№6003-25-00-2к/2949
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 15 желтоқсан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов талап қоюшының өкілі П.К.Жандарбековтың, жауапкердің өкілі Р.Н.Дюсенбаевтің,
үшінші тұлға өкілі Г.К.Карибозованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Айдана Батырқызы Пахридинованың жауапкер Мейирбек Ерболович Калдыбековке ақшаны өндіру туралы азаматтық іс бойынша Қонаев қалалық сотының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы шешімі мен Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы А.Б.Пахридинова аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкер М.Е.Калдыбековке «Алаш» сауда кешенінде орналасқан №36 сауда орнын сатып алу үшін берген 40 000 АҚШ долларының бағасы 19 915 600 теңгені, сауда орнын жалға алу үшін төлеген 1 125 000 теңгені, 5 338 103 теңге тұрақсыздық айыпақыны өндіруді сұраған.
Қонаев қалалық сотының 2024 жылғы 11 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 21 040 600 теңге, 533 810 теңге тұрақсыздық айыпақы өндірілген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер шағымында қабылданған сот актілерімен келіспей, материалдық және процесстік құқық нормалары бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамай, істің нақты мән-жайларына сай келмейтін түйіндер мен тұжырымдар жасап, заңсыз шешім қабылдағандықтан, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа сот актісін шығаруды сұраған. Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Анықталғаны, «AVTO-HOUSE LIVITED» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ЖШС) жеке кәсіпкерлік қызметпен айналысатын
шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылады және Шымкент қаласы, Темірлан тасжолы, 198 мекен жайында орналасқан «Алаш» сауда кешені оған тиесілі.
2018 жылғы 3 қаңтарда ЖШС-і мен К.Т.Дарапованың арасында жалға беру шарты жасалып, соңғыға аталған сауда кешенінде орналасқан №36 сауда орны (бұдан әрі - сауда орны) жалға берілген.
К.Т.Дарапова 2020 жылы 2 шілдеде қайтыс болған.
Кейін, аталған сауда орны ЖШС-мен жеке кәсіпкер К.Е.Калдыбековаға (жауапкердің қарындасы) 2020 жылғы 21 шілдедегі шарттың негізінде жалға берілген.
Талап қоюшы сауда орнын жалға алу үшін жауапкерге 2020 жылғы 1 мамырдан бастап 2021 жылғы 26 қаңтарға дейін «Kaspi Gold» қосымшасы арқылы 1 125 000 теңге аударым жасаған. Қосымша, 2021 жылы талап қоюшы сауда орнын сатып алу үшін жауапкерге 40 000 АҚШ долларын қолма қол берген. 2021 жылғы 1 қаңтардағы және 2022 жылғы 1 қаңтардағы жалға беру шарттары негізінде ЖШС жеке кәсіпкер А.Б.Пахридиноваға сауда орнын жалға берген.
Әрі қарай, ЖШС-і мен жеке кәсіпкер А.М.Онласбековтың арасында жасалған жалға алу шарты негізінде, соңғымен сауда орны жеке кәсіпкер А.Б.Пахридиноваға 2022 жылы 1 шілдеде және 2023 жылы 1 қаңтарда жасалған қосалқы жалға беру шарттары бойынша жалға берілген.
Соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі -АК) 353, 393-баптарының талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мәнжайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды негізді түрде ішінара қанағаттандырған.
Іс құжаттарынан және сот отырысында жауапкер М.Е.Калдыбеков талап қоюшы А.Б.Пахридиновадан өз ара ауызша келісімі бойынша сауда орнын жалға алу үшін 1 125 000 теңге және оны сату үшін 40 000 АҚШ долларын заңсыз алғаны анықталған.
Себебі жуапкер сауда орнының меншік иесі болып табылмайды, оны жалға немесе қосалқы жалға беруге, сондай-ақ сатып алу-сатуға құқығы болмаған.
Сондықтан соттар АПК-нің 72-бабын, 225-бабының 2-бөлігін және АКнің 353-бабын дұрыс басшылыққа алып, қолма қол берілген 19 915 600 теңгені, жалға бергені үшін төленген 1 125 000 теңгені және 533 810 теңгеге тұрақсыздық айыпақыны жауапкерден талап қоюшының пайдасына заңды әрі негізді түрде өндірген.
Істің бұл тұрғысында кассациялық сот дауланып отырған сот актілері заңнама талаптарына толық сәйкес келеді деп санайды.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот
актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, кассациялық шағымда көрсетілген уәждер соттармен жан-жақты зерттеліп, тиісті баға берілген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
Жауапкермен кассациялық шағым берерде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (әрі қарай - Салық кодексі) 610-бабының 2-бөлігіне сәйкес мүліктік дау бойынша баж төленбеуіне байланысты жауапкерден мемлекет пайдасына (215 745 : 2) 107 872 теңге баж өндірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Жауапкер Мейирбек Ерболович Калдыбековтен мемлекет пайдасына 107 872 (бір жүз жеті мың сегіз жүз жетпіс екі) тенге баж өндірілсін.
Г.Джаппарова
Судьялар А.Есдаулетов
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.