ҚАУЛЫ
2022 жылғы 20 желтоқсан 6001-22-00-6ап/1575 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,
жауапкерлер:
Алматы қаласы әкімінің өкілі – Н[...],
«Алматы қаласы жер қатынастар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (КММ) өкілі – Т[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкерлер Алматы қаласы әкіміне, «Алматы қаласы жер қатынастар басқармасы» КММ-не уақытша жер пайдалану құқығын беруден бас тарту туралы арызын қараудағы іс-әрекеттерін заңсыз деп тану және арызға қоса берілген құжаттарды жер комиссиясының қарауына міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 ақпандағы шешімі мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 маусымдағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Алматы қаласы әкімінің, «Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы» КММ-нің А[...] уақытша жер пайдалану құқығын беруден бас тарту туралы қарау әрекеттері заңсыз деп танылған.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 маусымдағы қаулысымен сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер Алматы қаласы әкімінің өкілі кассациялық шағымында сот істің мән-жайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсете келе, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Талап қоюшы сотқа дәлелсіз себептермен қатысқан жоқ. Бұл жағдай
істі оның қатысуынсыз қарауға кедергі келтірмейді.
Жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай негіздер анықталмады.
Даудың мән-жайларына қарағанда А[...] 2021 жылғы 22 қарашада, 2022 жылғы 27 қаңтарда Алматы қаласы әкімінің атына тұрғын үй құрылысына қызмет көрсету үшін бұрын берілген жер учаскесіне уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы өтінішпен жүгінген.
Өтініштер аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес сұралып отырған жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау үшін «Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы» КММ-не жолданған. Бұл уәкілетті орган өтініштерді қараудан бас тартып, ол туралы 2021 жылғы 29 қараша және 2022 жылғы 2 ақпанда А[...] жауап берген.
Соттар талапты қанағаттандырғанда жер учаскелерін меншікке немесе пайдалануға беруді жергілікті атқарушы орган жүзеге асыратындықтан, өтініш бойынша шешімді әкімдер қабылдауы тиіс және ӘРПК-ның 3- бөлімінде көзделген өтініштерді қарау тәртібі сақталмаған деп негіздеген.
АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Қабылданған сот актілері заңды және істің мән-жайларына сәйкес келеді. Сот актілерін қайта қарауға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне және АПК-нің 451-бабының
екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ: Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 ақпандағы шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 9 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер Алматы қаласы әкімінің өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Т.Даниярова Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.