Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 08.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/1722 (Гражданское)

№ 6003-25-00-2к/1722 Қ А У Л Ы

2025 жылғы 8 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья А.К.Рамазанова, судьялар А.К.Айкенова, Д.Д. Махметова,

талап қоюшы Н.Ш.Исмаиловтың, оның өкілі Т.Т.Сапаровтың, жауапкер Р.И.Садыковтың,

аудармашы К.О.Мустафинаның қатысуларымен, бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Насиб Шахмаровч Исмаиловтың жауапкер Рашид Идрисович Садыковтан жол-көлік оқиғасынан келтірілген материалдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша қабылданған,

Түркістан облысы Мақтаарал аудандық сотының 2024 жылғы 17 шілдедегі шешіміне, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Н.Ш.Исмаилов сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюымен жүгінген. Түркістан облысы Мақтаарал аудандық сотының 2024 жылғы 17 шілдедегі шешімімен талап қоюы қанағаттандырылып, талап қоюшының пайдасына жауапкерден материалдық зиян 13 090 000 теңге, мемлекет кірісіне төленген 130 900 теңге мемлекеттік баж, маманның еңбек ақысына төленген 200 000 теңге, өкілдің ақысына төленген 250 000 теңге шығындары өндірілген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысымен сот шешімі өзгертіліп, өндірілген материалдық зиян 6 685 231 теңгеге, мемлекеттік баж 66 852 теңгеге дейін төмендетілген.

Р.И. Садыковтан сараптама жүргізгені үшін төленуге тиісті 131 403 теңге мемлекет пайдасына өндірілген.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы Н.Ш. Исмаилов кассациялық шағымда қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жоюды сұраған.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 19 мамырда сот актілерінің күшін жою туралы Жоғарғы Сотқа кассациялық тәртіппен қарау туралы өтінішхатты жолдаған. Алайда өтінішхат 29 мамырдағы хатпен мемлекеттік баждың мөлшерін толықтыруға байланысты кері қайтарылған. Содан кейін мемлекеттік баж қосымша төленіп жолдануына байланысты шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішін қанағаттандыруды сұраған.

Кассациялық сот талап қоюшының шағымды қолдаған пікірін, жаупкердің қарсылығын тындап, іс құжаттарын зерделеп, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 126-бабының 2-бөлігіне сйкес егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.

Талап қоюшының кассациялық шағым беру процестік мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандыруға жатады, өйткені талап қоюшы заңмен көзделген мерзімде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына кассациялық тәртіпте қарау туралы өтінішхатпен жүгінген және кемшіліктерді түзеу үшін қайтарылған, яғни мерзім дәлелді себеппен өткізілген. АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот мұндай кемшіліктерге жол бермеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 917бабының 1-бөлігіне сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік немесе мүліктік емес игіліктері мен құқықтарына заңсыз іс- әрекеттермен (әрекетсіздікпен) келтірілген (мүліктік және (немесе) мүліктік емес) зияңды, оны келтірген тұлға толық көлемінде өтеуге тиіс.

Анықталғандай, 2023 жылғы 4 сәуірдегі орын алған жол қөлік оқиғасынан, талап қоюшы Н.Исмаиловқа тиесілі «DAF» маркалы мемлекеттік белгісі X 698 UPN санды автокөлігіне (бұдан әрі - автокөлік) залал келген.

Қазығұрт аудандық сотының 2023 жылғы 22 мамырдағы сот қаулысымен Р.Садыков Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 69 000 теңге айыппұл салынған.

2011 жылы 11 мамырдағы № ХЕ№ 00034637 санды көлік құралын тіркеу туралы куәлігіне сәйкес, ««DAF» маркалы мемлекеттік белгісі X 698 UPN автокөлік Н.Исмаиловқа тиесілі болып табылады.

2024 жылы 4 сәуірдегі «SERT» тәуелсіз бағалау компаниясының № 51 бағалау есебінің қорытындысына сәйкес, автокөлікке келтірілген залалдың мөлшері 13 090 000 теңгені құраған.

Бірінші сатыдағы сот Р.Садыков жоғары қауiптiлiк көзiн иеленушi азамат болып саналады, көрсетілген автокөлікті бағалау есебі жауапкермен дауланбаған, жауапкердің кінәсі соттың 2023 жылы 22 мамырдағы қаулысымен дәлелденеді деп, талап қоюды қанағаттандырған.

Сот алқасы, аталған дауды қарау кезінде №51 бағалау есебін дәлел ретінде негізге алуға жатпайды, себебі жол-көлік оқиғасы кезінде пайда болған көлік құралының бүлінген бөлшектері зерттелмеген, жарамсыз бөлшектердің нарықтық құны анықталмаған деп, жөндеу құнын анықтау үшін сотавтотауартану сараптамасын тағайындаған.

«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының филиалы

Түркістан облысы бойынша сот сараптамалар институтының 2024 жылғы 5 қарашадағы №3714-Э/24/13 қорытындысына сәйкес, зерттеуге ұсынылған көлік құралын қалпына келтіру құны 6 685 231 теңге және техникалық ақаулығы жоқ пайдалануға жарамды осы тектес көлік құралдарының нарықтық құны шамамен 14 630 000 теңге құрайтыны көрсетілген.

Істің бұл тұрғысында, сот алқасы бірінші сатыдағы сотпен өндірілген 13 090 000 теңге материалдық зиян 6 685 231 теңгеге, 130 900 теңге мемлекеттік баж 66 852 теңгеге дейін дұрыс төмендеткен.

Шағым уәждері сот алқасының тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерін жоюға немесе өзгертуге негіздер анықталмады.

Сол себепті, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 126-бабын, 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Талап қоюшының кассациялық шағым жасау мерзімін қалпына келтіру өтініші қанағаттандырылсын.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші А.К.Рамазанова

судьялар А.К.Айкенова

Д.Д. Махметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.