КСАД РК - Постановление от 12.03.2026 по делу 6003-25-00-4к/2874 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 12 наурыз 6003-25-00-4к/2874 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Е.Б.Төлеев,

судьялар – Н.Е.Нуралыева, Н.Кабдрахманова,

прокурор Л.Е.Жоламанова,

талап қоюшы Ж.А.Примжанова мен оның өкілі Г.Е.Назаркулованың, жауапкердің өкілі Б.Арыстанбайдың қатысуларымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Жанат Алмасовна Примжанованың «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Ордабасы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдердің күшін жою және банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрудан босату әрекетін жасау туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қазандағы және 25 қарашадағы ұйғарымдарына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

Ж.А. Примжанова жоғарыда аталған талап қоюымен сотқа жүгінді. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қою Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 17)тармақшасына сілтеме жасалып, қайтарылған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының 2025 жылғы 10 қырқүйектегі қаулысымен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қаулысының күші жойылып, іс жаңадан қарау үшін апелляциялық сотқа жіберілген.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қазандағы ұйғарымымен бірінші саты сотының шешімінің күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сот қағидалары бойынша қарау үшін апелляциялық сот алқасының іс жүргізуіне қабылданған.

Одан соң апелляциялық сатыдағы соттың 2025 жылғы 25 қарашадағы ұйғарымымен Ж.А.Примжановаға талап қою мерзімін қалпына келтіруден бас тартылып, талап қою ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 15)- тармақшасына сәйкес қайтарылған. Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, ұйғарымдардың күшін жоюды сұраған.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот тараптардың өкілдерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Істі жаңадан қарау барысында апелляциялық сатыдағы сот 2025 жылғы 25 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюды ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 15)-тармақшасына сәйкес қайтарған.

Алайда, апелляциялық сатыдағы соттың бұл ұйғарымы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының 2025 жылғы 10 қырқүйектегі қаулысына қайшы келеді.

Аталған қаулыда апелляциялық алқаның талап қоюшы банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрудан босату міндетін жүктеу туралы талап қойғаны, алайда шығыс операцияларын тоқтата тұру өкімдеріне дау айтпағаны туралы тұжырымдары қате деп танылған, талап қоюшы салық органының өкімдерімен келіспегендіктен сотқа жүгінгені, бірақ бірінші сатыдағы сот ӘРПК-нің 16-бабында көзделген соттың белсенді рөлі қағидатын іске асырмағаны көрсетілген.

Сонымен бірге апелляциялық сатыдағы сот бірінші саты сотының шешімінің күшін бір негізбен жойып, кейін талап қоюды басқа негізбен қайтарған.

Жоғарыда келтірілген мәнжайлар істі қарау барысында апелляциялық сатыдағы сотпен ӘРПК-нің 16-бабына сәйкес жеткілікті белсенді рөл негізінде жүзеге асырылмағанын көрсетеді.

Осыған байланысты апелляциялық сатыдағы соттың 2025 жылғы 25 қарашадағы ұйғарымының күші жойылуға, ал іс сол құрамда қайта қарау үшін жолдануға жатады.

Сонымен қатар, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қазандағы ұйғарымы кассациялық тәртіппен қарауға жатпайды, себебі бұл ұйғарым әкімшілік істің одан әрі жылжу мүмкіндігіне кедергі келтірмейді. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5)тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы ұйғарымының күші жойылсын.

Іс қайта қарау үшін Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына сол құрамда қарау үшін жолдансын.

Талап қоюшы Ж.А.Примжанованың кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші:

Е. Төлеев

Судьялар:

Н. Нуралыева

Н. Кабдрахманова

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.