КСАД РК - Постановление от 11.11.2025 по делу 6003-25-00-4к/1806 (Административное)

ҚАУЛЫ № 4к/1806

11 қараша 2025 жыл Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі Кассациялық соты, төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев, судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева құрамында,

талап қоюшы Г.Б.Малдыбаева, талап қоюшының өкілі М.М.Ахметовтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында Гулжан Баженовна Малдыбаеваның (әрі қарай - талап қоюшы, борышкер) Түркістан облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Кудакелди Едилович Култановтың (әрі қарай – жауапкер-1):

  • атқарушылық іс қозғап жүргізген орындау әрекетін заңсыз деп тану туралы; -2024 жылғы 07 қарашадағы 523 248,9 теңге мөлшеріндегі жеке сот орындаушының қызметіне ақы төлеу туралы хабарламасын заңсыз деп танып, күшін жою туралы;

  • 2024 жылғы 06 қарашадағы атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы;

  • -2024 жылғы 21 қарашадағы Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы;

-2024 жылғы 07 қарашадағы борышкердің банктегі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы жөнінде ақпарат алып, оған тыйым салу туралы;

-2024 жылғы 27 қарашадағы жалақыдан жəне өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алу туралы;

  • 2024 жылғы 20 қарашадағы №А-11004, 2025 жылғы 25 ақпандағы: №А-14635, №А-14637, №А-14638, №А-14639 инкассалық өкімдерін заңсыз деп тану туралы;

  • 2024 жылғы 07 қарашадағы борышкердiң белгiлi бiр əрекеттер жасауына тыйым салу туралы;

  • 2024 жылғы 07 қарашадағы мүлікке тыйым салу (жылжымалы мүлік) жөніндегі қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы,

Түркістан облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Е.Турлыбековтің (әрі қарай – жауапкер-2):

  • орыс тілінде атқарушылық іс жүргізу әрекетін заңсыз деп тану туралы;

  • 2024 жылғы 06 қарашадағы орыс тілінде атқарушылық іс жүргізуді қозғау жөніндегі қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы;

  • 2024 жылғы 14 ақпандағы Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы,

  • 2024 жылғы 14 ақпандағы борышкердің банктегі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы жөнінде ақпарат алып, оған тыйым салу туралы;

  • 2024 жылғы 14 ақпандағы борышкердiң белгiлi бiр əрекеттер жасауына тыйым салу туралы;

  • 2024 жылғы 14 ақпандағы мүлікке тыйым салу туралы екі қаулысын заңсыз деп танып, олардың күшін жою туралы талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,

ол бойынша Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешіміне, Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы сотқа арыз түсіріп, онда екі жауапкерге қатысты жоғарыдағы талаптарымен жүгінген, яғни олардың әрекеттерін және шығарған кейбір әкімшілік актілерінің заңдылығын даулаған. Оның пікірінше, Сарыағаш аудандық соты азаматтық процестік кодексінің кейбір талаптарын бұзып, атқарушылық құжатқа сәйкес келмейтін екі атқару парағын толтырған, алайда жауапкерлер атқарушылық iс жүргiзу заңдылығының талаптарын басшылыққа алмаған, сөйтіп атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығармаған.

Іс бойынша мүдделі тұлғалар ретінде ерлі-зайыпты зейнеткерлер Танирберген Пазилов пен Гулдар Пазилова тартылған (әрі қарай – өндіріп алушылар).

Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімімен, әрі оны өзгеріссіз қалдырған екінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысымен, аталған талап қоюды қанағаттандырудан толығымен бас тартылған.

Осы шығарылған сот актілерімен келіспеген талап қоюшы, өзінің сенімхат бойынша өкілдері арқылы кассациялық шағым беріп, төменгі сатыдағы соттардың шешімі мен қаулысының күшін жойып, талапты қарау үшін бірінші сатыдағы соттың басқа құрамына жолдауды сұраған.

Негізгі сот актісінен тыс, бірінші сатыдағы сот, жауапкер, жеке сот орындаушы Е.С.Турлыбековке қатысты жеке ұйғарым шығарып, оған Түркістан облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшылығының назарын аударған. Бұл жеке ұйғарымды апелляциялық сот қолдаған. Алайда, тараптардың ешқайсысы осы сот актісіне кассациялық тәртіппен шағымданбаған, сондықтан ол қазір жеке бағалауға жатпайды.

Іс бойынша танылған жауапкерлер мен тартылған мүдделі тұлғалар кассациялық соттың отырысына келмеді, істі кейінге шегеруді сұрамады. Мұндай жағдайда, кассациялық сот істі олардың қатысуынсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды және бұл тұжырым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 115 бабы бірінші бөлігіне қайшы келмейді.

Талап қоюшы тарапының берген түсініктерін тыңдап, даудың мән-жайын зерттеп, шағым мен оған қарсы пікірдің уәждерін тексеріп, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Мұндай мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.

ӘРПК 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

Қазіргі таңда, қаралып отырған іс бойынша төменгі соттардың тарапынан қалпына келтірілуге жататын талап қоюшының бұрын бұзылған құқықтары немесе шектелген бостандықтары мен заңды мүдделері жөнінде деректер табылмады.

Туындаған дауды қарау барысында анықталғаны, Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2024 жылғы 19 маусымдағы шешімімен талап қоюшыдан мүдделі тұлғалардың әрқайсысының пайдасына 3 453 789 теңгеден өндірілген, осыған орай сол жылғы 29 қазанда толтырылған №5154-24-002/410-1 және №5154-24-00-2/410-2 өндіру парақтарын өндіріп алушылар жеке дара алып, оларды орындауға екі жауапкерге бөлек жолдаған.

Жауапкер-1 ( жеке сот орындаушы К.Е.Култанов) 2024 жылғы 06 қарашада атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулы қабылдап, сол жылғы 08 қарашада өндіріп алушы Г.Пазиловамен арада атқару құжатты орындау тәртібі мен шарттары туралы келісім жасап, атқару мерзімін 24 айға ұзартуды өзара келіскен. Сөйтіп 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы ақпан аралығында талап қоюшыға қатысты мүлікке және шоттарға тыйым салу, инкассалық тапсырыс, еңбекақыдан ұстау, шығуға шектеу қою туралы бірнеше мәжбүрлеу шараларын қолданып, кейіннен атқарушылық іс жүргізуді тоқтатқан.

Жауапкер-2 (жеке сот орындаушы Е.С.Турлыбеков) те заңмен көзделген іс-әрекеттерді атқарған, алайда, оның барысында кейбір заң талаптарын сақтамаған. Яғни, оның тарапрынан атқарушылық өндірістің тілін бұзу, борышкерді уақтылы хабардар етпеу, іс жүргізу тоқтап тұрған кезеңде шаралар қолдану, қажетті құжаттарды АІС-бағдарламасына енгізбеу сияқты кемшіліктер орын алған.

Бұл тұста атқарушылық өндірістің тілін бұзуға қатысты ескерер жағдай, талап қоюшы және оның өкілі атқарушылық іс жүргізу өндірісінің орыс тілінде қабылданғаны жайында 2024 жылдың қараша айынан бастап білген, алайда ол тілді білмейтіндіктері, сондықтан аудармашы тарту қажеттілігі туралы, тіптен қаулыны қазақшалау жөнінде Заңның 22-бабы 1- тармағында көзделгендей қандай да бір өтініш бермеген, шағым айтпаған.

Осы орайда аталған жауапкерге қатысты соттың жеке ұйғарым шығарғаны, ол бойынша тиісті шара қолдану керектігі жөнінде белгілі болды. Мұндай жағдайда талап қою иесінің уәждерін соттардың негізсіз деп тануы заңға қайшы келмейді, өйткені, мазмұны бойынша жалпы дұрыс қабылданған әкімшілік акті тек формалды себептермен заңсыз деп табылмауы тиіс.

Төменгі соттар жалпы, дауды шешу барысында зерттелген дәлелдемелерге қажетті құқықтық баға бере келе, талап қоюшының талаптарымен толықтай келіспеген.

Мұндай шешімдерді кассациялық сот негізді деп санайды.

Жауапкерлер, өздерінің іс-әрекекттерін атқару барысында «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (әрі қарай - Заң) қолдануға тиісті нормаларын дұрыс басшылыққа ала білген, әрі оның талап шеңберінен шықпаған. Олар, өз тарапынан атқарушылық іс жүргізу қозғалғаннан кейін бірқатар атқарылуға тиісті атқарушылық іс-шараларды жүзеге асырған, оның ішінде мәжбүрлеп орындату шараларын дұрыс қолдана білген.

АПК-ның 21-бабы 2, 3-бөліктерінің мазмұны мен сипатынан туындайтыны, заңды күшіне енген сот актілері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады, ал сот актілерін орындамау, сол сияқты сотты құрметтемеудің өзге де көрінісі заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. Құқықты теріс пайдалану талап қоюдан бас тартуға негіз болады.

Қаралып отырған жағдайда, талап қоюшы тарапынан, борышкер ретінде сот шешімін орындаудан жалтару әрекеті байқалады, ал Заңның 16-бабының 2- тармағына сәйкес, атқарушылық іс жүргізу тараптары өздеріне берілген барлық құқықтарды адал пайдалануға, сондай-ақ осы Заңның талаптарын орындауға міндетті.

Жалпы дауды жан-жақты зерттеп, дұрыс шеше білген төменгі сатыдағы соттар заң шеңберінде әрекет етіп, заңдылық талаптарын сақтаған. Сонымен қатар талап қоюшы тарапының әрбір уәждеріне тиісті құқықтық баға бере білген. Ол туралы қабылданған сот актілерінде тиянақты баяндалған, сондықтан қайтара қайталап көрсетудің қажеттілігі жоқ.

ӘРПК-тің 155-бабының 4-бөлігіне сәйкес сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартатыны көзделген.

Соттардың талапты қанағаттандырмауы істегі дәлелдермен келісіледі.

Мұндай жағдайда іс бойынша қабылданған сот актілерін бұзуға немесе өзгертуге ешбір негіз жоқ. Кассациялық шағымның уәждері бұрын сот зерттеуінен өтіп, тиісті бағасын ала білген, оның үстіне олар шағымға берілген қарсы пікірдің уәждерімен теріске шығарылған және мұндай тұжырымдар кассациялық сот тарапынан қолдау табады.

Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен кассациялық сотқа қазіргі кезде де ұсынылмады.

Осы себептерді ескеріп, кассациялық сот іс бойынша шығарылған сот актілерін өзгеріссіз, ал талап қоюшының кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдыру қажет деп табады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша шығарылған Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімі, Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысы – күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы - қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е.М. Нұралиев

Судьялар

Л.С. Кудекова

Ш.С. Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.