Кассационный суд Республики Казахстан по уголовным делам - Постановление от 16.10.2025 по делу 6003-25-00-3к/307(2) (Об административном правонарушении)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 16 қазан №6003-25-00-3к/307(2) Астана қаласы

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Қ.А.Мусетов,

судьялар Г.Б.Даулетова, М.К.Сатыбалдин,

Қазақстан Республикасының Бас прокурорының аға көмекшісі А.Төремұратұлының,

әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізіліп жатқан тұлға Ж.Н.Балгазиевтың, оның қорғаушысы-адвокат А.Ж.Узганбаевтың,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 18 шілдедегі және Маңғыстау облыстық сотының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулыларына Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуымен келіп түскен,

Жанполат Нурланович Балгазиевке (Balgaziev Janpolat Nurlanovich) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 18 шілдедегі қаулысымен Ж.Н.Балгазиев Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай - ӘҚБтК) 517-бабының 4- бөлігімен кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалған.

Маңғыстау облыстық сотының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуында құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот қаулыларын қайта қарауды сұраған.

Қорғау тарабы істі тоқтату туралы пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот келесі тұжырымға келді. ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай негіздер бар.

Жергілікті соттардың қаулыларына сәйкес, Өзбекстан Республикасының азаматы Ж.Н.Балгазиев 2023 жылғы 15 қыркүйек күні Қазақстан Республикасына жеке сапармен келіп, уәкілетті органға уақытша тіркелмей, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзып, Заң талаптарында белгіленген мерзім ішінде кетуден жалтарған. Осы факті бойынша оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалған.

Бірінші сатыдағы сот Ж.Н.Балгазиевті кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, оған әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған. Апелляциялық сатыдағы сот шығарылған шешіммен келіскен.

Бірақ, істі қарау кезінде жергілікті соттар істің мән-жайларына және заң талаптарына тиісті дәрежеде көңіл бөлмегені көрінеді.

Ж.Н.Балгазиев ұлты қазақ, яғни этникалық қазақ ретінде «қандастар» бағдарламасына сай Қазақстан Республикасы азаматтығын алу мақсатында «қандас» ретінде тарихи отанына қоныс аударуына құқығы бар. Нағашы жағынан бірнеше туысқаны Қазақстан Республикасының азаматтары, олар Қазақстанда тұрады.

Сонымен қатар, Ж.Н.Балгазиевтің жасөспірім кәмелетке толмаған баласы Q21.3 «Тетрада Фалло» жүрек ауруымен сырқатанады. Аталған жағдайларда Ж.Н.Балгазиев Қазақстанға жиі келіп тұруына тура келеді.

«Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабына сәйкес қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар. ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылық бойынша 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкімшілік жаза қолдану көзделген.

ӘҚБтК-нің 55-бабы 1 және 2-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.

Жергілікті соттардың қаулыларына сәйкес Ж.Н.Балгазиевке қатысты әкімшілік жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар іс-әрекетінен анықтамаған.

Алайда, ӘҚБтК-нің 56-бабына сәйкес кiнәлi адамның өкiнуi, әкiмшiлiк құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылуға жатады.

Кассациялық соттың пікірінше, жергілікті соттар Ж.Н.Балгазиевке әкімшілік жазаның түрін дұрыс тағайындамаған. Сондықтан оған тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жазаның өзгертіліп, орнына 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы қажет деп есептейді.

ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша Жанполат Нурланович Балгазиевке (Balgaziev Janpolat Nurlanovich) қатысты Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 18 шілдедегі және Маңғыстау облыстық сотының 2025 жылғы 24 шілдедегі қаулылары өзгертілсін. Осы бап бойынша Жанполат Нурланович Балгазиевке 98 300 (тоқсан сегіз мың үш жүз) теңге әкімшілік айыппұл салу жазасы тағайындалсын.

Қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Айыппұл қаулы заңды күшіне енген сәттен 30 күннің ішінде төленуге тиіс.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

К.А.Мусетов

Г.Б.Даулетова

М.К.Сатыбалдин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.