Қ А У Л Ы
2026 жылғы 4 маусым №6003-26-00-2к/2204 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі С[...], жауапкер өкілі М[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер «Көкжыра» өндірістік кооперативіне (бұдан әрі - К[...]) мүліктік пайы мен жер үлестерінің 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін өсу құны туралы анықтаманы беруді жүктеу туралы электрондық азаматтық істі талап қоюшының Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 24 қарашадағы шешіміне және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 5 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны қайтыс болған жұбайының К[...] үлесі барымен негіздеген.
Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы сот шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
«Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 9-тармағына сай істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайы ешқандай да басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (мысалы, егер мәміленің нақты жағдайлары бойынша дау туындайтын болса, ол келісім-шартпен дәлелденеді).
Анықталғаны, талап қоюшының жұбайы 2020 жылғы 22 желтоқсанда қайтыс болған, ол заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік негізінде жұбайының мұрагері болып табылады.
Талап қоюшының жұбайы Р[...] қатысты еңбек кітапшасында ол 1996 жылғы 12 ақпаннан бастап Көкжыра ұжымдық шаруашылығының таратылып, «Көкжыра» өндірістік кооперативінің құрылуына байланысты кооперативке мүше болып, ветеринар-санитарлық жұмысқа қабылданды.
К[...] 1996 жылғы 13 наурызда уәкілетті органда тіркелген, кейіннен К[...] жаңа жарғысы бекітіліп, құрылтайшы келісім-шарт жасалып, 2010 жылғы 15 сәуірде қайта тіркеуден өткен. Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 3 мамырдағы шешімімен талап қоюшы М[...] жауапкер К[...] өскен пай мен жер үлесінің құнын анықтау туралы талап қоюы қанағаттандырылып, соңғыға Р[...] 1996 жылдың 12 ақпаннан бастап 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралығында кооператив пайдаланған мезгілде өскен пай мен жер үлесінің құнын анықтау туралы анықтаманы беру жүктелген. Осы сот шешімін орындау барысында К[...] өзінің иелігінде 113 101 гектар жер учаскесі тіркелгені, ол жер тек К[...] тиесілі екені, К[...] мүшелерінің атына тіркелмегені, қайтыс болған Р[...] ешқандай жер үлесі жоқ екендігі туралы жеке сот орындаушыға 2024 жылғы 20 тамызда анықтама берген. Талап қоюшымен ұсынылған Р[...] аты жазылған құжаттарда берілген күндері көрсетілмеген, онда «пай үлесі» деп көрсетілген деректер Р[...] қайтыс болғанға дейін сақталғанын растамайды, ал басқа құжаттарда берілген күндері және ол құжаттарда Р[...] қатысты мәліметтер көрсетілмеген.
Талап қоюшыға берілген заң бойынша мұраға құқық туралы куәлікте де нақты пай үлесі жазылмаған, талап қоюшы сотқа қайтыс болған жұбайы Р[...] атында ресми түрде дәлелденген жер және мүлік үлесі тіркелгені туралы анықтама ұсынған жоқ.
Бұл жағдайда жергілікті соттар талап қоюшының уәждерінің негізсіздігі туралы дұрыс қорытындыға келген, себебі ол уәждер сот отырыстарында өз дәлелін тапқан жоқ, тиісінше АПК-тің 72-бабына сәйкес тараптар өз уәждерін дәлелдеуге міндетті.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттармен заңды әрі негізді шешім шығарылған.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген,
шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сол себепті, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 24 қарашадағы шешімі және Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 5 наурыздағы қаулысы күшінде, талап қоюшы М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.