ҚАУЛЫ
2025 жылғы 10 сәуір 6001-24-00-6ап/2891 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
талап қоюшының өкілі Н.А. Есмаганбетованың,
жауапкер және мүдделі тұлға «Ақтөбе қаласы жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Жер қатынастары бөлімі) өкілі Ж.М.Кабыловтың қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Алмас Женисович Сарсенгалиевтың жауапкер Ақтөбе қаласы әкіміне (бұдан әрі – әкім) қаулысын даулау туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 5 наурыздағы шешіміне, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 5 наурыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер және мүдделі тұлға Жер қатынастары бөлімінің өкілінің кассациялық шағымға қарсы болған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда әкімнің 2016 жылғы 21 қазандағы №4463 қаулысымен А.Ж. Сарсенгалиевке «Ақшат-2» тұрғын массивіндегі жалпы көлемі 1016 шаршы метр жер учаскесі жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалануға берілген.
Талап қоюшы 2017 жылғы 2 ақпанда жер актісін рәсімдеп, уақытша жер пайдалану құқығын тіркеген.
Әкімінің 2019 жылғы 11 наурыздағы №1043 қаулысымен жер учаскесін беру мерзімі 2 жылға, 2021 жылғы 28 мамырдағы №2536 қаулысымен тағы 3 жыл мерзімге ұзартылған.
А.Ж. Сарсенгалиев берілген жер учаскесін «Бауырластар-4» тұрғын массивіндегі жерге ауыстыруды сұрап, қала әкіміне арызданған.
Оның арызы 2022 жылғы 9 қарашада қалалық жер комиссиясының отырысында қаралып, оң қорытынды қабылданған.
Жер қатынастары бөлімінің 2022 жылғы 19 желтоқсандағы №1909 бұйрығымен жерге орналастыру жобасы бекітілген.
Алайда, әкімнің 2023 жылғы 14 қыркүйектегі №3934 қаулысымен жер учаскесіне құқық беруден бас тартылған.
Бұл қаулымен келіспеген А.Ж. Сарсенгалиев жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 18бабының 1) тармақшасына сәйкес осы Кодекстiң 13, 16 және 19-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының қала шекарасының (шегi) шебiнде және оның әкiмшiлiк бағыныстылығына берiлген аумақта жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыретiне жатады.
Сотта анықталғандай, кезекте тұрғандарға «Ақшат» тұрғын массивіндегі жерлер 2016 жылдан бастап, ал «Бауырластар» тұрғын үй массивіндегі жерлер 2018 жылдан бастап берілген.
«Ақшат» тұрғын массивінде газбен, электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілген.
Осыған байланысты соттар жауапкердің жер беруден бас тарту туралы шешімі жергілікті атқарушы органның өз құзыреті шегінде және заң талаптарына сәйкес қабылдаған деп санайды. ӘРПК-нің 11-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде жүзеге асыруға міндетті.
Әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік актіні қабылдау және (және) әкімшілік әрекетті жасау (әрекетсіздік таныту) осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келуге тиіс.
ӘРПК-нің 4-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында әкімшілік қалау ұғымы – әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі деген мағынада көрсетілген. Сонымен қатар, ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.
Осы іс бойынша Әкім әкімшілік қалауын және ӘРПК-нің 7-бабында көзделген заңдылық қағидатын дұрыс пайдаланған, оның талап қоюшыға жер учаскесін ауыстырып беруге міндеті болмаған деген сотының уәждерін сот алқасы дұрыс деп санайды.
Соттардың басқа да келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 5 наурыздағы шешімі, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Алмас Женисович Сарсенгалиевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.