ВС РК - Постановление от 12.12.2023 по делу 6001-23-00-6ап/880 (Административное)

№6001-23-00-6ап/880

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 12 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев талап қоюшының өкілі С[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Ж[...]» шаруа қожалығы Х[...] Г[...] жауапкерлер Тасқала ауданының әкіміне, «Тасқала ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жер қатынастар бөлімі), «Н[...]» шаруа қожалығына Т[...] ауданының жер комиссиясының 2018 жылғы 15 тамыздағы №5/2 №5 лот бойынша хаттамасын, Тасқала ауданының әкімінің 2018 жылғы 23 тамыздағы №251 қаулысын, 2018 жылғы 24 тамыздағы № 96 жер учаскесін жалға алу туралы келісім шартын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қазандағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 ақпандағы қаулысына жауапкер «Н[...]» шаруа қожалығының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда ол 2022 жылдың шілде айында өзіне тиесілі жер учаскесінің солтүстік аумағында А[...] жұмыс жүргізіп жатқанын көріп, талап қоюшы одан бұл жердің өзіне тиесілі екенін айтып, босатуын талап еткенін. Кейін әкімдік жауабынан жер учаскесінің А[...] 2018 жылы берілгенін біліп, конкурсқа шығару кезінде 191 га жер учаскесінің бос болмағанын, өзінің пайдалануындағы 646 га жер учаскесімен беттесетінін көрсетіп, әкімшілік актілерді заңсыз деп тануды сұраған.

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қазандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Тасқала ауданының жер комиссиясының 2018 жылғы 15 тамыздағы №5/2 №5 лот бойынша хаттамасы, Тасқала ауданының әкімінің 2018 жылғы 23 тамыздағы №251 қаулысы, 2018 жылғы 24 тамыздағы № 96 жер учаскесін жалға алу туралы келісім шарты заңсыз деп танылған.

Жауапкер талап қоюшының бұзылған құқықтарын шешім заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде қалпына келтіруге міндеттелген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Осы соттың 2022 жылғы 22 қазандағы жеке ұйғарымымен аталған әкімшілік істі қарау барысында анықталған заң бұзушылықтар туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалына тиісті шаралар қабылдау үшін жолданған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Осы соттың 2023 жылғы 23 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, бірінші сатыдағы шешімі мен апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Тараптардың сот отырысына техникалық байланыс арқылы қатысуға рұқсат беру туралы өтінішхаттары қанағаттандырусыз қалдырылады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өтетіні туралы уақытылы хабарлама жолданған.

Сот алқасы тараптардың пікірлерімен тыңдап, кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК)169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген. Іс материалдарын анықталғандай, талап қоюшы «Ж[...]» ШҚ-на (жетекшісі Г[...]) Тасқала ауданы әкімінің 2001 жылғы 8 маусымдағы №8 қаулысымен шаруа қожалығын жүргізу үшін 49 жыл мерзімге кадастрлық номері [...], аумағы 646 га Батыс Қазақстан облысы, [...] аумағынан жер учаскесі уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берілген.

2018 жылғы 15 тамыздағы жер комиссиясының № 5/2 хаттамалық шешіміне сәйкес Мерей ауылдық округі жерлерінен №5 лот бойынша ұтып алған «Н[...]» ШҚ–на (жетекшісі А[...]) Тасқала ауданы әкімінің 2018 жылғы 23 тамыздағы № 251 қаулысымен жалпы көлемі 191,0 га (қадастрлық нөмірі [...]) жайылым жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану (жалдау) құқығымен 10 жыл мерзімге берілген. «Н[...]» ШҚ жетекшісі А[...] пен Жер қатынастары бөлімі арасында 2018 жылғы 24 тамызында № 96 жер учаскесін жалға алу келісімшарты жасалған.

Талап қоюшы «Н[...]» шаруа қожалығына қатысты әкімшілік актімен келіспей, сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, талап қоюды ішінара қанағаттандырып, жер комиссияның конкурс нәтижесінде талап қоюшының құқығы бұзылғанын анықтап, талап қоюшы Г[...] пайдалануындағы 646 га жер учаскесімен А[...] берілген 191 га жер учаскесі беттестірілетінін анықтаған.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні пікірде келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 122-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, сот шығыстарын бөлу жөніндегі мәселелер АПК-нің қағидалары бойынша қаралады.

АПК-нің 113-бабының бірінші бөлігіне сай, сот пайдасына шешім шығарылған тараптың өтінішхаты бойынша процеске қатысқан және осы тараппен еңбек қатынастарында тұрмаған өкілдің (бірнеше өкілдің) көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарын тараптың іс жүзінде жұмсаған шығыстары мөлшерінде басқа тараптан алып береді. Мүліктік талаптар бойынша осы шығыстардың жалпы сомасы талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің он пайызынан аспауға тиіс. Мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша шығыстар сомасы ақылға қонымды шектерде өндіріліп алынады, бірақ ол үш жүз айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.

Жоғарыдағы процестік құқық нормасына сәйкес талап қоюшының арызы қанағаттандырылып, жауапкер «Н[...]» шаруа қожалығынан (жетекшісі А[...]) талап қоюшы «Ж[...]» шаруа қожалығының (жетекшісі Г[...]) пайдасына 316 302 теңге (200 000 теңге өкілдік шығыны, 116 302 теңге жол шығыны) сот шығындары өндіріп алуға жатады.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 қазандағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Н[...]» шаруа қожалығынан талап қоюшы «Ж[...]» шаруа қожалығы Х[...] Г[...] пайдасына 316 302 (үш жүз он алты мың үш жүз екі) теңге сот шығындары өндірілсін. Жауапкер «Н[...]» шаруа қожалығының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.