ҚАУЛЫ
2025 жылғы 24 желтоқсан №6003-25-00-4к/409 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші - судья Д. Әбдіғалиев,
судьялар Г. Ыдырысова, Д. Нұрлыбаева болып,
талап қоюшының өкілі Н. Мусақұловтың, мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Комитет) өкілі Е.Галимжановтың қатысуымен
ашық сот отырысында талап қоюшы «SANRISE CY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік) жауапкер «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) іс - әрекеттерін заңсыз деп тану, 2024 жылғы 23 қазандағы №186 бұйрықтың күшін жою және әкімшілік рәсімдерді тоқтатуды міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағыммен түскен әкімшілік істі қарап, АНЫҚТАДЫ:
Серіктестік жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Басқарманың іс - әрекеттері заңсыз деп танылып, Серіктестіктің Шымкент қаласы, Байтұрсынов көшесі, №12/2 мекен-жайға «Студенттер, магистранттар және докторанттарға арналған жатақхана» құрылысына әзірленген 2023 жылғы 2 тамыздағы сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен 2023 жылғы 27 маусымдағы эскиздік жобасының күшін жою туралы 2024 жылғы 23 қазандағы №186 бұйрығының күші жойылған.
Басқармаға Серіктестіктің «Студенттер, магистранттар және докторанттарға арналған жатақхана» құрылысына әзірленген 2023 жылғы 2 тамыздағы сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен 2023 жылғы 27 маусымдағы эскиздік жобасының күшін жою туралы әкімшілік рәсімді тоқтату міндеттелген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы шешімінің, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысының күшін жойып, талап қоюшының талабын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.
Кассациялық сот тараптардың түсініктемелерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі - АПК) көзделген қағидалармен айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс материалдарынан анықталғандай, Серіктестікке Шымкент қаласы, А.Байтұрсынов көшесі, №12/2 мекенжайында орналасқан, кадастрлық №22328-015-207 санды көлемі 0,6225 га жер учаскесі меншік құқығымен тиесілі.
Басқарма 2022 жылғы 22 маусымда Серіктестікке өз жер учаскесіне «Студенттер, магистранттар және докторанттарға арналған жатахана» құрылысына жобалауға арналған № KZ13VUA00688836 сәулет-жоспарлау тапсырмасын (әрі қарай - СЖТ) беріп, оны бекіткен. 2024 жылы СЖТ өзгеріс енгізіліп, 2024 жылғы 2 тамызда №KZ78UA01194297 жаңа СЖТ берілген.
2023 жылғы 27 маусымда Басқарма №KZ93SEP00748322 эскизі (эскиздік жоба) келісілген.
Жатақхана құрылысының жұмыс жобасы бойынша 2023 жылғы 29 маусымдағы №Shyme-0102/23 сараптаманың оң қорытындысы алынған.
2023 жылғы 6 қыркүйекте «Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне құрылыстың басталғаны туралы хабарлама берілген.
2024 жылғы 27 тамызда объектіні пайдалануға қабылдау туралы актімен жатахана объектісі пайдалануға қабылданып, осы күнмен №428 қабылдау актісі Басқарманың актісімен есепке алынған.
Осы қабылдау актісі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы «Құрылыс Сервис - 2014» ЖШС-нің директоры С.Аманқұлов (техникалық қадағалау), орындалған жұмыстардың жобаға сәйкес екендігі туралы «Асад - ЛТД» ЖШС-нің директоры Ә.Ақжолов (авторлық қадағалау) және мердirер (бас мердirер) «KKS Construction group» ЖШС-нің директоры К.Альжановтың объект бекітілген (жобалау-сметалық құжаттамаға) және сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес салынғандығы туралы қорытынды беріп, объектіні қабылдау туралы шешім қабылданған.
2024 жылғы 28 тамызда объектіні қабылдау актісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент филиалына тіркелген.
2024 жылғы 24 қазанда Басқарма Комитеттің бұзушылықтарды жою туралы 2024 жылғы 29 тамыздағы №25 нұсқамасының негізінде жатақхана құрылысы үшін әзірленген 2023 жылғы 2 тамыздағы СЖТ және 2023 жылғы 27 маусымдағы эскиздік жобаның күшін жою туралы №186 бұйрық шығарған. Серіктестік Бұйрықпен келіспей, сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдаған кезде төмендегі мән-жайларды ескергені негізді.
Жатақхана құрылысы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығымен бекітілген «Құрылыс саласында құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларының» (бұдан әрі - Қағидалар) 22-тармағына сәйкес құрылыс жөніндегі жобаларды іске асыру жер учаскесіне тиісті құқық негізінде жүзеге асырылғандығымен негіздеген.
Аталған Қағидаларға сай, нысанның эскиздік жобасына бастапқыда 2023 жылғы 27 маусымда келісім берілген және эскизді бекіту бұйрығының заңсыздығы анықталмаған.
Қағидалардың 47-тармағына сәйкес «Эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу» мемлекеттік көрсетілетін қызметті Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың ЖАО жүзеге асырады.
Қағидалардың 52, 53-тармақтарына сәйкес өтінішті және қоса берілген эскизді (эскиздік жобаны) тіркеуден өткізгеннен кейін көрсетілетін қызметті беруші құжаттарды алған сәттен бастап 2 жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.
Өтініш беруші құжаттардың толық емес топтамасын ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды дайындайды және оны көрсетілетін қызметті берушінің ЭЦҚ-сымен қол қойылған электрондық құжат нысанында өтініш берушінің «жеке кабинетіне» жолдайды.
Ұсынылған құжаттар толық болған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші қоса берілген құжаттарды қарап, өтініш берушінің және (немесе) 2- мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкестігіне қарайды. Демек, көрсетілетін қызметті беруші талап қоюшы тарапынан берілген құжаттарды толық тексеріп, оның ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығына сәйкес екендігін, тексеру барысында қандай да бір кемшіліктер бар екендігі анықталмағандықтан, оған өзінің келісім бергендігі істі қарау барысында толық бекітілген.
2021 жылғы 5 наурыздағы Білім және Ғылым министрлігі, Қаржы орталығы АҚ-ның арасындағы үш жақты жасалған Студенттер, магистранттар және докторанттарды жатақханадан жаңадан енгізілген орындармен қамтамасыз ету туралы алдын ала келісім-шарт негізінде Серіктестіктің өзіне меншік құқығымен тиесілі Шымкент қаласы, Байтұрсынов көшесі, 12/2 мекенжайдағы кадастрлық № 22-328-015-207, нысаналық мақсаты «Бизнес, сауда орталығы және құрылыстар мен ғимараттар үшін» белгіленген жер учаскесіне студенттер, магистранттар және докторанттарға арналған жатақхана құрылысының жобасын әзірлеуге «Асад-LTD» ЖШС-мен 2023 жылғы 12 қаңтарда келісім-шарт жасалған, оның негізінде Серіктестіктің әзірлеген эскиздік жобасын 2023 жылғы 22 маусымда KZ93SEP00748322 өтінішпен Басқармаға келісуге жолдаған.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымын талап қоюшы Заң талаптарына сәйкес жатақхана құрылысын салу барысында барлық уәкілетті органдардан рұқсат алғандығы және олардың келісімі болғандығымен негіздеген.
Жатақхана қабылдау актісімен қабылдап алынған, бүгінгі таңда студенттер осы жатақханада тұрып жатыр.
ӘРПК-нің 72, 73-баптарына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін шаралар қабылдауға міндетті.
Жауапкер талап қоюшыға тыңдау өткізілетіні туралы хабарлама жібермеген, тыңдау хаттамасы жоқ. Тиісінше, жауапкер істің нақты мәнжайларын зерттемеген, ал талап қоюшыға хабарлама тек формальді түрде берілген.
ӘРПК-нің 74-бабының талаптарын бұза отырып, талап қоюшыға тыңдау хаттамасымен танысу және тыңдау хаттамасына ескерту беру мүмкіндігі қамтамасыз етілмеген.
ӘРПК-нің 6-бабының төртінші бөлігіне сәйкес әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады.
Әкімшілік рәсімнің анықталған бұзушылықтарына байланысты апелляциялық сатыдғы сот жеке ұйғарым шығарған. Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
Жергілікті соттар қабылдаған шешімнің негіздері мен уәждерін қолдануға жататын заңның нақты нормаларын келтіре отырып, егжей-тегжейлі баяндаған.
Соттардың қорытындылары іс бойынша белгіленген мән-жайлар мен заң талаптарына сәйкес келеді және істе бар дәлелдемелермен расталады, сондайақ әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарына қойылатын талаптарға жауап береді.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланып отырған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа уәждер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.
Мұндай жағдайда жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова
Д. Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.