ҚАУЛЫ
2025 жылғы 20 маусым 6001-24-00-6ап/3668 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Г.Б.Дуйсенбаев, Е.Ж.Өмірəлиев болып,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Басқарма прокуроры Н.Молдахановтың,
талап қоюшының өкілі А.К.Абдигамидовтың қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «QAZAQ өнім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан əрі – Серіктестік) жауапкер «ASTANA» əлеуметтіккəсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына (бұдан əрі – Қоғам) саудасаттықты заңсыз деп танып, күшін жою, кепілдік жарнаны қайтару туралы əкімшілік іс бойынша қабылданған,
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 23 мамырдағы шешіміне, Ақмола облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен əкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 23 мамырдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Ақмола облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан əрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сəйкес əкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Сотта анықталған мəн-жайларға қарағанда 2023 жылғы 2 қазанда Қоғам мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы Корпорацияға уақытша өтеулі жер пайдалану негізінде берілген жер учаскелерін қосалқы жалға беру бойынша тендер өткізу туралы хабарландыру жариялаған. Соның ішінде Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Шаймерден Қосшығұлұлы көшесі, 11п учаскесінде орналасқан жер учаскесі туралы мəліметтер мен фотосуреттер жүктелген. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты – азық-түлік сату стационарлы емес объектісін орналастыру (наубайхана, сүт, шұжық өнімдері). 2023 жылғы 19 қазанда сауда-саттық нəтижелері туралы № 294206 хаттамаға сай Серіктестік жеңімпаз деп танылған.
2023 жылғы 24 қазанда Серіктестік ұтып алған жер учаскенің жағдайы аталған фотосуреттегі жағдаймен келіспейтіндігі анықталып отырғанын, онда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатырғанын, учаскенің орны қазылғанын жəне бұдан əрі сауда-саттық нысаналы мақсатына сəйкес жер учаскесін пайдалану мүмкін еместігін көрсетіп, келісім-шартқа қол қоймай, саудасаттықтың күшін жойып, 172 500 теңге төленген кепілдік жарнаны қайтаруды сұраған.
2023 жылғы 11 қарашада өтінішхат қанағаттандырылудан бас тартылып, жер учаскесінде құрылыс жұмыстарының жүргізілуі туралы ақпарат Корпорацияға берілмегенін, аталған құрылыс жұмыстары жеке тұлғалардың бастамасымен жүргізілгенін жəне уақытша жұмыстар екендігін, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 548-бабының 1-тармағында көзделген жалға алушының құқықтарының бірін қолдану туралы өтінішхат берілмегенін, «Мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру бойынша электрондық сауда-саттықтарды мемлекеттік мүлік тізілімінің вебпорталында өткізу регламентінің» (бұдан əрі – Регламент) 47-тармағының 1) тармақшасына сəйкес кепілдік жарна кері қайтарылуға жатпайтыны көрсетілген.
2023 жылғы 12 қарашада Серіктестік тарапынан қайталап шағым беріліп, ол тыңдау жүргізу арқылы қаралып, 6 желтоқсанда қанаттандырудан бас тартылған.
2024 жылғы 1 ақпанда жоғарыда көрсетілген сауда-саттықтың күші жойылған.
2024 жылғы 20 ақпанда өткізілген қайталама сауда-саттықтың нəтижелерімен жеке кəсіпкер (бұдан əрі – ЖК) А.К. Абильдаева жеңімпаз деп танылған. 2024 жылғы 28 ақпанда жауапкер мен ЖК А.К. Абильдаева арасында жер телімін қосалқы жалдау шарты жасалған.
Серіктестік өзінің өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартумен келіспей жоғарыдағы талап қоюлармен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мəн-жайларды ескерген.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 101бабының 4-тармағында кепiлдiкті жарна қайтарылуға жататын 4 жағдай көзделген:
- сауда-саттық өткізілмесе;
өтінім берген, бірақ сауда-саттыққа қатыспаған тұлғаларға;
сауда-саттыққа қатысқан, бiрақ оны ұтпаған тұлғаларға;
- сауда-саттық өткiзуден кемінде үш жұмыс күні бұрын оған қатысудан
жазбаша бас тартқан тұлғаларға да қайтарылады.
Сауда-саттықты ұтқан тұлға сауда-саттықтың нəтижелерi туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтарған кезде өзi енгізген кепiлдiк жарнасынан айрылады жəне кепiлдiк жарнамен жабылмаған бөлiгiнде сатушыға өзі келтірген нақты залалды өтеуге мiндеттi (6-тармақ).
Сауда-саттықта жеңіске жеткен қатысушы сауда-саттықтың нəтижелері туралы хаттамаға қол қоймаған немесе Регламенттің 72-1-тармағын бұзған жағдайда кепілдік жарна сатушымен/астық қолхатын ұстаушымен (кепіл ұстаушымен) қайтарылмайды.
Жауапкермен ұсынылған жер телімінің фотосуреттеріне сəйкес, осы жер телімі бастапқы жағдайға келтірілген.
Алайда соттардың бұл тұжырымдары істің мəн-жайларына сай келмейді.
Сауда-саттық жарияланғанда жəне өткізілген уақытта жер учаскесі туралы мəліметтер мен жүктелген фотосуреттер нақты жағдайға сəйкес келмеген. Яғни, ол жерде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқаны жайлы Серіктестің мəлімдемесі сол уақытта түсірілген фотосуреттермен дəлелденген жəне бұл фактіні Қоғам мен Корпорация теріске шығармаған.
Яғни, нысаналы мақсаты – азық-түлік сату стационарлы емес объектісін орналастыруға дайын емес жер учаскесіне сауда-саттық өткізілуін заңды деп есептеуге болмайды. Сол себепті Серіктестіктің құқықтық тəртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін келісім-шартқа қол қоюдан бас тартуы негізді болып табылады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 359-бабының 1- тармағына сай борышқор кiнəлi болған кезде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындамағаны жəне (немесе) тиiстi дəрежеде орындамағаны үшiн жауап бередi. Егер борышқор мiндеттеменi тиiстi дəрежеде орындау үшiн өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын дəлелдесе, ол кiнəсiз деп танылады.
Яғни, келісім-шартқа қол қоймау себептеріне Серіктестік кінəлі болмаған жəне оның кінəсіздігін жауапкер де, соттар да теріске шығармаған. ӘРПК-нің 10-бабына сай əкімшілік орган, лауазымды адам əкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде əкімшілік рəсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің əділ теңгерімін қамтамасыз етеді.
Бұл ретте əкімшілік акт, əкімшілік əрекет (əрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті жəне пропорциялы болуға тиіс.
Егер əкімшілік акт, əкімшілік əрекет (əрекетсіздік) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін қолайлы болса, жарамды деп есептеледі.
Егер əкімшілік акт, əкімшілік əрекет (əрекетсіздік) əкімшілік рəсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін барынша аз дəрежеде шектейтін болса, қажетті деп есептеледі.
Егер əкімшілік рəсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеу нəтижесінде алынған қоғамдық игілік осы шектеулер келтірген зияннан көп болса, əкімшілік акт, əкімшілік əрекет (əрекетсіздік) пропорциялы деп есептеледі.
Дауланып отырған сауда-саттықты заңсыз деп танудың қазіргі кезде қажеттілігі жоқ, себебі оның күші жойылған. Ал, 2024 жылғы 20 ақпандағы қайталама сауда-саттықтың нəтижесімен ЖК А.К. Абильдаева жеңімпаз болып танылған. Яғни, сауда-саттықты заңсыз деп тану аталған қағидаларға сəйкес келмейді.
Бірақ бұл жағадай Серіктестікке кепілдік жарнаны қайтаруға кедергі болмайды.
Істің бұл тұрғысында сот актілері өзгертіліп, Серіктестіктің талабы ішінара қанағаттандырылуға жатады. Сот алқасының бұл шешімі ӘРПК-нің 7 жəне 8-бабтарымен көзделген заңдылық, əділдік пен ақылға қонымды қағидаттарына сай келеді.
АПК-нің 109-бабына сəйкес сот өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді. Серіктестікпен талап қою арызды беру кезінде бюджетке 5 175 теңге, кассациялық шағым беру кезінде 1 846 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж салығын төлеген, ол сот шығыстары жауапкерден өндірілуге жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын жəне АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 23 мамырдағы шешімі, Ақмола облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 5 қыркүйектегі қаулысы өзгертілсін.
Сот актілерінің кепілдік жарнаны қайтару бойынша талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жайлы бөлігінің күші жойылып, талаптың бұл бөлігін қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын. «ASTANA» əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан «QAZAQ өнім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына төленген кепілдік жарна 172 500 (бір жүз жетпіс екі мың бес жүз) теңге жəне сот шығыстары 7 021 (жеті мың жиырма бір) теңге өндірілсін. Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
Талап қоюшы «QAZAQ өнім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Г. Дуйсенбаев Е. Өмірəлиев
Судьялар
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.