ВС РК - Постановление от 11.05.2022 по делу 6001-22-00-3гп/146 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/146

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 11 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Б.Ж.Тоқтарова, Т.А.Ибрашев,

талап қоюшы У[...], жауапкерлер Ж[...], Б[...] өкілі У[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы У[...] жауапкерлер Ж[...], Ж[...], Б[...] соманы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Б[...] өкілі У[...] өтінішхатымен түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

У[...] сотқа жоғарыда аталған талап қою арызымен жүгініп, уәждерінде өзінің меншігіндегі пәтері мен жер учаскесін сатып, депозитіндегі және тағы да басқа қаражатын жауапкерлерге бергенін көрсеткен.

Осы ақшаға жауапкерлер жер учаскесін сатып алып, Алматы облысы, [...] нөмірсіз, жалпы алаңы 212 шаршы метр, бес бөлмелі үй (бұдан әрі - даулы үй) салған.

Тараптар аталған үйде бір жарым жылдан астам бірге тұрған. Кейін 2017 жылдың тамыз айында жауапкерлер У[...] жұбайымен бірге осы үйден қуып шыққан.

Даулы үйді салу үшін ақшалай көмек бергенімен негіздеп, жауапкерлерден 20 000 000 теңге өндіруді сұраған. Алматы облысының Қарасай аудандық сотының 2021 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен талап қою арыз қанағаттандырусыз қалдырылған. Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертіліп, талап қою арызды ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Талап қоюшы У[...] пайдасына жауапкерлер Ж[...] пен Б[...] 20 000 000 теңге өндірілген.

Ж[...] қатысты талап арызды қанағаттандырудан бас тарту бөлігінде өзгеріссіз қалдырылған.

Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Өтінішхатта арыз беруші іс бойынша қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, оның тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, оның күшін жойып, бірінші сатыдығы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот алқасы өтінішхат уәждерін қолдаған У[...], оны қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған У[...] пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат келесі негіздер бойынша ішінара қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотпен жол берілген.

Бірінші сатыдағы сот талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымын талап қоюшымен жауапкерлерге қандай-да бір қаржылай көмек бергенін растайтын нақты дәлелдемелер келтірмегенімен негіздеген. Бұл тұжырыммен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот, керісінше, талап арызды қанағаттандырып, У[...] пайдасына сұраған 20 000 000 теңгесін өндірген.

Талап қоюшының меншігінде Алматы қаласындағы бір бөлмелі пәтердің, Алматы облысының, Іле ауданында, көлемі 5 гектар суармалы жер учаскесінің, 3 524 275 теңге мөлшерінде депозиттің даулы үй салынғанға дейін болуы - тараптармен дауланбайды, іс материалдарымен толық дәлелденген және сот алқасында күмән тудырмайды.

Бұл 2016 жылдың қаңтарынан бастап 2017 жылдың тамызына дейін даулы үйде тараптардың бірге тұру фактісімен нақты анықталған.

Апелляциялық сатыдағы сот, талап қоюшы ұсынған жылжымайтын мүлік объектілерінің бар екендігі туралы дәлелдемелерді, даулы үй салынғанға дейін де, салынған кезеңде де оларды сатқаны, оның сол уақытта банк шотынан ақша алуы, тараптардың туыстық қатынастары, олардың бірге тұру фактісі, жауапкерлерде үй құрылысына қандай да бір ақша қаражатының бар екендігі жөнінде дәлелдемелердің болмауын жиынтығында, объективті түрде бағалап, талапты қанағаттандыру туралы дұрыс қорытындыға келген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 4-тармағына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс.

Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды. Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы көзделедi.

Апелляциялық сатыдағы соттың шешімі азаматтық құқықтық қатынастарға қатысушылардың өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал және әділ әрекет жасауы жөніндегі азаматтық заңның осы ережелеріне сәйкес келеді.

Сонымен бірге, У[...] талаптарын толық көлемде қанағаттандыра отырып, сот талап қоюшы есептерінің объективтілігі мен дұрыстығын, сондай-ақ олардың құжаттық негіздемесін мүлдем тексермеген.

Талап арыздың мазмұнына сәйкес У[...] даулы үй құрылысына жұмсалған өз шығындарын 45 489 621 теңге мөлшерінде бағалаған.

Бұл ретте жауапкер Б[...] оның қызы болғандықтан, сондай-ақ үлкен мөлшерде мемлекеттік баж төлеуге мүмкіндігі жоқтығына байланысты ол өзінің талап арызын 20 000 000 теңгеге дейін төмендеткен.

АПК-нің 68-бабының 1-бөлігінде әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс екендігі көзделген.

Апелляциялық сатыдағы соттың жоғарыда көрсетілген соманы өндіріп алу туралы шешімі заңның осы талаптарына сәйкес келмейді.

  • Сот алқасы талап қоюшыда құжаттармен расталған сомалар ғана іс

  • бойынша дәлелденген деп санайды.

Олардың қатарына мыналар жатады:

  • 2015 жылғы 8 қаңтардағы бір бөлмелі пәтерді сатып алу-сату шарты

  • бойынша Р[...] алынған 4 575 000 теңге;

  • 2015 жылғы 9 шілдедегі жер учаскесін сатып алу-сату шарты бойынша

  • Т[...] алынған 500 000 теңге;

  • 2015 жылғы 15 қыркүйектегі жер учаскесін сатып алу-сату шарты

  • бойынша Б[...] алынған 700 000 теңге;

    • талап қоюшының депозиттік шотынан алған 909 000 теңге;
  • талап қоюшының 2015 жылғы 2 желтоқсандағы банктік заем туралы

  • шарт бойынша алған 642 000 теңге несиесі;

  • талап қоюшының жұбайы У[...] зейнетақы жинақтарынан

  • алынған 700 000 теңге.

Р[...] және Т[...] олармен басқа сомаларды АҚШ долларымен төлегені туралы түсініктемелерін сот алқасы жарамсыз деп санайды және тек нотариалды куәландырылған шарттарда көрсетілген нақты сомаларды назарға алады.

Сонымен, талап қоюшының даулы үй құрылысына жұмсалған және расталған шығындарының оның пайдасына өндірілетін жалпы сомасы 8 026 000 теңгені құрайды.

Сот алқасы У[...] пайдасына өндіріп алынған соманы

көрсетілген мөлшерге дейін төмендетіп, дау айтылған сот актісін өзгерту қажет деп санайды.

АПК-нің 109-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот, өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығыстар талап қоюшыға – талап қою талаптарының сот қанағаттандырған мөлшеріне пропорционалды, ал жауапкерге талап қоюшының талап қою талаптарынан бас тартылған бөлікке пропорционалды түрде алып беріледі.

Өз кезегінде, заңның аталған талаптарына сәйкес Ж.Т.Б[...].У[...] пайдасына өндірілген мемлекеттік баж 8 026 000 теңгенің 1 пайызынан айқындалған мөлшерде 80 260 теңгеге дейін төмендетілуге жатады.

Тиісінше, У[...] Б[...] пайдасына өтінішхатты берген кезде төленген мемлекетік бажды төлеу бойынша шығыстар, жоғарыда көрсетілген соманың 50 пайзынан анықталған мөлшерде 40 130 теңге өндірілуге жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.

У[...] пайдасына Ж[...] пен Б[...] өндірілген 20 000 000 (жиырма миллион) теңге 8 026 000 (сегіз миллион жиырма алты мың) теңгеге дейін және 200 000 (екі жүз мың) теңге мемлекеттік баж 80 026 (сексен мың жиырма алты) теңгеге дейін төмендетілсін.

Б[...] пайдасына У[...] 40 130 (қырық мың бір жүз отыз) теңге мемлекеттік бажды төлеу бойынша шығыстар өндірілсін.

Қалған бөлігінде дау айтылған сот актісі күшінде қалдырылсын. Б[...] өкілі У[...] өтінішхаты ішінара

қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н. Шәріпов

Судьялар Б. Тоқтарова

Т. Ибрашев

Копия верна Судья Т. Ибрашев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.