Қ А У Л Ы
2025 жылғы 25 қыркүйек №6003-25-00-2к/479 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшылар өкілі М.Қалмаханұлының, жауапкер Л.Наурызханның және оның өкілдері Н.С.Магажановтың және Е.А.Конысбаевтың, үшінші тұлға өкілі Ж.Е.Кураловтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшылар Жайнагуль Ауталива және Ердос Ахлайсбек жауапкер Лаура Наурызханнан (бұдан әрі - жауапкер) материалдық зиянды өндіру туралы азаматтық істі жауапкердің Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 2024 жылғы 10 қыркүйектегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қаңтардағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшылар аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкердің әрекеттерінің салдарынан материалдық шығын келтірілгенімен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкерден талап қоюшы Ж.Ауталивтің пайдасына 54 004 312 теңге материалдық шығын, талап қоюшы Е.Ахлайсбектың пайдасына 9 118 000 теңге материалдық және 91 000 теңге өкілдің көмегіне шығын өндірілген.
Жауапкер кассациялық шағымында талап қоюшы Ж.Ауталивпен жазбаша шарттың жоқ екенін, өрт қауіпсіздігіне меншік иесі жауап беретінін көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 4 және 5-тармақтарын, 9-бабының 4-тармағын, 917-бабының 1-тармағын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және
процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, 2023 жылғы 11 қаңтардан бастап жауапкер талап қоюшы Ж.Ауталивтың меншігіндегі темір ангарды жиһаз жасап шығару мақсатындағы шеберхана ретінде ауызша келісім бойынша жалға алған, тиісінше оқиға орын алғанға дейін ақысын ай сайын төлеген. 2024 жылғы 20 наурызда аталған темір ангарда өрт оқиғасы орын алып, жылжымайтын мүлік және талап қоюшы Е.Ахлайсбекке тиесілі автокөлік өртеніп кеткен.
2024 жылғы 16 сәуірдегі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының зерттеу сынау өртке қарсы зертханасының және 2024 жылғы 15 тамыздағы ШығысОңтүстік өңір бойынша Сот сараптама институтының қорытындыларына сәйкес өрттің ошағы бір қабатты құрылыстың ішінде орналасқан темір ангардан табылған, өрттің техникалық себебі пешті орнату (ашық оттың ошағы) немесе электрожабдықтар немесе электросымдардың ақау режімінде орын алу болуы мүмкін делінген.
Талап қоюшылармен ұсынылған «SP Valuers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бағалау есептеріне сәйкес өртеніп кеткен автокөліктің нарықтық құны 9 118 000 теңге, аталған жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 54 004 312 теңге құрайды.
Бұл жағдайда соттар жауапкердің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі оның әрекеттерімен талап қоюшылардың мүліктері өртеніп, шығын келтірілген, сәйкесінше бұл шығын жауапкермен өтелуге жатады.
Өз кезегінде, жауапкер АПК-тің 72-бабына сәйкес талап қоюшылардың уәждерін теріске шығаратын нақты дәлелдемелерді сотқа ұсынған жоқ. Істің мұндай тұрғысында, азаматтардың басқа тұлғаларға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейтінін ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық
шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
Сонымен қатар, сот талап қоюшылардың кассациялық сатыға қатысқаны үшін өкілдің көмегіне төленген шығынды жауапкерден өндіру жөніндегі өтінішхаты қанағаттандырылуға жатады деп есептейді, себебі олар тиісті шартпен төлем құжаттарын ұсынған және өкіл қызметін атқарған.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Алматы қаласы Алатау аудандық сотының 2024 жылғы 10 қыркүйектегі шешімі мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қаңтардағы қаулысы күшінде, жауапкер Лаура Наурызханның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Жауапкер Лаура Наурызханнан талап қоюшылар Жайнагуль Ауталиваның және Ердос Ахлайсбектың әрқайсысының пайдасына өкіл қызметіне жұмсалған шығын 500 000 (бес жүз мың) теңгеден өндірілсін.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.