6кп-69-18 көшірме
2018 жылғы 8 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева,
судьялар Н.Жолдасбеков, Ж.Ермағамбетова,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аға прокуроры Т[...],
«Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің» (бұдан әрі – Қызылорда облысы, [...] бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы) өкілдерінің К[...], Д[...], М[...] 2018 жылғы 29 қазанда берілген сенім хат негізінде қатысуларымен,
кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында Қызылорда облысы Қазалы аудандық сотының 2017 жылғы 6 қарашадағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы бойынша түскен
«ФТ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 278-бабының 3-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Қызылорда облысы, [...] бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының (бұдан әрі–басқарма, мемлекеттік орган) 2017 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысымен «ФТ[...]» жауапкершілігі шектеулі – серіктестігіне (бұдан әрі Серіктестік) ӘҚБтК-нің 278-бабының 3-бөлігімен салық кезеңі үшін іс жүзінде есептелген корпоративтік табыс салығының (әрі қарай–КТС) сомасын салық кезеңі ішінде есептелген аванстық төлемдер сомасынан жиырма пайыз астам мөлшерде асырғаны үшін 953 481 теңге әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылған.
Қызылорда облысы Қазалы аудандық сотының 2017 жылғы 6 қарашадағы қаулысымен Серіктестіктің әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты, оған қатысты ӘҚБтК-нің 278-бабының 3-бөлігімен әкімшілік жаза қолдану туралы мемлекеттік органның 2017 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысының күші жойылып, іс бойынша өндіріс қысқартылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуында соттың қабылдаған қаулысы соттардың құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануындағы бірізділікті бұзады деген уәждерді келтіріп, оны кассациялық тәртіпте қайта қарауды сұраған.
Ұсынуды қуаттаған мемлекеттік органның өкілін, ұсыну қанағаттандыруға жатады деген прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы келесідей тұжырымға келді.
Бірінші сатыдағы сот Серіктестік КТС бойынша аванстық төлеммен салық есептілігін тапсыру кезеніңде төленуге тиісті соманы тікелей жасыру немесе әдейі көрсетпеу қасақана ниеті болмаған, себебі Серіктестікпен 2016 жылғы 15 сәуірде қосымша салық есептілігі мемлекеттік кірістер басқармасының камералдық бақылау нәтижесімен 2015 жылғы 27 қазанда анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама және жоғарыда аталған сот шешімдері негізінде қосымша салық есептілігін тапсыруға мәжбүр болып, төленуге тиісті соманы төлеген. Сондықтан Серіктестік ӘҚБтК-нің 278-бабының 3-бөлігінде көзделген салық кезеңі үшін іс жүзінде есептелген КТС сомасын салық кезеңі ішінде есептелген аванстық төлемдер сомасынан жиырма пайыздан астам мөлшерде асырған деуге негіз жоқ деген тұжырымға келген.
Аталған тұжырымдар құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділіктің бұзылуына әкеп соғады.
ӘҚБтК-нің 25-бабының 1-бөлігіне сай осы Кодексте сол үшін әкiмшiлiк жауаптылық көзделген, жеке тұлғаның құқыққа қарсы, кiнәлi (қасақана немесе абайсызда жасаған) әрекетi не әрекетсiздiгi немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы әрекетi не әрекетсiздiгi әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп танылады.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 137-бабы 2-бөлігінің 3)-тармағына сәйкес бақылау және қадағалау органы осы Кодекстің 141-бабының 3-тармағына сәйкес бақылаудың және қадағалаудың нақты субъектісіне (объектісіне) қатысты жүзеге асыратын, құқық бұзушылықтардың профилактикасына, адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне олардан төнетін қатердің профилактикасы мен алдын алу мақсатында олардың жасалу себептері мен жағдайларын жою үшін ұсынымдар беруге бағытталған бақылау мен қадағалау бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау болып табылады.
Сөйтіп, «ТТ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалған кәсіпорын болып танылғандықтан Серіктестікке 2015 жылы Қазалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен камералдық бақылау жүргізіліп, нәтижесімен 2015 жылғы 27 қазанда анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама берілген. Аталған хабарлама Серіктестіктің шағымы негізінде Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралып, 2016 жылғы 8 қаңтарда сот шешімімен шағым қанағаттандырусыз қалдырылып, хабарлама күшінде қалдырылған.
Сот шешімі негізінде Серіктестік 2 373 301,0 теңге КТС және 1 423 980,0 теңге қосымша құн салығын төлеген.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (әрі қарай–Салық кодексі) 141-бабының 5-тармағына сәйкес алдыңғы салық кезеңі үшін корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткеннен кейiнгi кезең iшiнде төлеуге жататын корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының есеп-қисабын есепті салық кезеңінің екінші, үшінші, төртінші тоқсандары үшін салық төлеушi оны табыс еткен күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде табыс етедi.
«ТТ[...]» ЖШС мен Серіктестік 2013 жылы жалған мәміле жасасып, ол жөнінде жоғарыда көрсетілген нормаға сәйкес алдыңғы салық кезеңі үшін корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткеннен кейiнгi кезең iшiнде төлеуге жататын корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер сомасының есеп-қисабын есепті салық кезеңінің екінші, үшінші, төртінші тоқсандары үшін салық төлеушi оны табыс еткен күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде табыс етуге мүмкіндігі мен құқығы бола тұра оны табыс етпеген.
Сонымен қатар, Салық кодексінің 70-бабының 1, 2 және 3-тармақтарына сәйкес салық төлеуші (салық агенті) салық есептілігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді осы өзгерістер мен толықтырулар жататын салық кезеңі үшін қосымша салық есептілігін жасау жолымен жүргізеді. Қосымша салық есептілігінде бұрын табыс етілген салық есептілігінің сомасы өзгертілген кезде салық кезеңі үшін бұрын табыс етілген салық есептілігі мен іс жүзіндегі салық міндеттемесінде көрсетілген сома арасындағы айырма; бұрын табыс етілген салық есептілігіндегі қалған деректер өзгертілген кезде жаңа мән тиісті жолдар бойынша көрсетіледі.
Қосымша және (немесе) хабарлама бойынша қосымша салық есептілігін табыс еткен кезде салық төлеуші (салық агенті) немесе осы Кодекстің 586 және 587-баптарына сәйкес камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органы анықтаған салықтың, басқа да міндетті төлемдердің, міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының, әлеуметтік аударымдардың, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдардың және (немесе) жарналардың сомалары салық төлеушiнi (салық агентiн) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тартпай бюджетке енгізілуге жатады.
Демек, КТС аванстары осы баппен реттелмейді.
Салық кодексінің 149-бабына сәйкес корпоративтік салығы бойынша аванстіқ төлемдердің декларациясын белгіленген тәртіппен ағымдағы салық кезеңі ішінде (күнтізбелік жыл) салық төлеуші өз еркімен анықтайды.
Осы кодекстің 141-бабына сәйкес салық төлеушiлер корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдердi осы Кодексте белгiленген тәртiппен ағымдағы салық кезеңі ішінде есептейді және төлейді.
Сөйтіп, бұл құқық бұзушылықтың құрамы салықтық кезең үшiн iс жүзiнде есептелген корпоративтік табыс салығы сомасының салықтық кезең iшiнде есептелген аванстық төлемдердің сомасынан жиырма пайыздан астам мөлшерде асып кетуі әрекетін құрайды.
Аванстық төлем сомасынан КТС бойынша тапсырған сомасынан артық болса, ӘҚБтК-нің 278-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген (3 013 414 / 629 711 * 100% - 100%= 378.5%).
Алайда, бұл жағдай соттың назарынан тыс қалған.
Жоғарыда аталған мән-жайларды ескере отырып, құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің болмауына байланысты ӘҚБтК-нің 851-бабының тәртібімен іс бойынша шығарылған сот актісі қайта қарауға жатады.
Қайта қарау барысында бірінші сатыдағы сот жоғарыда аталған барлық мән-жайларға тиісті құқықтық баға бере отырып, заңды шешім қабылдау қажет. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып, мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 278-бабының 3-бөлігі бойынша «ФТ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты қабылданған Қызылорда облысы Қазалы аудандық сотының 2017 жылғы 6 қарашадағы қаулысының күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сотқа өзге құрамда қайта қарау үшін жолдансын.
Іс бойынша өндіріс қайта жаңғыртылсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Судьялар Н. Жолдасбеков
Ж. Ермағамбетова Көшірмесі дұрыс. Судья Н. Жолдасбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.