6001-22-00-6ап/353
ҰЙҒАРЫМ ақшалай өндіріп алу туралы
2022 жылғы 31 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья С.Ү.Баймаханов,
судьялар Ш.Т.Даниярова, Г.К.Нурбаев болып,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бөлім прокуроры А[...],
талап қоюшының өкілі А[...],
жауапкерлер: «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі М[...],
«Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит Департаменті» мемлекеттік мекемесінің өкілі Д[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Ар-Иман» мүгедектердің қоғамдық қоры жауапкерлер «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне және «Қарағанды облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит Департаменті» мемлекеттік мекемесіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2021 жылғы 10 тамыздағы № 4-8/4104 хабарламаны және мемлекеттік сатып алудың 2021 жылғы 18 тамыздағы қорытындысын заңсыз деп тану туралы талабы бойынша қабылданған,
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 10 желтоқсандағы шешіміне және Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 ақпандағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап, АНЫҚТАҒАНЫ: Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасымен (бұдан әрі – сот алқасы) осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында тараптар өкілдері тыңдалды.
Өз кезегінде, жауапкер «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі М[...] да сөз берілді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 29-бабының 2 бөлігіне сай жауапкер сотқа әкімшілік істің шын мәніндегі мән-жайлары туралы толық және шынайы түрде мәлімдеуге, әкімшілік істі, әкімшілік процеске басқа да қатысушылардың растайтын фактілерін теріске шығаратын құжаттарды сотқа айтуға немесе ұсынуға міндетті. Жауапкердің процестік міндеттерді орындамауы осы Кодексте көзделген процестік салдарлардың басталуына алып келеді.
ӘРПК-нің 127-бабының 2 және 3-бөліктерінде соттардың процестік міндеттерді орындамайтын заңды тұлға өкіліне он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы екендігі көзделген.
Сот алқасы мәжілісінде жауапкер өкілі М[...] әкімшілік істің шын мәніндегі мән-жайлары туралы мәлімдей алмай, оны толық білмейтіндігі анықталды. Ол талап қоюшының кассациялық шағымында келтірген фактілерін теріске шығаратын құжаттарды да, уәждерін де сотқа айта алмады.
Сөйтіп, М[...] сот алқасының мәжілісіне дайындалып келмей, процестік міндеттерін орындамады.
Сондықтан сот алқасы М[...] ақшалай өндіріп алуды қолдану қажет деп санайды.
ӘРПК-нің 127-бабын басшылыққа алып, сот алқасы
ҰЙҒАРЫМ ЕТТІ:
Жауапкер «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі М[...] он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 31 800 (отыз бір мың сегіз жүз) теңге өндіріліп алынсын.
ӘРПК-нің 127-бабына сай:
ақшалай өндіріп алуды төлеу ұйғарым табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылатыны және ол республикалық бюджеттің кірісіне өндіріп алынатыны;
сот актісін немесе соттың талаптарын орындамаған кезде сот тұлғаға он айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылған мөлшерде қайтадан ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы екендігі түсіндірілсін. Ұйғарым шағымдануға жатпайды.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Г. Нурбаев
Көшірмесі дұрыс.
Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.