ВС РК - Постановление от 05.03.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2393 (Административное)

6001-24-00-6ап/2393

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д. Өміралиев болып,

талап қоюшының өкілі Б.А. Дүйсембиевтің қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Махаматали Сарварович Талиповтың жауапкер Түркістан қаласы әкіміне, мүдделі тұлғалар Сейтансим Мамбетовке, З.Мамбетоваға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Корпорация) дау айту және шартты жарамсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 сәуіріндегі ұйғарымына және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 маусымындағы ұйғарымына талап қоюшы берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа қосымша талап арызбен бірге мынадай талап қоюлармен жүгінген:

  • Әкіммен 2023 жылдың 17 қазанында қабылданған даулы қаулыны

  • заңсыз деп танып, күшін жоюды;

  • 2023 жылы 8 қарашада № 1850 жеке меншік құқығын табыстау

  • туралы қаулыны заңсыз деп танып, күшін жоюды;

  • сыйға тарту шартын жарамсыз деп тануды және даулы жердегі

  • құрылысты бұзуды сұраған.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 сәуіріндегі ұйғарымымен талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылып, талап қоюы қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 маусымындағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюын мерзімін қалпына келтіруді, бірінші саты сотына жаңадан қарауға жолдауды сұраған.

Жауапкерлер Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

АПК-нің 427-бабының бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сай сот актісінің күшін жоюға іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы негіз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Іс материалдарына қарағанда Корпорациядан алынған мәліметтерге, даулы жерге қалыптастырылған кадастрлық және тіркеу ісіндегі құжаттарға қарағанда С.Мамбетовке даулы жер даулы қаулы негізінде 3 жыл мерзімге тұрғын үй құрылысын салу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген.

2023 жылы 17 қазанда № 951 жерді жалға беру шарты жасалған, 2023 жылы 18 қазанда мемлекеттік тіркеуден өткен.

Даулы жерге тұрғызылған жалпы алаңы 41,3 шаршы метр 1 қабатты тұрғын үйге меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға дербес қабылдау актісі 2023 жылы 30 қазанда дайындалып, ол да мемлекеттік тіркеуден сол күні өткен.

2023 жылы 8 қарашадағы №1850 Әкімнің қаулысы негізінде даулы жер С.Мамбетовке жеке меншік құқығы табысталған және қаулы 2023 жылы 16 қарашада мемлекеттік тіркеуден өткен.

2023 жылы 21 қарашадағы сыйға тарту шарты негізінде С.Мамбетов даулы жерді тұрғын үймен бірге З.Мамбетоваға сыйға тартқан және шарт мемлекеттік тіркеуден 2023 жылы 22 қарашада өткен.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 наурыздағы шешімімен талап қоюшы С.Талиповтың жауапкерлер Корпорацияға және Түркістан қаласының әкімдігінің Сәулет және қала құрылыс бөліміне реттік нөмірін беру туралы бұйрықтың күшін жою, жер учаскесін орналастыру әрекетін заңсыз деп тану, жер учаскесін өз орнына орналастыру талабы қанағаттандырылған. Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің реттік нөмірін беру туралы 2022 жылғы 17 ақпандағы №174 бұйрығының күші жойылған.

«Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Агайдар Турегельдиевич Балабековқа рәсімделген жер учаскесіне №19-307-032-3174 актісі бойынша жер учаскесін мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде Түркістан қаласы, Құлыншақ ақын көшесі, 103 мекен-жайға орналастыру әрекеті заңсыз деп танылған.

«Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамына Агайдар Турегельдиевич Балабековқа рәсімделген жер учаскесіне №19-307-032-3174 актісі бойынша жер учаскесін мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Яссауи көшесі, 18 мекен-жайға орналастыру міндеттелген.

Аталған шешім заңды күшіне енген.

Бұл шешімнен талап қоюшыға жер учаскесі Түркістан қаласы, Құлыншақ ақын, 103 мекен-жайынан берілгені аңықталады.

2023 жылдың желтоқсан айында талап қоюшының жеріне бөтен тұлғаның қоршау салып қойғанын тараптар жоққа шығармайды.

ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

ӘРПК-нің 129-бабы 1-бөлігіне сәйкес, берілген талап қою түріне қарамастан, талап қоюшы құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны туралы өзіне мәлім болған уақытты, сондай-ақ келтірілген залалдың мөлшерін дәлелдеуге міндетті.

Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.

Демек талап қоюшының 2023 жылы 28 желтоқсанда құқығы бұзылғаны анықтап, оның жеріне кім қоршау салғаны туралы анықтаған соң жауапкерге арызбен 2024 жылдың 24 қантарында жүгінгені расталады.

Талап қоюшымен сотқа талап қоюды беруге арналған мерзімі сақталғаны анықталды.

Жергілікті соттар М.С. Талиповтың талап қоюын кері қайтарғанда жоғарыда көрсетілген мерзімді оның себепсіз өткізіп алғанымен негіздеген.

Соттардың бұл тұжырымдары негізсіз, себебі талап қоюшының 2023 жылдың желтоқсан айында өздерінің жеріне бөтен тұлғаның қоршау салып қойғанын анықтап, оны кім салғаны туралы анықтаған соң жауапкерге арызбен жүгіндік деген уәждеріне соттар тиісті түрде құқықтық баға бермеген.

ӘРПК-нің 8 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.

Бұл жағдайда жергілікті соттар аталған мән-жайларды ескермей, талап қоюды заңсыз кері қайтарған.

Істің бұл тұрғысында жергілікті соттардың сот ұйғарымдарының күші жойылуға, ал талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 сәуіріндегі ұйғарымының, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 маусымындағы ұйғарымының күші жойылсын.

Іс мәні бойынша қарау үшін бірінші саты сотына жолдансын. Талап қоюшы М.С.Талиповтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б.Дуйсенбаев

Судьялар Г.К.Нұрбаев

Е.Д. Өміралиев Г.К.Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.