6001-24-00-6ап/2808
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 5 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,
жауапкер өкілдері Е.З.Зұлқарнаевтың Д.С.Абдибековтің қатысуларымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мәжіліс залында талап қоюшы Александр Константинович Тарахановтың жауапкерлер Сырдария ауданының әкіміне, «Сырдария аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қаулыны заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 3 мамырдағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 тамыздағы қаулысына жауапкер Сырдария ауданы әкімінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А.С.Тараханов жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, негіздемесінде 2012 жылғы 11 сәуірден тұрғын үй кезегінде тұрғанын, алайда 2023 жылы ешбір негіссіз кезектіліктен шығарылып тасталғанын көрсете келе, І-топ мүгедек екенін, тұрғын үйге мұқтаж екенін, өзінің атында ешқандай тұрғын үй тіркелмегенін, бүгінгі күнде таныстарының үйінде уақытша тұратынын көрсеткен.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 3 мамырдағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.
Қызылорда облысы, Сырдария ауданы әкімінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы №531 тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару туралы қаулысының А.Тарахановқа қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
«Сырдария аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің А.Тарахановты 2023 жылдың 4 қаңтарынан бастап «Халықты әлеуметтік жағынан осал топтары 1 және 2 топ мүгедегі бар» санаты бойынша №155 кезектілігіне тіркеуінің күші жойылып, А.Тарахановтың 2012 жылғы 11 сәуірінен №62 тіркелген тұрғын үй кезектілігін қалпына келтіру міндеттелген.
Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған. Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 тамыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы, жауапкер өкілдері Е.З.Зұлқарнаевтың және Д.С.Абдибековтің кассациялық шағым уәждерін қолдаған түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 68-бабының 2) тармақшасы бойынша «бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар» халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жатады.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, А.Тараханов 2012 жылғы 11 сәуірінен бастап мемлекеттік тұрғын үй кезегінде І-топ мүгедегі ретінде №62 реттік санымен тіркелген.
Сырдария ауданы әкімінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы №531 мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару туралы қаулысы негізінде А.Тараханов тұрғын үй кезектілігінен шығарылған.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап А.Тараханов мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары 1 және 2 топ мүгедегі бар» санаты бойынша №155 реттік санымен кезектілікке қайта алынған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда жауапкерлер тарапынан қолданыстағы заңнама талаптары сақталмағанын, яғни А.Тарахановты тұрғын үй кезектілігінен шығару барысында талап қоюшының құқықтары бұзылған деген тұжырымға келген.
Сот алқасы, жергілікті соттардың талап қоюшы А.Тарахановтың талап арызы қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымы ӘРПК-нің 8-бабына, яғни әділдік қағидатына сай келеді деп санайды.
Заңның 73-бабының 1-тармағында азаматтарды тұрғынжайға мұқтаждар есебінен шығару негіздері көзделгенімен жауапкердің даулы қаулыны қабылдау барысында А.Тарахановты тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығаруға негіздер болмағанына назар аудармаған және сотқа даулы қаулыны қабылдауға негіз болған тұрғын үй комиссиясы мәжілісінің хаттамасы ұсынылмаған, тұрғын үй кезектілігінен шығару жөнінде А.Тарахановпен жазбаша өтініш берілмеген.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп сот алқасы есептейді, себебі жергілікті соттармен талап қоюшы Д А.Тарахановтың 1- топтағы мүгедек екені, осы уақытқа дейін меншік құқығында баспанасы жоқ екендігі ескерілген.
Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы жауапкердің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 3 мамырдағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 тамыздағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын. Жауапкер Сырдария ауданының әкімінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Дуйсенбаев Г.Б.
Нұрбаев Г.К.
Өмірәлиев Е.Ж.
Көшірмесі дұрыс. Судья
Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.