ВС РК - Постановление от 09.11.2023 по делу 6001-23-00-6ап/779 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 9 қараша 6001-23-00-6ап/779 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар - Ғ.Ө. Әлжанов, Е.Д. Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының басқарма прокуроры К[...],

жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару Комитеті Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) өкілі М[...],

мүдделі тұлға С[...] өкілі Ж[...]

қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Шымкент қаласы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Департаментке тексеру қорытындысы туралы актіні және нұсқаманы заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 тамыздағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 ақпандағы қаулысына мүдделі тұлға С[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 тамыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Департаменттің 2022 жылғы 14 маусымдағы №1 Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамасы заңсыз деп танылған.

2022 жылғы 10 масымдағы №1 тексеру қорытындысы туралы актіні заңсыз деп тану туралы бөлігі талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

С[...] кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп оларды бұзуды сұраған.

Талап қоюшының өкілі істі оның қатысуынсыз қарауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан

әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Мүдделі тұлғаның өкілі кассациялық шағымды қолдаған, жауапкердің пікірін, прокурордың қортындысың тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, С[...] «Шымкент қаласы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесіне жер учаскесін кеңейту үшін іргелес орналасқан алаңы 0,0550 га жер учаскесін 4 жыл мерзімге уақытша пайдалану құқығын беру туралы өтініш берген.

Шымкент қаласының жер комиссиясының 2022 жылғы 14 сәуірдегі №13 шешіміміен өтінішті қанағаттандырудан бас тартылған. Осыған сәйкес Шымкент қаласының әкімдігінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі №749 қаулысымен жер учаскесіне құқық беруден бас тартылған.

С[...] шағымы негізінде Департамент тексеру жүргізген.

2021 жылдың 10 маусымда тексеру қорытындысы бойынша № 1 акті түзіліп, Қазақстан Республикасы жер заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою туралы 2022 жылғы 14 маусымдағы №01 нұсқама (бұдан әрі - Нұсқама) берілген. Нұсқамада Қазақстан Республикасы жер заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою туралы мәселе қойылған.

Бұл актілермен келіспеген әкімдік сотқа талап қоюмен жүгінген.

Жергілікті соттардың Нұсқаманы заңсыз деп табуы негізді болып табылады. Соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

Сонымен қатар, сот алқасы мына мән-жайларды да ескереді.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі -Жер кодексі) 43-бабының 2-тармағына сай жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi облыстардың, облыстық маңызы бар қалалардың (олардың әкімшілік бағынысына берілген аумақта), аудандардың жергiлiктi атқарушы органдары және кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi осы Кодексте белгiленген өздерінің құзыретi шегiнде жүзеге асырады.

Жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешім жер комиссиясының теріс қорытындысы негізінде жер комиссиясының хаттамалық шешіміне шағым жасау мерзімі өткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде қабылданады.

Департаменттің Жер кодекстің 48-бабының 1-тармағына сәйкес саудасаттықта (аукциондарда) сатуға ұсынылатын жер учаскелерінің тізбесіне енгізілгендерді қоспағанда, жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына бағбандық, сондай-ақ саяжай құрылысы үшiн - 0,12 гектар жеке меншікке тегін беріледі деп сілтеме жасауы негізсіз.

С[...] жеке меншік құқығында «Шымкент қаласы, «Бозарық-2» саяжайы бағбандық серіктестігі , Гипрозем көшесі, 2/7 мекен жайындағы кадастрлық №[...] ауданы 0,06 га жер учаскесі бар. Іске тіркелген құжаттарға қарағанда Шымкент қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 18 наурыздағы № 402 қаулысымен С[...] аталған жер учаскесінің нысаналы мақсаты «жеке тұрғын үй құрылысы үшін» болып өзгертілген.

С[...] болса осы жер уачскесіне қосымша жер учаскесін уақытша пайдалануға беруді сұраған.

Жауапкер жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешімін Жер кодексінің талаптарын сақтай отырып, өз құзіреті шеңберінде қабылдаған.

ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігінің 6) тармақшасына сай әкімшілік қалау - әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі болып табылады.

Осы кодекстің 11-бабына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жүзеге асыруға міндетті.

Әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік актіні қабылдау және (және) әкімшілік әрекетті жасау (әрекетсіздік таныту) осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келуге тиіс.

Дауланып отырған әкімшілік акт осы талаптарға сәйкес келеді.

Керісінше, Нұсқама және оны қабылдауға негіз болған тексеру актісі де жеткілікті түрде негізделмеген және айқын жазылмаған.

ӘРПК-нің 79-бабына сай әкімшілік акт заңды және негізделген болуға тиіс. Әкімшілік акт түсіну үшін анық болуға, бірізді қолдануды қамтамасыз етуге, оның күші қолданылатын адамдар қатарын толық айқындауға тиіс.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 тамыздағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 8 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға С[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ғ. Әлжанов

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.