ВС РК - Постановление от 29.06.2020 по делу 6001-20-00-3Г/2384(3) (Гражданское)

6001-20-00-3г/2384(3)

Қ А У Л Ы

2020 жылғы 29 маусым

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.Ж.Исмаилов талап қоюшы Ж[...] жауапкер «А[...]» ЖШС-не бұйрықтың күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін жалақы өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Түркістан облысы Созақ аудандық сотының 2019 жылғы 13 желтоқсандағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 02 сәуірдегі қаулысына кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «А[...]» ЖШС-нің өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

а н ы қ т а ғ а н ы :

Ж[...] «А[...]»ЖШС-не 2018 жылғы 18 қазандағы № 579 бұйрықтың күшін жою, кеніштің бастығы қызметіне жұмысқа қайта орналастыру, амалсыз бос жүрген уақыт үшін 9450000 теңге жалақы өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Созақ аудандық сотының 2019 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен (сол жылғы 20, 26 желтоқсандағы ұйғарымдармен енгізілген түзетулерді есептегенде) талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған:

  • «А[...]» ЖШС-нің 2018 жылғы 18 қазандағы № 579 бұйрығының күші

  • жойылып, Ж[...] кеніштің бастығы қызметіне қайта орналастырылған;

  • «А[...]» ЖШС-нен Ж[...] пайдасына амалсыз бос жүрген уақыт үшін 6525522 теңге жалақы өндірілген;

  • шешімнің Ж[...] жұмысқа қайта орналастыру және 3262761

  • теңге жалақы өндіру туралы бөлігі дереу орындауға жолданған;

  • жауапкерден талап қоюшының пайдасына сот-бейнефонографиялық сараптама өткізу үшін төленген 122457 теңге, сот-қолтаңбалық сараптама үшін төленген 40333 теңге сот шығындары өндірілген.

Талап қою арызы қалған бөлігінде қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 02 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

«А[...]» ЖШС-гі өтінішхатында іс бойынша материалдық және процестік заң нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ( бұдан әрі – АПК ) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды

күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша анықталғандай, Ж[...] 2004 жылдан бері уран өндіруші еншілес кәсіпорындарында еңбек етіп, «А[...]» ЖШС-нің 2017 жылғы 09 қарашадағы № 645 бұйрығы негізінде 2017 жылғы 11 қарашадан бастап «Батыс Мыңқұдық» кенішіне кеніш бастығы лауазымына жұмысқа қабылданған.

«А[...]» ЖШС-нің 2018 жылғы 18 қазандағы № 579 бұйрығымен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің ( әрі қарай – Еңбек кодекс ) 49-бабының 1) тармақшасы негізінде Ж[...] еңбек қатынастары тоқтатылған. Бұйрықты шығаруға жұмыскердің сол күнгі арызы негіз болып танылған.

Ж[...] сотқа жүгініп, жұмыстан босату туралы арызды өз еркімен жазбағанын, жұмыс берушінің тарапынан қысым көрсету фактісі орын алғанын көрсетіп, мекеме бастығы А[...] екеуінің араларында болған әңгіменің аудиожазбасын табыс еткен.

Созақ аудандық сотының 2019 жылғы 11 сәуірдегі ұйғарымымен талап қоюшы тарапының өтініші бойынша сот-фонографиялық сараптама тағайындалып, ол ұйғарым жауапкермен апелляциялық сатыда дауланып Түркістан облыстық сотымен 2019 жылғы 16 мамырда күшінде қалдырылған.

Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтының 2019 жылғы 11 маусымдағы № 1987 қорытындысына сәйкес 2018 жылғы 18 қазандағы «Канат, я для чего тебя пригласил,...» деген сөздермен басталып, «С какого числа? Сегодняшним числом, или завтрашним числом. ... Или с первого? Нет, мне уже надо принимать начальника рудника. Он сидит, ждет» деген сөздермен аяқталатын «DVD+R» компакт-дискідегі салыстырмалы дауыс пен сөз үлгілері Ж[...] және А[...] тиесілі.

Сонымен қатар, Созақ аудандық сотының 2019 жылғы 11 сәуірдегі ұйғарымымен тараптардың өтініштері негізінде тағайындалған Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтының 2019 жылғы 21 мамырдағы № 1337 сот-қолтаңбалық сараптама қорытындысына сәйкес:

  • зерттеуге ұсынылған 2018 жылғы 18 қазанда Ж[...] атынан «А[...]» ЖШС-нің бас директоры А[...] атына жазылған «Заявление» деген құжаттағы «Генеральному директору ТОО «А[...]» А[...] от начальника рудника Жартыбекова К.Ж.» және «Заявление П[...] меня по собственному желанию с 18.10.2018 г.» деген қолжазбалар бояу заты сапасының құрамы жағынан өзара сәйкес келеді, ал Ж[...] атынан қойылған қолтаңба бояу заты сапасының құрамы жағынан «Генеральному директору ТОО «А[...]» А[...] от начальника рудника Жартыбекова К.Ж.» және «Заявление П[...] уволить меня по собственному желанию с 18.10.2018 года г.» деген қолжазбалармен сәйкес келмейді;

  • 2018 жылғы 18 қазанда Ж[...] атынан«А[...]» ЖШС-нің бас директоры А[...] атына жазылған «Заявление»деген құжаттары мәтіннің жазулары («УЧР/В приказ», «Не возражаю» деген қолжазбалардан бөлек) Ж[...] орындаған;

  • 2018 жылғы 18 қазанда Ж[...] атынан «А[...]» ЖШС-нің бас директоры А[...] атына жазылған «Заявление» деген құжаттың мәтінінің төменгі бөлігіне орналасқан қолтаңбаны Ж[...] өзі орындамаған, оны орындаған басқа тұлға.

2019 жылғы 13 маусымдағы № 217 маман Б[...] қорытындысында жоғарыда көрсетілген сот-қолтаңбалық сараптама өткізу кезінде Ж[...] еркін және эксперименттік қолтаңба үлгілері дұрыс бағаланбауы зерттеу әдістері және оқу-әдістемелік әдебиет дұрыс таңдалмауына әкеп соққан деп көрсетілген. 2019 жылғы 22 шілдеде жауапкердің өтініші негізінде бірінші сатыдағы соттың ұйғарымымен қайталама қосымша сот-қолтаңбалық сараптама тағайындалып, аталған сот ұйғарымы талап қоюшымен апелляциялық сатыда дауланып, Түркістан облыстық сотының 2019 жылғы 05 қыркүйектегі ұйғарымымен күшінде қалдырылып, Алматы қаласы сот сараптамалары институтының 2019 жылғы 08 қарашадағы № 6291 қосымша комиссиялық сараптама қорытындысына сәйкес: - Ж[...] атынан 2018 жылғы 18 қазанда «А[...]» ЖШС-нің бас директоры А[...] атына жазылған арыздың мәтінін Ж[...] орындаған;

  • 2018 жылғы 18 қазанда «А[...]» ЖШС-нің бас директоры А[...] атына жазған арыздың мәтінінің соңында орналасқан Ж[...] атынан орындалған қолтаңбаны Ж[...] өзі орындады ма немесе басқа тұлға орындады ма деген сұраққа жауап беруі мүмкін болмады.

Созақ аудандық соты талап қою арызын ішінара қанағаттандыра отырып, еңбек шартын бұзу туралы арызын Ж[...] өз еркімен жазбағанын, жұмыс беруші даулы бұйрықты шығарарда жұмыскердің уран өндіруші еншілес кәсіпорындарында үздіксіз қызмет еткенін, үздік қызметі үшін алғыс хаттармен бірнеше рет марапатталғанын, бұрын тәртіптік жазаға тартылмағанын назарына алмағанын, ЖШС-нің бас директоры А[...] Ж[...] 2018 жылғы 18 қазандағы арызды жаздырту үшін қысым көрсетпегені жөнінде дәлелдемелер ұсынбағанын көрсеткен.

Апелляциялық сот алқасымен істі қарау нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және негізді деп танылған.

АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.

«А[...]» ЖШС-гі өтінішхатында Ж[...] жұмыстан босату туралы арыздың мәтінін жазғанын жоққа шығармайтынын, тиісті арызға қол қоймаған жағдайда еңбек қызметін жалғастыруы тиіс болғанын, еңбек шарты бұзылған соң оған бірден пайдаланылмаған еңбек демалысы, экологиялық еңбек демалысы, зиянды еңбек жағдайлары үшін жыл сайынғы қосымша демалыс үшін өтемақы төленгенін көрсеткен.

Өтініш иесі Ж[...] жұмыстан босатылған соң іс-әрекеттері, яғни бұрыңғы еңбек қызметін жалғастыру үшін «А[...]» ЖШС-гі өз жұмыс орнына

қайтып бармау, жоғарыда аталған бүкіл тиесілі өтемақыларын алу, басқа уран өндеуші компания – «К[...]» ЖШС-не резюме жіберу, сұхбаттасудан өту, өзін жұмысқа қабылдау туралы өтінішті жазып, тиісті бұйрықпен танысу, еңбек шартына қолын қойып, қызметін жүзеге асыруы «А[...]» ЖШС-ндегі жұмысынан өз еркімен кетуінің, жұмыстан мәжбүрлеп шығарылмағанының тікелей дәлелдемесі ретінде санайтынын білдіріп, жауапкердің ондай әрекеттері жергілікті соттардың назарынан тыс қалғанын көрсеткен.

«А[...]» ЖШС-нің басшылығы тарапынан Ж[...] қатысты мәжбүрлеу және лауазымыдық өкілеттіктерді асыра пайдаланумен байланысты әрекеттер орын алғаны жөнінде уәждерді негізсіз деп есептейді, себебі оны куәландыратын дәледемелер анықталмаған, жұмыскер тиісті арызбен полиция органдарына жүгінбеген, керісінше басқа жұмыс орнына орналасып, еңбек міндеттерін атқарған.

«Сот сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36бабына сәйкес сот сараптамасын жүргізуді сот сарапшысы жеке-дара не сот сарапшылары комиссиясы жүзеге асырады. Комиссиялық сот сараптамасы күрделі сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бір мамандықтағы кемінде екі сот сарапшысы жүргізеді. Осы Заңның 42-бабына сәйкес сот сарапшысының алдыңғы қорытындысы жеткілікті түрде негізді болмаған немесе оның түйіндері күмән туғызған не сот сараптамасын тағайындау және жүргізу кезінде процестік нормалар елеулі түрде бұзылған жағдайларда, дәл сол объектілерді зерттеу және дәл сол мәселелерді шешу үшін қайталама сот сараптамасы тағайындалады.

АПК-нің 92-бабының 7-бөлігіне сәйкес сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайды, бірақ онымен келіспеген жағдайда, бұл туралы сот шешімінде көрсетілуге тиіс.

Өтінішхат иесі жергілікті соттардың даулы арыздағы қолтаңба Ж[...] тиесілі емес екені туралы Шымкент қаласы бойынша сот сараптама институты сарапшысының жеке-дара жүргізген сот-қолтаңбалық сараптамасының 2019 жылғы 13 маусымдағы қорытындысын негізге алғандарын, кейін сот ұйғарымымен тағайындалып Алматы қаласы бойынша сот сараптама институтының сарапшылар тобымен жүргізілген қосымша комиссиялық сот-қолтаңбалық сараптама қорытындысын АПК-нің 92-бабының 7-бөлігіне қайшылық жасап негізсіз ескермегендеріне, 2019 жылғы 08 қарашадағы № 6291 сараптама қорытындысымен жоғарыда көрсетілген бірінші сараптама қорытындысы жоққа шығарылғанына назар аударған.

АПК-нің 78-бабының 4-бөлігіне сәйкес ғылыми-техникалық құралдарды жасырын пайдаланудың нәтижелері мұнай пайдалануға заңда жол берілген және (немесе) бұл дәлелдемелер өздеріне қарсы бағытталған тарап оларды мойындаған және дау айтпаған жағдайларды қоспағанда, азаматтық сот ісін жүргізуде дәлелдемелер ретінде пайдаланылмайды.

Өтінішхат иесі Ж[...] табыс еткен аудиожазбаның жасалған жері белгісіз екенін, жауапкер жазбадағы әңгімені мойындамағанын, жазбаны жүзеге асыратын жағдайда адам ол жөнінде хабарлауға міндетті және жария орындауға тиіс екенін, қолданыстағы заңнамада ғылыми-техникалық құралдарды жасырын қолдану нәтижелері жол берілетін дәлелдеме деп таныла алмайтынын және жазба түкке тұрғысыз болып табылып, сотта дәлелдеме ретінде қабылдануға жатпайтынын атап көрсеткен.

Бірінші сатыдағы соттың дәлелдемелер ретінде Ж[...] табыс еткен аудио-жазба және сот-фоноскопиялық сараптаманың қорытындысы дәлелдеме ретінде танылуға жатпайтынына баға бермегенін көрсеткен. Атап айтқанда, АПК-нің 83-бабының талаптарына сәйкес сотпен үлгілер алынуға тиіс адам, дәл қандай үлгілер және қандай санда алынуға тиіс екендігі туралы уәжді ұйғарым шығармағаны, сот сараптамасы да үлгілерді алу, жазу қандай жабдыққа жүргізілгенін анықтамағаны, үлгілерді сарапшының өзі алу тиіс екені назарға алынбаған. Осыған байланысты, Жоғарғы Сотқа өтініш білдіруші заңды күші жоқ сот-фоноскопиялық сараптама қорытындысы сот шешімінің негізіне алынуға жатпайды деп санайды.

Ж[...] жұмыстан босату туралы даулы бұйрықтың көшірмесін 2018 жылғы 29 қазанда алып, «А[...]» ЖШС-нің келісу комиссиясына Еңбек кодексінің 160-бабымен көзделген мерзімді сақтамай, теқ қана 17 желтоқсанда жүгінгенін, кейін 29 желтоқсанда комиссия шешімін алып, сотқа 2019 жылғы 08 ақпанда жүгінгенін, яғни еңбек даулары бойынша ескіру мерзімін бұзғанын көрсеткен.

«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 06 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 4 тармағында берілген түсіндірулерге сәйкес, дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеу үшін келісу комиссиясына арыз беру мерзімін өткізіп алу арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығаруы үшін дербес негіз бола алады. Өтініш иесінің пікірінше, жергілікті соттар Ж[...] сотқа талап қою арызын жолдаған кезде келісу комиссиясының шешімі табыс етілген күннен бастап екі айлық мерзімін сақтағанын көрсетіп, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылмауына жол берген, себебі ЖШС-нің келісу комиссиясымен дауды сотқа дейін шешу туралы оның арызы бір ай мерзім өтуіне байланысты қанағаттандырудан бас тартылған, сондықтан іс бойынша сотқа жүгіну үшін ескіру мерзімі бұзылған деп есептейді. «А[...]» ЖШС-нің өкілі Г[...] сот ісін жүргізу тілін жетік білмегендіктен бірінші сатыдағы сот аудармашының қатысуын қамтамасыз еткенін, олар әр сот отырысы сайын ауысқандарын, соңғы аудармашы Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 191-бабының 2-бөлігіне сәйкес көрінеу қате аударма жасағаны үшін көзделген қылмыстық жауаптылық туралы ескертілмегенін, аудармашылар іске қатысушылардың түсініктерін мүлдем аудармағандары сот отырыстарының аудио-бейнежазбаларымен дәлелденетінін, аталған жағдайдың нәтижесінде Г[...] өзінің өкілеттіктерін іске асыру мүмкіндігінен айырылғанын және де АПК-нің 427-бабының 1,4-бөліктеріне сәйкес сот ісін жүргізу тілін бұзу салдарынан сот шешімін бұзуға негіз болып табылатынын ескеруді сұрады.

Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін жәнедаулы сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.

АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы

қ а у л ы е т т і :

Түркістан облысы Созақ аудандық сотының 2019 жылғы 13 желтоқсандағы шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 02 сәуірдегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы «А[...]» ЖШС-нің өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья

Е.Исмаилов дұрыс.Судья

Көшірмесі

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.