№6001-24-00-6ап/2672
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 18 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып, талап қоюшының өкілі Н.З.Қабланның, жауапкердің өкілдері Э.К.Акпанованың, С.Нагматуллинаның
қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар Сания Нуржанқызы Жеңісбайдың, «Мультимед» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министірлігі Медициналық және фармацефтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) анықталған бұзушылықтарды жою, нұсқаманы заңсыз деп танып күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 шілдедегі қаулысына талап қоюшы «Мультимед» ЖШС-нің өкілі Г.Ж.Алимбекованың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Осы соттың 2024 жылғы 10 сәуірдегі ұйғарымымен талап қоюшылардың Департаментке талап қою арызы тексеру тағайындау туралы актіні, тексеру парағын, тексеру нәтижелері туралы актіні заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қою бөлігінде қайтарылған.
Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.
Талап қоюшы С.Н.Жеңісбайдың Департаментке анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап арызы қанағаттандырусыз қалдыру бөлігінде – күші жойылып, осы бөлігінде талап қою арызы қайтарылған.
Қалған бөлігінде сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Осы соттың 2024 жылғы 29 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, тиісті түрде хабарланған тараптардың сотқа келмеуі сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағым бойынша іс құжаттарын зерттеп, тараптардың пікірлерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, 2023 жылғы 8 қарашадан бастап 2023 жылғы 14 қарашаға дейінгі кезеңде С.В.Шитиковтың өтініші негізінде Департаментпен 2023 жылғы 6 қарашадағы №332 тексеруді тағайындау актісінің негізінде Серіктестікте жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
2023 жылғы 14 қарашадағы №332 тексеру нәтижелері туралы актіге сәйкес ақылы қызметтер көрсетуге үлгілік шарттар жасасусыз ақылы медициналық қызметтер көрсетілгені, Қарағанды қаласы, Мұқанова көшесі 26 мекенжайы бойынша орналасқан өндірістік базаға "Терапия", "Кәсіби жарамдылық сараптамасы" мамандықтары бойынша медициналық қызметке лицензияға қосымшаның жоқтығы, терапевт дәрігер С.Н.Жеңісбайдың "Терапия" мамандығы бойынша клиникалық практикаға жіберу үшін маман сертификатының болмауы анықталып көрсетілген. Анықталған бұзушылықтар бойынша Департаментпен 2023 жылғы 14 қарашадағы № 332 анықталған бұзушылықтарды жою туралы талап қоюшыға қатысты нұсқама шығарылған.
Тексеру нәтижелері туралы актімен және нұсқамамен келіспей «Мультимед» ЖШС «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне шағымданып, ол қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшылар анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы заңсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, тексеріс Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодекстің талаптары бойынша жүргізілгені және белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің Қарағанды облысы бойынша Басқармасында тіркелген.
Тексеру барысында «Мультимед» ЖШС-нің лицензияланатын қызмет түрлеріне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, сондай-ақ «терапия» мамандығы бойынша клиникалық тәжірибеге рұқсат беру маман сертификатының болмай жалпы тәжірибелік дәрігері С.Н.Жеңісбайды дәрігер-терапевт ретінде жұмыс істеуге рұқсат берілгені анықталған.
Бұл жағдайда Департамент өз құзыретінде және заң нормаларына сәйкес тексеріс жүргізген.
Сонымен қатар, апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, талап қоюшы С.Н.Жеңісбайдың атынан берілген талап арыз қайтарылуға жатады деп көрсеткен, себебі даулы нұсқаманың бақылау объектісі «Мультимед» ЖШС болып табылады.
Сондықтан, Департаментке нұсқаманы заңсыз деп тану және күшін жою туралы қойылған С.Н.Жеңісбайдың талабы АППК-нің 138-бабы екінші бөлігі 4) тармақшасына сәйкес қайтарылуға жатады, өйткені оның талап қоюға өкілеттілігі жоқ екені деп саналады.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге апелляциялық сот алқасымен тиісті құқық баға берілген, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Мультимед» ЖШС-нің өкілі Г.Ж.Алимбекованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Е. Өмірәлиев
Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
- Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.