6001-23-00-6ап/3381
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 13 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып,
жауапкерлер А[...]., К[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «ЖН[...]» шаруа қожалығы Г[...] Газиз Жолдасовичтың жауапкерлер жеке сот орындаушысы А[...], К[...] «Jusan Bank» акционерлік қоғамындағы есеп-шотынан субсидия сомасынан өндіріп алу іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап арызы бойынша қабылданған,
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 қыркүйектегі шешіміне және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы қаулысына жауапкерлердің кассациялық шағымдарымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
«ЖН[...]» шаруа қожалығы сотқа талап арызбен жүгініп, онда жауапкерлердің атқарушылық өндірістер бойынша шаруа қожалықтың «Jusan Bank» акционерлік қоғамында ашылған есеп-шотына «Атырау облысының ауыл шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесінен ауылшаруашылық жануарларына жем-шөп дайындау үшін түскен қаржылық субсидия сомасынан өндіріп алу әрекеттерін заңсыз деп тануды сұраған.
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 қыркүйектегі шешімімен талап арыз толық көлемде қанағаттандырылған.
– ЖСО А[...], К[...] «ЖН[...]» шаруа қожалығы Г[...] «Jusan Bank» акционерлік қоғамындағы есеп-шотынан субсидия сомасынан өндіріп алу іс-әрекеттері заңсыз деп танылған.
Талап қоюшының бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында ЖСО А[...] өндірілген 267 692 теңгені, ЖСО К[...] өндірілген 15 315 теңгені қайтару міндеттелген.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.
Ж[...] кассациялық шағымдарында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Ж[...] А[...] және К[...] кассациялық шағымдарын қолдаған пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алған.
Іс құжаттарына қарағанда, 2022 жылғы 25 мамырдағы Атырау облысы Мақат аудандық сотының үкімімен Г[...] Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 400-бабымен кінәлі деп танылып, жәбірленушілерге 15 315 теңге өндірілген. 2022 жылғы 23 маусымда ЖСО К[...] атқарушылық өндіріс қозғалып, борышкердің мүлкіне тыйым салынып, Банктерге орындау үшін жолданған.
2022 жылғы 19 желтоқсанда «ЖН[...]» шаруа қожалығының есепшотына «Атырау облысының ауыл шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесінен малға жем-шөп дайындау үшін берілген 1 640 000 қаржылық субсидиядан 15 315 теңге ұсталып, атқарушылық өндіріс тоқтатылған.
2022 жылғы 16 мамырдағы Атырау облысы Мақат аудандық сотының шешімімен талап қоюшы Г[...] өндіріп алушы С[...] пайдасына 197 551 теңге өндірілген. Осыған орай, 2022 жылдың 4 шілдесінде ЖСО А[...] атқарушылық өндірісі қозғалып, борышкердің мүлкіне тыйым салынып, Банктерге орындау үшін жолданған.
2022 жылдың 19 желтоқсанда ЖСО А[...] инкассалық өкімі бойынша «ЖН[...]» ШҚ-ның есеп-шотындағы қаржылық субсидиядан 197 551 теңге ұсталып, атқару парағы орындалуына байланысты өндіріс тоқтатылған.
2022 жылғы 17 мамырдағы Г[...] Қазақстан Республикасының ӘҚБК-нің 591-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 30 630 теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тартылған, осыған орай 2022 жылғы 12 шілдеде ЖСО А[...] қаулысымен атқарушылық өндіріс қозғалып, инкассалық өкім бойынша «ЖН[...]» ШҚ-ның есеп-шотынан 30 630 теңге ұсталып атқарушылық өндіріс тоқтатылған.
ЖСО А[...] борышкерден қызмет ақысын өндіру туралы қаулы қабылдап, 2023 жылғы 9 қаңтарда тиісті атқарушылық өндіріс қозғап, орындалуына байланысты өндіріс тоқтатылған. Төменгі саты соттары талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда сот орындаушылардың заң бұзушылықтарға жол бергенін, яғни талап қоюшының «Jusan Bank» АҚ-да ашылған есеп-шоты қандай негізбен ашылғанын, қаражаттың қайдан түскенін анықтамағанын, нәтижесінде ауылшаруашылық жануарларына жем-шөп дайындау үшін берілген арнайы субсидиядан негізсіз өндіріп алған деп тұжырымдаған.
Сонымен қатар, жеке сот орындаушылар шаруа қожалығы ортақ бірлескен базасы негізінде отбасылық кәсіпкерлік нысанында құрылғанын ескермеген деп негіздеген. Сот алқасы төменгі сатыдағы соттардың аталған тұжырымдарын заңды әрі негізді деп санауға болмайды деп есептейді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 76 бабының 3 тармағына сәйкес соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады.
«Сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағының талаптарына сәйкес, шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда сот орындаушылардың Банктерге заңды күшіне енген сот актілерін орындау үшін жолдаған инкассалық өкiмдері бойынша борышкер Г[...] жеке тұлға ретінде ашылған есеп-шотындағы ақшасына жіберілгенін жете ескермеген.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 40-бабының талаптары бойынша, дара кәсiпкерлер өз мiндеттемелерi бойынша, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндiрiп алу қолданылмайтын мүлiктi қоспағанда, өздерiнiң барлық мүлкiмен жауапты.
Жеке тұлға өзiндiк кәсiпкерлiктi жүзеге асырған кезде, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өндiрiп алу қолданылмайтын мүлiктi қоспағанда, өзiнің барлық мүлкiмен, оның iшiнде ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгiндегi үлесiмен жауапты болатыны қарастырылған.
Істің бұндай тұрғысында сот орындаушылардың борышкердің жеке тұлға, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген банктік есеп-шотынан өндірілуге тиісті сомманың ұсталынуы жоғарыда аталған Заң нормаларына сай келеді.
Сонымен қатар, борышкердің есеп-шотындағы ақша мемлекеттік бюджеттен және (немесе) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердіне жатпайтынын ескерген жөн. ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жарияқұқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Сот алқасы, төменгі саты соттарының тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға сәйкес келмейді және материалдық құқық нормаларына қайшы жасалған деп санайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға құқықтық баға бере отырып, жергілікті соттардың сот актілері толығымен жойылуға, ал кассациялық шағым иелерінің өтінішхаттары қанағаттандырылуға жатады деп есептейді.
АПК-нің 108 бабтың 1 -бөлігінің 7) тармақшасына сәйкес талап қоюшы «ЖН[...]» шаруа қожалығынан жауапкер Қ[...] пайдасына 117 489 тенге сот шығындары өндірілуге жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 4 қыркүйектегі шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы қаулысының күші жойылып, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдансын.
Ж[...] А[...], К[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.
«ЖН[...]» шаруа қожалығынан жауапкер К[...] пайдасына 117 489 теңге өндірілсін. Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев Судьялар Ғ.Ө. Әлжанов Г.К. Нұрбаев Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.