Қ А У Л Ы
2026 жылғы 28 мамыр №6003-26-00-2к/1748 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова,
Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Д.Ж.Алдамжарованың, жауапкер өкілі А.Ахметұлының, аудармашы Е.А.Төкештің бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің «№9 қалалық емхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны (бұдан әрі - Кәсіпорын) жауапкер жеке кәсіпкер «ITGroup» атауымен әрекет етуші Фатима Мнапасовна Замадинованы (бұдан әрі - Кәсіпкер) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық азаматтық істі талап қоюшының Кәсіпорынның Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Кәсіпорын сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Кәсіпкер шарт талаптарын тиісінше орындамағанымен, жеткізілген тауар техникалық сипаттамаға сәйкес келмейтінімен негіздеген.
Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Кәсіпорын кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Апелляциялық сатыдағы сот «Мемлекеттік сатып алу туралы» 2024 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 4- тармағының 4) тармақшасын, «Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі №4 нормативтік қаулысының 3-тармағын дұрыс
қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, тараптар арасында «Бағалы ұсыныныстарға сұраным» мемлекеттік сатып алудың қорытындылары негізінде 2025 жылғы 29 қаңтарда №69 тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған (бұдан әрі - шарт).
Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын №1 қосымшасына сәйкес Кәсіпкер бір дана «Alpinion» компаниясы E-Cube 8 ультра дыбыстық зерттеу аппараты үшін DC PSU тұрақты ток қоректендіру блогын (бұдан әрі - тауар) шарт жасалған күннен бастап тоқсан күнтізбелік күн ішінде жеткізуге міндеттенген, шарттың жалпы құны 3 377 000 теңге құраған.
Кәсіпкер жеткізген тауарды Кәсіпорын қабылдамай, 2025 жылғы 18 наурыздағы және 18 сәуірдегі тауардың техникалық сипаттамаға сәйкессіздігі туралы актілерді рәсімдеген. Бұл актілерге сәйкес тауардың зауыттық қаптамасының, сериялық нөмірінің, тауардың зауыттық сапа сертификатының және/немесе техникалық төлкұжатының түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмесінің жоқтығы, тауардың сыртқы бетінде механикалық зақымдардың (сызылған) болуынан, оның жаңа әрі пайдаланылмағандығына күмән туатындығы, тауардың шығу сертификатының мемлекеттік тілге аударылмағаны көрсетілген.
Сонымен қатар, Кәсіпорын тарапынан шартты бір жақты бұзу туралы хабарлама жолданып, 2025 жылғы 13 мамырдан бастап шарт бір жақты бұзылған.
Бұл жағдайда апелляциялық сатыдағы сот Кәсіпорынның әрекетіне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі оған Кәсіпкер тарапынан шарт міндеттемелері тиісті түрде орындалмағаны туралы 2025 жылғы 18 наурызда белгілі болған, сондықтан ол талап қоюды сотқа 2025 жылғы 18 сәуіріне дейін беруге міндетті бола тұра талап қоюмен сотқа 2025 жылғы 13 мамырда жүгінген.
Істің мұндай тұрғысында талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, бірінші сатыдағы сот шешімі және апелляциялық алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 9 қыркүйектегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 қарашадағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің «№9 қалалық емхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Бастаубаев
Судьялар М.Кадырова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.