Қ А У Л Ы
2023 жылы 5 қазан 6001-23-00-6ап/207 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ш.Т.Даниярова, судьялар – Е.Ж.Өміралиев, Ғ.Ө. Әлжанов құрамында,
жауапкер өкілі Т[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Д[...] жауапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару әрекеттерін заңсыз деп тану және тұрғын үй кезегін қалпына келтіру туралы әкімшілік талап қою бойынша
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 тамызындағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 желтоқсаныңдағы қаулысына жауапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарастырып,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге аталған талап қоюмен жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің Д[...] тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару әрекеттерін заңсыз деп тану, «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Д[...] тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қайта алынып, тұрғын үй кезегі қалпына келтіру жайлы қаулы етілген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 желтоқсаныңдағы қаулысымен шешім өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Жауапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесі кассациялық шағымында жергілікті соттардын сот актілерімен келіспей, қарау барысында құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерін күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруын сұрайды.
Сот алқа отырысында жауапкер өкілі кассациялық шағымын қолдап, сот шешімдерді бұзуын сұраған уәждерін тыңдай келе, іс материалдарын зерттеп, шағымда келтірілген мән-жайларды тексеріп, сот алқасы келесідей тұжырымдарға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 168-бабының 1-бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге орын алмаған.
Бірінші сатыдағы соттың анықтағаны, талап қоюшы Д[...] 2019 жылғы 23 мамырдан бастап коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобының ішінде «толық емес отбасы» санаты бойынша кезекке тіркелген.
2022 жылғы 18 мамырда талап қоюшының www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы кезектен шығару туралы арызы түсуіне орай жауапкер талап қоюшыны кезектен шығарған.
Талап қоюшы веб-портал арқылы тұрғын үй қорына кезектен шығару туралы арызды жолдағанын веб-порталдағы батырманы қателесіп басқанын өзі білмегенімен, кейін өзінің кезегін көру кезінде кезектен шыққаны және веб-порталда арқылы арыз жолданғаны белгілі болғанымен түсіндірген.
ӘРПК-нің 7, 8, 10-бабтарында әкімшілік рәсімдердің заңдылық, әділдік, мөлшерлестік қағидаттары белгіленген.
Осы қағидаттар бойынша әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады; әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті; әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді, әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.
Жауапкер талап қоюшы Д[...] www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы кезектен шығару туралы арызын қараған кезде аталған қағидаттарды сақтамаған.
Атап айтқанда, жауапкер веб-портал арқылы түскен арыз бойынша істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге талап қоюшының құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етпеген, Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 73бабында көзделген осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және есепке қойылған толық емес отбасылар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарып тастауға жатпайтыны жайлы талапты сақтамаған және арыздың тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебiнен шығару үшін Заңда көзделген негіздерге сәйкестігін тексермеген. Талап қоюшы Д[...] www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы кезектен шығару туралы арызы оның ерік білдіруіне қайшы болғанын, оның веб-порталды тиісті деңгейде қолдана алмайтынын назарға алмаған.
ӘРПК-нің 129-бабының 2-бөлігінің 1-тармақшасына сай дәлелдеу ауыртпалығын дау айту жөніндегі талап қою бойынша - ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтереді.
Істі қарау барысында, жауапкер талап қоюшыны тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждардың кезегінен оның арызы негізінде шығарудың қандай да бір заң актілерінің немесе ереженің нормаларына негізделгенін дәлелдей алмады. Кассациялық шағымның уәждері материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, оларды негізсіз деп табады. Бірінші сатыдағы сотпен іс үшін елеулі маңызы бар мән-жайлар жан-жақты зерттеліп, оларға заң тұрғысынан дұрыс баға берілген, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылып, процестік құқық нормалары бұзылмаған. Жоғарыда көрсеткен негіздер бойынша, жергілікті соттардың актілері заңға сайкес қабылданған, бұзуға немесе өзгертуге негіз жоқ. АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасына сай, кассациялық сатыдағы сот бөтен адамдардың болуын және кеңес құпиясының жария етілуін болғызбайтын жағдайларда апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымын, қаулысын – күшінде, ал өтiнiшхатты немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдырады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы 2 бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 17 тамызындағы шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 желтоқсаныңдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Ш.Даниярова Е. Өміралиев
Судьялар
Ғ. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.