ВС РК - Постановление от 03.03.2022 по делу 6001-21-00-6ап/180 (Административное)

6001-21-00-6ап/180

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 3 наурыз

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші С.Ү.Баймаханов, судьялар Г.К.Нұрбаев, Ж.Б.Ермағамбетова болып,

талап қоюшы:

«Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі К[...],

жауапкер:

Оранғай ауылдық округі әкімінің өкілі О[...], мүдделі тұлғалар:

Қ[...] өкілі Д[...],

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі Қ[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында қашықтықтан бейне-дыбыс жазу құралдарын қолдану арқылы талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Түркістан облысы, [...], мүдделі тұлғалар Қ[...], «Сауран ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына, «Кентау өңірлік мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесіне әкімінің шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 2 қарашадағы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 қарашадағы ұйғарымдарына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - И[...]) сотқа әкімшілік арызбен жүгініп, онда Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округі әкімінің 2000 жылғы 21 желтоқсанындағы Ж[...] жер алаңы мен үй көлемін бекіту туралы №60 шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюмен жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 2 қарашадағы ұйғарымымен Қазақстан

Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 136-бабы 8) тармақшасына және 138-бабы 15) тармақшасына сәйкес талап қою қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 қарашадағы ұйғарымымен аталған сот ұйғарымы күшінде қалдырылған.

И[...] кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының ұйғарымдарының күшін жойып, оның талап қоюын негізінен қарауға бірінші сатыдағы сотқа жолдауды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер, мүдделі тұлға өкілдерінің кассациялық шағымға қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым Қазақстан - Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай АПК) ережелерімен белгіленеді.

АПК-нің 451-бабының 5-бөлігіне сәйкес, егер сот дұрыс шешім қабылдаған, бірақ осы Кодекстің 427-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген бұзушылықтарға жол берілген жағдайда, қаулыда уәждер, материалдық және процестік құқық нормалары көрсетіледі, оларға сәйкес сот актілері өзгеріссіз қалдырылады.

Іс материалдарына қарағанда, 2021 жылғы 20 сәуірде И[...] адвокат К[...] даулы шешімнің түпнұсқасы архивте жоқ екені анықталғанын, осыған байланысты осы қаулының заңдылығына тексеру жүргізіп, шешімнің күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінуді сұрап адвокаттық сұрау жолдаған.

И[...] «Кентау өңірлік архиві» ММ-не 2021 жылғы 21 сәуірде түпнұсқасы бар-жоғы туралы мәліметті сұрату бойынша хат жолдап, жауабын 2021 жылғы 23 сәуірде алған.

Жергілікті соттар талап қою арызын қайтара отырып, талап қоюшының сотқа жүгіну үшін іс жүргізу заңында көзделген мерзімді бұзғаны және мұндай мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептері жоқ екенін негізге алған.

Алайда, алқа шағым жасалған сот актілерінде көрсетілген осы талап қою арызын қайтарудың негізімен келіспейді.

Сонымен, ӘРПК-нің 5-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады. Қоғамдық-құқықтық қатынастар - құқық субъектілері арасындағы қатысушылардың бірінің биліктік өкілеттіктерін басқаларға жүргізуіне байланысты туындайтын қатынастар болып табылады.

ӘРПК тәртібімен істерді қарау әкімшілік органдардың заңсыз әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) талап қоюшының құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған арнайы қағидаттарды қолдануды көздейді.

ӘРПК-нің 4-бабының 33) тармақшасына сәйкес, талап қоюшы - өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға.

Алқаның пікірінше, 2021 жылғы 1 шілдеден, яғни ӘРПК-нің қолданысқа енгізілгеннен бастап, И[...] әкімшілік сот өндірісі шеңберінде жергілікті атқарушы органның шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап қою бере алмайды, өйткені ауылдық округ әкімі И[...] қатысты билік өкілеттіктерін жүзеге асырмайды.

ӘРПК-нің 31-бабының 3-бөлігіне сәйкес, қоғам мен мемлекет мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюмен әкімшілік іс жүргізуде прокурор жүгінуге құқылы.

ӘРПК-нің 9-бабының 2-бөлігінде мемлекеттік органдар - өз құзыреті шегінде, жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте белгіленген тәртіппен басқа тұлғалардың немесе айқындалмаған тұлғалар тобының бұзылған немесе дау айтылатын заңды мүдделерін қорғау туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы деп көрсетілген.

Жер учаскелерін беруге, нысаналы мақсатын өзгертуге, алып қоюға, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа заңсыз шешімдердің күшін жою, сондай-ақ жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдардың сотқа талап қою құқығын көздейтін Жер кодексінің 148-бабының 4) тармақшасының ережесі процестік заң нормаларының призмасы арқылы, атап айтқанда ӘРПК-нің 9-бабының 2-бөлігі қолданылады.

Сонымен бірге, талап қоюда қай жеке немесе заңды тұлғаның мүддесін қорғауда талап қойылғаны көрсетілмеген.

Осыған байланысты, алқа ӘРПК-тің 138-бабының 11) тармақшасында көзделген негіз бойынша - іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды, талап қою қайтарылуға тиіс деген қорытындыға келеді.

Жергілікті соттар талап қоюды заңды турде қайтарған, бірақ іс жүргізу құқығының нормаларын қолдануда қателік жібергендіктен, шағымданған сот ұйғарымдары өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 169бабының 1-бөлігінің, АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 2 қарашадағы, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 24 қарашадағы ұйғарымдары күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Г. Нұрбаев Ж. Ермағамбетова

Судьялар

Көшірмесі дұрыс Судья

Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.