ВС РК - Постановление от 05.05.2022 по делу 6001-22-00-3гп/143 (Гражданское)

6001-22-00- 3гп/143

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 5 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші Н.К.Шәріповтің,

судьялар М.Ж.Бектұрғановтың, Ш.С.Иманиязованың,

талап қоюшының өкілі Н[...],

жауапкердің өкілі А[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы арызданушы Маңғыстау облысы полиция департаментінің көші-қон қызмет басқармасының шетелдік М[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығару туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Маңғыстау облысы Ақтау қаласы № 2 сотының 2022 жылғы 20 қаңтардағы шешімін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы М[...] өкілі А[...] өтінішхаты бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Маңғыстау облысы полиция департаментінің көші-қон қызмет басқармасы (бұдан әрі – Көші-қон қызметі) Өзбекстан Республикасының азаматы М[...] Қазақстанның заңнамасын бұзғаны үшін, Республика шегінен шығарып жіберуді сұраған. Ақтау қаласы № 2 сотының 2022 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен арыз қанағаттандырылып, М[...] Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарылып, шешімді орындау үшін оған 2022 жылғы 07 қаңтарға дейін мерзім белгіленген. М[...] мемлекет кірісіне 1 532 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілген.

М[...] өтінішхатында соттың тұжырымдары істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелер мен сот отырысында анықталған мән-жайларға қайшы келетінін, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюды, Көші-қон қызметінің арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Сот алқасы жауапкердің өтінішхатты қолдаған пікірін, Көші-қон қызметінің қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Iс үшiн маңызы бар фактiлер, заң талаптарына сай сот отырысында жинақталған осы фактiге қатысты жол берiлген және шынайы дұрыс дәлелдермен расталса немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мәнжайларға сәйкес келсе немесе iс бойынша жинақталған дәлелдемелер дауды шешу үшiн жеткiлiктi болса, ондай шешiм негiздi болып саналады.

Іс бойынша қабылданған сот шешімі мұндай заң талаптарына сай келмейді.

Іс құжаттарымен анықталғандай Өзбекстан Республикасының азаматы М[...] Қазақстан аумағында 2021 жылдың 16 шілдесінен бастап тұрып, Ақтау қаласының 12-шағын ауданында орналасқан 11-үйдің [...] тіркелген, уәкілетті органның 2021 жылғы 12 қарашадағы № 12-2021-WP58967 рұқсаты негізінде жеке тұлғаларда еңбек етуге жалдамалы жұмыстар жасаған.

2021 жылғы 13 желтоқсанда М[...] Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 593-бабының 2-бөлігінде көзделген (қауіпсіздік белбеудің пайдалану қағидаларын сақтамау) әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған бес айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза қолданылған.

Сол күні М[...] қатысты ӘҚБтК-нің 590-бабының 7-бөлігімен көзделген (тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару) әкімшілік құқық бұзушылықты бір мезгілде жасағаны үшін оған он бес АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Бірінші сатыдағы сот Көші-қон қызметінің арызын қанағаттандыру туралы шешімін Өзбекстанның азаматы М[...] Қазақстан аумағында тұру кезінде бір жыл ішінде бірнеше рет әртүрлі қоғамдық тәртіп және қауіпсіздікке қарсы әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағанымен негіздеген.

Жоғарғы Соттың сот алқасы келесі негіздер бойынша бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот шешімі материалдық құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.

«Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 28-бабына сәйкес егер шетелдік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса, оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келетiн болса, егер бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса, ол республика шегiнен қуылуы мүмкiн.

Көрсетілген норманың мазмұны бойынша шетелдік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, оның iс-әрекетi мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келіп, бұл халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтауына қажет болса, республика шегiнен қуылуы мүмкiн.

Іс құжаттарына сәйкес, М[...] Қазақстан аумағында тұру кезінде бір жыл ішінде бірнеше рет әртүрлі қоғамдық тәртіп және қауіпсіздікке қарсы әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасаған.

Сонымен қатар, оған бір күнде екі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылған.

Бұл тұрғыда, алқа М[...] бір мезгілде жасаған әрекеттері мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келмейді деп санайды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 4 «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қараудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 6-тармағында берілген түсіндірмелерге сәйкес, шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен кетіру ӘҚБтК-нің ерекше бөлімінде белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша берілетін негізгі немесе қосымша әкімшілік жазалар ретінде қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар, жергілікті соттар М[...] тұрғылықты мекенжайының бар екендігін, табыс көзі мен күнкөріс үшін жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болғанын ескермеген.

Бұл мән-жайларды Жоғарғы Соттың сот алқасы Көші-қон қызметінің Өзбекстан азаматы М[...] Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауға, өтінішхатты қанағаттандыруға негіз болады деп санайды. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Маңғыстау облысы Ақтау қаласы № 2 сотының 2022 жылғы 20 қаңтардағы шешімінің күші жойылсын. Азаматтық іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің көші-қон қызмет басқармасының шетелдік М[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығару туралы арызы қанағаттандырусыз

қалдырылсын.

М[...] өкілі А[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н.Шәріпов

Судьялар

М.Бектұрғанов

Ш.Иманиязова

Көшірмесі дұрыс Судья

М.Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.