ВС РК - Постановление от 06.09.2022 по делу 6001-22-00-6ап/798 (Административное)

№6001-22-00-6ап/798

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 6 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев, талап қоюшының өкілі Е[...], жауапкерлер: Құлсары қаласы әкімінің өкілі У[...],

«Жылыой ауданы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Жер қатынастар бөлімі) өкілі С[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Н[...] жауапкерлер Атырау облысы, [...] әкіміне, Құлсары қаласы әкіміне, Жер қатынастар бөліміне әкімнің шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 наурыздағы қаулысына талап қоюшының өкілі Е[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Н[...] Құлсары қаласы әкімінің 2019 жылғы 14 қаңтардағы №21 шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда ол Құлсары қаласы Теміржолшылар ықшам ауданынан шаштараз, асхана, қонақ үй, жүк қоймасы құрылысын салу үшін көлемі 0,0400 гектар жер учаскесі оның атына тіркелмеген, сондықтан талап қоюшының аталған жер учаскесін игеруге қандай да бір мүмкіндігі жоқ екенін көрсеткен.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 26 қазандағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.

Құлсары қаласы әкімінің 2019 жылғы 14 қаңтардағы №21 шешімінің Н[...] қатысты қабылданған бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Талап қоюшының жауапкерлер Атырау облысы, [...] әкіміне, Жер қатынастары бөліміне қойылған талаптары қанағаттандырудан бас тартылған.

Осы соттың 2021 жылғы 26 қазандағы ұйғарыммен талап қоюшы Н[...] жер учаскесін сатып алу-сату шартын жасауға міндеттеу туралы талап қоюы кері қайтарылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың 2021 жылғы 26 қазандағы шешімі өзгертілген.

Шешімнің талап қоюшы Н[...] талабын ішінара қанағаттандыру бөлігінің күші жойылып, талаптың осы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы Н[...] кассациялық шағымында іс бойынша апелляциялық сот алқасы шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сотының шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілдерінің апелляциялық сот алқасының қаулысын күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық сот алқасы мұндай кемшіліктерге жол бермеген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Құлсары қаласы әкімінің 2007 жылғы 2 қыркүйектегі №1075 шешімімен Н[...] Құлсары қаласы, Теміржолшылар ықшам ауданынан шаштараз, асхана, қонақ үй, жүк қоймасы құрылысын салу үшін көлемі 0,0400 гектар жер учаскесі жеке меншік құқығымен пайдалануға берілген.

2018 жылғы 17 қазанда Н[...] Жер қатынастары бөліміне жер учаскесін сатып алу-сату шартын жасау үшін арызбен жүгінген.

2018 жылғы 5 желтоқсанда Жер қатынастары бөлімі талап қоюшыға сатып алу-сату келісім шартын жасау бойынша түсіндірме алу үшін Жылыой ауданы прокуратурасына хат жолданғанын хабарлаған.

2018 жылғы 8 желтоқсанда Жылыой ауданы прокуратурасы Құлсары қаласы әкімдігіне заң бұзушылықты жою үшін жер учаскелерін кері қайтару бағытында нақты шаралар қабылдау туралы ұсыныс келтірген.

Осы ұсыныс негізінде Құлсары қаласы әкімінің 2019 жылғы 14 қаңтардағы №21 шешімімен талап қоюшыға жер учаскесін беру туралы әкімнің 2007 жылғы 2 қыркүйекте қабылданған №1075 шешімінің күші жойылған.

2021 жылғы 23 маусымда талап қоюшы екінші рет шарт жасақтау үшін Жер қатынастары бөліміне жүгінген.

2021 жылғы 29 маусымда Жер қатынастары бөлімі прокуратураның ұсынысы негізінде Құлсары қаласы әкімінің 2019 жылғы 14 қаңтардағы №21 шешімімен талап қоюшыға жер учаскесін беру туралы шешімнің күші жойылғанын хабарлаған.

Бірінші сатыдағы сот Құлсары қаласы әкімінің 2007 жылғы 2 қыркүйектегі №1075 шешімінің орындалуы тек талап қоюшыға ғана емес, тиісті мемлекеттік органдарға да жүктелгенін, жауапкер тарапынан аталған шешімді орындау үшін тиісті шаралар уақытылы қабылданғанын, жер учаскесі талап қоюшының атына тіркелмегендіктен, оны игеруге мүмкіндігі болмағанын, заңнамамен жер учаскесінің игерілмеуіне байланысты алып қоюдың басқа тәртібі көзделгенін негізге алып, Құлсары қаласы әкімінің 2019 жылғы 14 қаңтардағы №21 шешімінің талап қоюшыға қатысты бөлігін заңсыз деп танып, күшін жойған.

Апелляциялық сот алқасы Құлсары қаласының әкімі шешімінде көрсетілген талаптар орындалғанға дейін оны жоюға құқылы екеніне, талап қоюшы жер учаскесіне құқық беру туралы әкімнің шешімінің талаптарын орындамағанына, жер учаскесін жеке меншік құқығына аудармағанына негіздеп, сот шешімінің талапты ішінара қанағаттандыру бөлігінің күші жою туралы тұжырымға келген.

Апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымы негізді және іс құжаттарымен қуатталған.

Арызданушының жер учаскесін алып қоюдың басқа тәртібі көзделгені, яғни мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың талап арызы бойынша сот тәртібімен қаралуға жатады деген уәждері негіссіз.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №6 «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес, соттар, атқарушы органның жер учаскесіне құқық беру туралы өз шешімін онда көрсетілген талаптар орындалғанға дейін, мәселен, тұлға жер учаскесіне мемлекеттік акті алғанға дейін, өзгертуі, жоюы мүмкін екенін назарға алуы керек. Аталған құжаттарды алған сәттен бастап жер пайдаланушы жеке меншік, тұрақты немесе уақытша жер пайдалану түріндегі жер пайдалану құқықтарына ие болады, сондықтан құқық туралы туындаған дау сот тәртібімен ғана шешілуі тиіс.

Демек, жергілікті атқарушы орган жер учаскесіне құқық беру туралы өз шешімін онда көрсетілген талаптар орындалғанға дейін, жер учаскесіне құқық куәландыратын құжаттар алынғанға дейін жоюға құқылы. Осыған орай, апелляциялық сот алқасы шешім қабылдағанда жауапкермен бұрынғы 2007 жылғы 2 қыркүйектегі №1075 шешімнің күші жойылғанға дейін талап қоюшымен оның талаптары орындалмағаны ескерілген.

Атап айтқанда, Н[...] Жер қатынастары бөліміне жер учаскесіне құқықтарын куәландыратын құжаттарды жасақтауға жүгінбегені, 2007 жылғы 2 қарашаға дейін 318 000 теңге көлемінде жер учаскесінің сатып алу құнын төлемегені, бұдан кейін екі апта ішінде аудандық салық комитетіне тіркелмегені, 3 (үш) айда шаштараз, асхана, қонақ үй, жүк қоймасы құрылысын жобаламағаны, 6 (алты) апта мерзімде құрылыс жұмыстарын жүргізуді бастамағаны назарға алынған.

Талап қоюшы ұзақ жылдар бойы жер учаскесіне өзінің меншік құқықтарын тіркеу бойынша тиісті шаралар қабылдамай, Жер қатынастары бөліміне жер учаскесін сатып алу-сату келісім шартын жасауға тек 2018 жылғы 17 қазанда жүгінген. Бұл жағдайларды ескеріп, апелляциялық сот алқасы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 8-бабының негізінде талап қоюшының құқығы қорғауға жатпайтыны туралы дұрыс тұжырымға келген.

ӘРПК-нің 8-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.

ӘРПК-нің 10-бабының 1-тармағына сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс.

Сот алқасы ӘРПК-нің 2-тарауына сай әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының бірі мөлшерлестік қағидаты болып табылатынын назарға алады.

Осы кодекстің 6-бабына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген әкімшілік рәсімдердің қағидаттары түпкілікті болып табылмайды және құқықтың басқа да қағидаттарын қолдануға кедергі болмайды. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады. Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған апелляциялық сот алқасының сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан аталған сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Е[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.