6001-21-00-3гп-401
2021 жылғы 12 қазан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқаның төрағасы М.Т.Таймерденов, судьялар Б.Р.Ералиева, Ж.М.Қашқынбаеваның, прокурор Б[...], жауапкер «ШС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) өкілі С[...],
талап қоюшы Мекеменің өкілі Б[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында «TrueConf» мобильді байланысы арқылы талап қоюшы «Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша экология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мекеме, Департамент) жауапкер Серіктестікке
- Серіктестіктің «Пирометаллургия» цехында орналасқан шахталық пешінің № 0001 ластау көзінен атмосфералық ауаға зиянды ластаушы заттарды белгіленген нормативтерден тыс шығару салдарынан қоршаған ортаға келтірген 412 611 962 теңге экономикалық залалды өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы Серіктестіктің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Мекеме Серіктестікке қатысты сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 2 сәуірдегі шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
Серіктестіктен мемлекеттің пайдасына 9 150 578 теңге экономикалық залал, 274 517 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Талап қою арызының қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.
Серіктестіктен мемлекет пайдасына өндірілген экономикалық залал 412 611 962 теңгеге дейін, мемлекеттік баж 12 378 359 теңгеге дейін ұлғайтылған.
Өтінішхатта Серіктестік істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуына байланысты апелляциялық қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Мекеме өтінішхатқа қарсы пікірінде апелляциялық сатыдағы соттың қаулысын күшінде, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Сот алқасы іс бойынша жауапкер Серіктестіктің өкілі С[...] өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшы Мекеменің өкілі Б[...] өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған түсінігін, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырып, апелляциялық сатыдағы сот актісін күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін, оған қарсы пікірді талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды.
Іс құжаттарына қарағанда, Серіктестіктің «Пирометаллургия» цехында ауаға ластаушы заттарды шығаратын шахталық пеш орнатылған.
2020 жылғы 3-11 тамыз аралығында Мекеме шахталық пештің ауаға ластаушы заттарды шығаруын тексеру үшін құралдық өлшемдер жасаған.
Тексеру нәтижесінде Серіктестікке шахталық пешті пайдалану кезінде атмосфералық ауаға зиянды ластаушы заттарды белгіленген нормативтерден тыс эмиссиялар шығарып, қоршаған ортаға зиян келтіргені анықталған.
Департаментпен ұсынылған есеп бойынша қоршаған ортаға келтірілген экономикалық залалдың мөлшері 412 611 962 теңге құраған.
Бірінші сатыдағы сот талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы шешімін экономикалық залалдың мөлшері экологиялық бақылау барысында жүргізілген соңғы тексеруден өткен уақыт ішінде залал келтірген жабдықтың жұмыс уақыты, яғни сағаты есептелуге жататындығымен тұжырымдаған.
Апелляциялық сатыдағы сот бұл тұжырыммен келіспей, мемлекеттік экологиялық қадағалау Мекемемен 2020 жылғы тамыз айында жүргізілгендіктен, ескіру мерзімі аяқталғанға дейінгі кезеңді, яғни 2018-2020 жылдар аралығын бағалау негізді деген қорытындыға келген. Өтінішхат иесі апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымдарын заңсыз деп есептейді.
Қоршаған ортаға келтірілген залалдың экономикалық есебі Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің (бұдан әрі – Экологиялық кодекс) 110-бабы бойынша жанама әдіспен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007
жылғы 27 маусымдағы № 535 Қаулысымен бекітілген «Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау ережесіне» (бұдан әрі – Ереже) сәйкес жүргізіледі.
Ереженің 10-тармағына сәйкес стационарлық көздерден атмосфералық ауаның ластануынан, су ресурстарының ластануынан, өндіріс және тұтыну қалдықтарын белгіленген нормативтерден тыс орналастырудан келтірілген залалды экономикалық бағалау осы Ережеге 3-қосымшада көзделген есептеулерге сәйкес жүзеге асырылады.
Осы есептеудегі «Т» көрсеткіші – мемлекеттік не өндірістік экологиялық бақылау барысында жүргізілген соңғы тексеруден бері өткен уақыт ретінде қабылданатын залал келтіру кезеңіндегі жабдықтың жұмыс уақыты (сағатпен).
Экологиялық кодекстің 132-бабының 1, 9, 10 тармақтарының талаптарына сәйкес өндірістік мониторинг объективті деректер алу үшін орындалатын өндірістік экологиялық бақылаудың элементі болып табылады; қоршаған ортаның өндiрiстiк мониторингiн «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен аккредиттелген өндiрiстiк немесе тәуелсiз зертханалар жүзеге асырады; өндiрiстiк мониторингтiң деректерi Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингiнiң бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiн жүргiзу шеңберiнде қоршаған ортаның жай-күйiн бағалау үшiн пайдаланылады.
Серіктестік өзінің өтінішхатында жауапкердің тиісті рұқсаты бар екенін, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік экологиялық инспекторларға «Эко-Тест» бөгде аккредиттелген зертханасының тоқсан сайынғы өлшеу хаттамаларын ұсынғанын, соңғы өлшеу 27 мамырда жүргізілгенін, ол жөнінде сынақ хаттамасы бар екенін, сол кезде ластаушы заттар эмиссиясының асып кетуі анықталмағанын, залалды есептеу 2020 жылдың 27 мамыр - 6 тамыз айларында Департаменттің өлшеу жүргізген күніне дейін өткен уақыт аралығында жүргізілуі қажет екенін, Жабдықтың іске қосылуы мен тоқтатылуын есепке алу журналындағы жазбаларға сәйкес уақытын анықтауға болатынын, ол 267 сағатты құрайтынын көрсеткен.
Алайда апелляциялық сатыдағы сот алқасы бірінші сатыдағы соттың және Серіктестіктің жоғарыда аталған уәждерімен келіспей, «Соттардың Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын азаматтық істер бойынша қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 25 қарашадағы № 8 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – Нормативтік қаулы) 24-тармағына және Серіктестік директорының Мекемеге берген анықтамасына сілтеме жасай отырып, экономикалық залалдың мөлшерін 2018-2020 жылдар аралығына есептеген.
Сот Нормативтік қаулы мен Серіктестіктің анықтамасына сілтеме жасай отырып, Серіктестікте ластаушы заттардың шығарындыларының (төгінділерінің) белгіленген нормативтері бар рұқсаты және «Эко-Тест»
бөгде аккредиттелген зертханасының тоқсан сайынғы өлшеу хаттамалары бар екенін ескермеген.
Апелляциялық сатыдағы сот Серіктестіктің берген журналдары сын көзбен бағалануға жататынын және Мекемеге пештің жұмыс істеген уақыты жөнінде мәлімет сұратқан кезде ұсынбаған деп көрсеткен.
Бірақ ол журналдарға не себепті сын көзбен қарау қажет екенін анықтап жазбаған және журналдардың көшірмелерін заң талабына сай іске тіркемеген.
Істің мұндай тұрғысында, Серіктестіктің пештің жұмыс істеген уақыты журналдар бойынша 267 сағатты құрайды деген уәжін жоққа шығаратындай деректер анықталмаған.
Сондықтан сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың жоғарыда келтірген қорытындысы іс үшін маңызы бар мән-жайларға негізделмеген деп санайды.
АПК-нің 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
Сондықтан сот алқасы өтінішхаттағы Серіктестіктің келтірген уәжімен келіседі және оны заң талабына сай тексеру үшін, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, істі жаңадан соттың басқа құрамында қарау үшін сол сотқа жібереді.
Істі жаңадан қараған кезде сот тараптардың уәждерін, дәлелдемелерін толық тексеріп, оған заң талабына сай жан-жақты баға беріп, заңды шешім қабылдауы қажет.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 маусымдағы қаулысының күші жойылып, іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан соттың басқа құрамында қарауға жіберілсін. «ШС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші М.Т.Таймерденов Судьялар Б.Р.Ералиева Ж.М.Қашқынбаева Көшірмесі дұрыс Судья Б.Р.Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.