ВС РК - Постановление от 11.01.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2186 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 11 қаңтар 6001-23-00-6ап/2186 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Ш.Т. Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «У[...]» атауымен әрекет етуші жеке кәсіпкер (бұдан әрі – ЖК) У[...] «Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «Темірбек Жүргенов атындағы №80 мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - КММ), «Қызылорда облысының білім басқармасының Шиелі ауданы бойынша білім бөлімінің №156 Нартай Бекежанов атындағы орта мектебі» КММ-не конкурс қорытындылары туралы хаттамаларды заңсыз деп танып, конкурсты қайтадан қарауды міндеттеу туралы талабы бойынша қабылданған, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылдың 29 мамырдағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы қаулысына мүдделі тұлға ЖК Б[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 29 мамырдағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.

№80 мектеп бойынша 2023 жылғы 27 наурыздағы №9052974-ОК2, №156 мектеп бойынша 2023 жылғы 27 ақпандағы №8896456-ОК1, 8896556ОК1 конкурс қорытындылары туралы хаттамалары заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Әкімшілік істі қарау барысында анықталған заң бұзушылық фактілер бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін жеке ұйғарымдарын «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің және «Қызылорда облысының білім басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшыларының атына шығарған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған. Мүделлі тұлға ЖК Б[...] кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Жауапкер №80 мектеп директорынан мекен жайы қашықтығынан байланысты істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Жауапкер өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Іс бойынша басқа тараптардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Бұл жағдайлар істі сотқа келмеген тараптардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, кассациялық шағымының уәждерімен танысып, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс АПК-нің 449-бабына сай ЖК Б[...] шағымы шегінде қаралады.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда №80, №156 мектептер жартылай жетім және тұрмысы төмен отбасыдан шыққан оқушыларды және әлеуметтік топтағы оқушыларды және 1-4 сынып оқушыларын тамақтандыруды ұйымдастыру қызметін сатып алуға веб-портал арқылы конкурстар өткізген.

№80 мектеп бойынша конкурс жеңімпазы ретінде ЖК Б[...], №156 мектеп бойынша жеңімпаз ретінде ЖК Ниеталиев танылған.

Конкурстарға қатысушы ЖК «У[...]» конкурс қорытындыларымен келіспей сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мәнжайларды ескерген.

Соттардың дауды шешкенде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен атаанасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларын» (№598 Қағида) басшылыққа алуы дұрыс болып табылады.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 10 тамыздағы № 359 бұйрығымен Қағидаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 20-тармағы бойынша көрсетілетін қызметті берушіні таңдау кезінде өнім берушіні таңдау жөніндегі конкурстық құжаттамаға техникалық тапсырмаға білім беру органы бекіткен перспективалық тарату-мәзірімен қатар тағамдардың технологиялық карталары қоса берілу және жарияланған конкурс шарттарына сәйкес медициналық білімі бар диетолог (диеталық бике) не болмаса медициналық білімі бойынша біліктілігін арттырудан (қайта даярлаудан) өткен диетолог (диеталық бике) талабы енгізілген.

Аталған Қағиданың 43-тармағына сәйкес қызмет берушіні таңдау кезінде техникалық тапсырмаға өнім берушіні таңдау жөніндегі конкурстық құжаттамаға конкурсты ұйымдастырушының перспективалық тарату-мәзірі, тағамдардың, буфет өнімдерінің ассортименттік тізбесі, тағамдардың технологиялық карталары қоса берілетіні белгіленген.

Алайда №80 мектеп-гимназиясы бойынша конкурс өткізу барысында Қағиданың бұл талаптары сақталмаған.

Сонымен қатар, даулы конкурс өткізілгенде Қағиданың талаптары бұзылып, конкурс жеңімпазы ұсынған маманның (диеотологтың) диетология саласында медициналық білімі және біліктілігінің болуын не болмаса диетология саласында біліктілігін арттырудан (қайта даярлаудан) өткен медициналық білімінің болуын растайтын тиісті құжаттарын, оның ішінде уәкілетті орган белгілеген үлгідегі құжаттарды тапсырмаған.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылдың 29 мамырдағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға жеке кәсіпкер Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ғ. Әлжанов Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.