін заңсыз деп таныған. Сот алқасы жергілікті соттардың осы қорытындылары заңға және іс үшін маңызы бар мән-жайларға негізделмеген деп санайды.
АПК-нің 65-бабы 3-бөлігіне сәйкес, істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайларының ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.
АПК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес, әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
Сондықтан сот алқасы өтінішхаттағы К[...] оралман мәртебесінің жойылуын ескере отырып, Астана қаласының әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясы өз алдына қолданыстағы заң нормамаларында көзделмеген іс-әрекеттерге баруына, яғни қандай да болмасын мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға артықшылық көрсетуге құқығы жоқ деген уәждерімен келіседі. Жоғарыда аталғандардың негізінде, қабылданған сот актісі құқық нормаларын түсіндірудегі және қолданудағы бірізділікті бұзуына байланысты күші жойылуға жатады.
Өйткені іс бойынша қосымша дәлелдемелерді жинау және зерттеу талап етілмегендіктен, сот алқасы арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады деп санайды.
АПК-ң 117-бабында және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасы Кодексінің 610-бабына сәйкес арызданушыдан 1265 теңге мемлекеттік баж мемлекет кірісіне өндірілуге жатады.
АПК-нің 451- бабы 2 -бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының 2019 жылғы 8 тамыздағы шешімі мен Нұр-Сұлтан қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 12 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.
Іс бойынша жаңа шешім қабылданып, К[...] арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
К[...] 1265 (бір мың екі жүз алпыс бес) теңге мемлекеттік баж мемлекет кірісіне өндірілсін.
«Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші М.Т.Таймерденов
Судьялар Б.Р.Ералиева
А.Ә.Сапарова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.