ВС РК - Постановление от 22.10.2024 по делу 6001-24-00-6ап/774 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 22 қазан 6001-24-00-6ап/774 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов,

судьялар –Ж.Б.Ермағамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,

жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» РММ-сінің өкілдері А.К.Кеңестің, Ж.Б.Жамбаевтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Асықата-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2022 жылғы 27 желтоқсандағы салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаның күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 31 наурыздағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысына талап қоюшы «Асықата-құрылыс» ЖШС-нің келтірген кассациялық шағымы келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 31 наурыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы «Асықата-құрылыс» ЖШС-гі кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, оларды бұзуды сұраған.

Талап қоюшының өкілі істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Талап қоюшы өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымымен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша бірінші және апелляциялық сатыдағы сот тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілген. Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2022 жылғы 28 маусымда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің 2019 жылғы 1 қаңтар мен 2021 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы салықтық мiндеттемелердi орындау бойынша «Асықатақұрылыс» ЖШС-не және басқа да салық төлеушілерге қатысты жоспардан тыс тақырыптық тексеру тағайындау туралы №461 бұйрығы қабылданған.

Аталған Мемлекеттік кірістер комитетінің бұйрығы негізінде 2022 жылғы 30 маусымда «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен (әрі қарай Департамент) талап қоюшыға қатысты тақырыптық тексеру тағайындау туралы №73 нұсқамасы қабылданып, салықтық тексеруді жүргізуге арналған нұсқама құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда 2022 жылғы 7 шілдеде тіркелген.

Тақырыптық тексеруді Серіктестіктің 2019 жылғы 1 қаңтар мен 2021 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы салықтық мiндеттемелерді орындауы бойынша 30 жұмыс күні ішінде жүргізу жоспарланған.

2022 жылғы 11 шілдеде Серіктестікке құжаттарды 2022 жылғы 11 тамызға дейін табыс ету туралы тапсырма беріліп, 2022 жылғы 12 шілдеде тексеру мерзімінің тоқтатылғаны туралы хабарлама шығарылған.

2022 жылғы 27 желтоқсанда №73 салықтық тексеру актісі дайындалып, корпоративтік табыс салығы бойынша 71 297 994 теңге ауытқу, 15 158 989 теңге өсімпұл, өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстарға және көрсетілген қызметтерге қосылған құн салығы бойынша 16 285 714 теңге ауытқу, 2 814 020 теңге өсімпұл есептелген.

2022 жылғы 28 желтоқсанда Түркістан қаласы, Т.Рустемов көшесі, №131 үй мекенжайы бойынша Серіктестікке салықтық тексеру актісін табыс етудің мүмкін болмағаны жөнінде акті түзілген. 2022 жылғы 27 желтоқсанда №73 салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарлама қалыптастырылып, Серіктестікке жалпы көлемі 105 556 717 теңге салықтарды және (немесе) бюджетке төленетiн төлемдердi төлеу міндеттелген.

Бұл салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламамен келіспеген талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талаппен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаны шығаруға негіз болған, хабарлама салық органының құзыретіне және заңнамаға сәйкес қабылданған деген қорытындыға келген. Соттардың бұл тұжырымдары қате болып табылады.

Сот алқасы соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді.

Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Кодексінің 149-бабына сәйкес, егер осы баптың 6-тармағында өзгеше белгіленбесе, салық төлеушіге (салық агентіне) нұсқама табыс етілген күн салықтық тексеру жүргізудің басталған күні болып есептеледі.

Тексеруді жүргізетін салық органының лауазымды адамы нұсқаманы салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етеді.

Нұсқаманы табыс еткен кезде салық төлеуші (салық агенті) салық органы нұсқамасының данасына нұсқамамен танысқаны және оны алғаны туралы қолын, сондай-ақ нұсқаманы алған күні мен уақытын қояды.

Салық кодексінің 146-бабының 4-тармағына сәйкес, салықтық тексеруді жүргізу мерзімінің өту барысын салық органдары осы бапта көрсетілген негіздер бойынша тоқтата тұруы мүмкін.

Бұл ретте салықтық тексеруді жүзеге асыратын салық органы салықтық тексеруді тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы хабарламаны салық төлеушіге (салық агентіне) құқықтық статистика органын хабардар ете отырып, тоқтата тұру немесе қайта бастау күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оған қолын қойғызып табыс етуге немесе хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы не электрондық тәсілмен жіберуге міндетті.

АПК-нің 68-бабына сәйкес әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.

Осыған байланысты сот салық төлеушінің даулы хабарламаларға қарсылығын растау үшін ұсынған дәлелдемелерді қабылдауға және бағалауға міндетті.

Кассациялық шағымда талап қоюшы «Асықата-құрылыс» ЖШС-нің басшысы Е.Шораевтан немесе қызметкерлерінін серіктестіктің бухгалтерлік құжаттарын тексеруші орган мүлдем алмағандығын, қабылдап тапсыру актісі түзілмегендігін, сонымен қатар, серіктестіктің басшысына Түркістан облысы бойынша МКД-і аудит басқармасының тарапынан 2022 жылдың 30 маусымындағы №73 нұсқаманы мүлдем табыс етілмегендігін және салықтық тексеру мерзімін үзу, қайта бастау құжаттарын алмағандығы көрсетілген.

Сонымен қатар, 2023 жылдың 15 мамырындағы «Сараптық-кешендік бағалау кәсіпорны» ЖШС-нің сот-қолтаңбалық сараптамасының №179 қорытындысына сай ұсынылған құжаттарда «Асықата-құрылыс» ЖШС-нің басшысы Е.Шораев өзінің қолтанбасын қоймаған.

Сотта тексеруді жүргізетін салық органының лауазымды адамы Ж.Жамбаев тексеру тағайындау туралы нұсқаманы салық төлеушіге тиісті түрде табыс етпегенін, сонымен бірге салықтық тексеруді тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы хабарламаларды үш жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті түрде табыс етпегенін немесе хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы не электрондық тәсілмен жолдамағанын анықтады.

Осыған орай, сот жауапкер тарапынан заң бұзушылықтарға жол бергеніне Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігі Мемлекеттік кірістер комитеті басшылығының назарына жеке ұйғарым шығарды.

Жергілікті соттар дауды шешіп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, тараптармен ұсынылған дәлелдемелерге, бастапқы бухгалтерлік құжаттарға тиісті құқықтық баға бермеген және зерттемеген.

Атап айтқанда соттар бастапқы бухгалтерлік құжаттарды, тауарды жеткізу және жұмыстарды орындау сұрақтарын талқыламаған және зерттемеген.

Ол өз кезегінде материалдық және процестік нормаларын бұзу болып табылады.

Мұндай жағдайларда сот алқасы соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту тұжырымдарын мерзімінен бұрын жасалған және негізсіз деп санайды, өйткені істің оны шешу үшін елеулі маңызы бар нақты мән-жайларына жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілмеген.

Жоғарыда айтылғандар соттардың істі қараған кезде талап қоюшының процессуалдық құқықтары бұзылғанын көрсетеді, сондықтан іс үшін маңызы бар мән-жайларды толық анықтау және істі жан-жақты объективті қарау үшін істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарау үшін жолдау қажет.

Жаңа қарау кезінде сот жоғарыда аталған кемшіліктерді жойып, тараптар ұсынған дәлелдемелер мен тараптардың дәлелдерін мұқият зерттеп, қолдануға жататын материалдық және іс жүргізу құқығының нормаларына сәйкес дауды шешуі керек.

Апелляциялық сатыдағы сот жаңа қараған кезде дауды мәні бойынша қарауы, оның мән-жайларына тиісті құқықтық баға беруі және белгіленгеніне байланысты объективті шешім шығаруы тиіс. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 31 наурыздағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысының күші жойылсын, іс Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына қайта қарауға жіберілсін.

Талап қоюшы «Асықата-құрылыс» ЖШС-нің келтірген кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Ғ. Әлжанов

Ж.Ермағамбетова

Судьялар

Б.Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.