6001-24-00-6ап/1033
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 14 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Г.К. Нурбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Айгерим Дуйсебековна Тажиеваның жауапкер жеке сот орындаушы Кайрат Еркинович Абдрамановқа 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысының күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 қаңтардағы шешімі мен жеке ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 ақпандағы қаулысы мен ұйғарымына жауапкер К.Е.Абдрамановтың кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап коюшы А.Д.Тажиева жоғары көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының 2019 жылғы 6 желтоқсандағы сот бұйрығымен О.А.Кожакуловтан кәмелет жасқа толмаған ортақ 6 баласын асырап-бағуға, айлық табысының және (немесе) өзге де кірісінің - 1/2 бөлігі мөлшерінде алимент өндіріліп, атқарушылық өндіріс қозғалғанын көрсеткен.
2023 жылдың 15 желтоқсанында алимент берешегін айқындап беру туралы арызын сот орындаушысы К.Абдраманов негізсіз қанағаттандырусыз қалдырғанын, себебі сот бұйрығы қабылданған күннен бастап үш жылдық мерзім шегіндегі кезеңді көрсетпеген және өткен кезең үшін алименттік міндеттемелер бойынша ай сайынғы төлемдерді төлеуді растайтын құжаттар ұсынылмағанын көрсеткен.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 ақпандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған. Жеке сот орындаушы К.Е.Абдрамановтың 2023 жылғы 21 желтоқсанындағы қаулысының күші жойылған.
Сондай-ақ осы сотпен жеке сот орындаушы К.Е.Абдрамановтың «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының нормаларын бұзғаны туралы Шымкент қаласының жеке сот орындаушылар палатасына хабарлау үшін жеке ұйғарым қабылданған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 ақпандағы қаулысымен және ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Жауапкер жеке сот орындаушы К.Е.Абдраманов кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру тралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сотқа қатысушылар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, сот орындаушының 2023 жылғы 4 мамырдағы қаулысымен борышкер О.А.Кожакуловтан өндіріп алушы А.Д.Тажиеваның пайдасына алты баласына ½ мөлшерде алимент өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған.
Сот орындаушының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысымен, талап қоюшының алимент берешегін сот бұйрығы шыққан күннен бастап айқындап беру туралы 2023 жылғы 15 желтоқсандағы арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Аталған сот орындаушының қаулысына сәйкес, борышкердің алимент берешегін айқындап беру туралы арызымен өндіріп алушының сенімді өкілі 17 шілде 2023 жылы, 9 тамыз 2023 жылы және 1 қараша 2023 жылы, яғни үш рет жеке сот орындаушысына жүгінген. Осы арыздарға жеке сот орындаушы тарапынан 28 тамыз 2023 жылы қаулы қабылдап, борышкер О.А.Кожакуловтың алимент бойынша қарыз берешегі болмауына байланысты қанағаттандырусыз қалдырылып, қаулы тараптарға 2023 жылғы 31 тамыздағы №297/23-79 шығыс хатымен жолданған. Өндіріп алушыға 4 қыркүйек 2023 жылы «Казпошта» АҚмен табысталған.
Одан басқа 7 қараша 2023 жылы қаулы қабылданып, борышкер О.А.Кожакуловтың алимент бойынша қарыз берешегі болмауына байланысты арыз қанағаттандырусыз қалдырылып, қаулы тараптарға жолданып табысталған болатын.
Борышкер О.А.Кожакуловтың жалақысынан және өзге де табыс түрлерінен өндіріп алу туралы қаулыға сай, «REGroup» ЖШС-нен өндіріп алушы А.Тажиеваға ай сайын алимент ұсталынып отырған. Ол бойынша борышкердің жұмыс орны «REGroup» ЖШС-нен төлем тапсырыстар жолданған.
23 қараша 2023 жылғы №257, 20 желтоқсан 2023 жылғы №№268, 269 «Kaspi Bank» АҚ-ның төлем тапсырыстары бойынша «REGroup» ЖШС-нен өндіріп алушы А.Тажиеваның пайдасына 2023 жылдың қазан, қараша және желтоқсан айларына 30 734 теңгеден барлығы 92 202 теңге аударылғаны анықталған.
28 тамыз 2023 жылғы қаулының уәждеу бөлігінде неліктен өндіріп алушы А.Д.Тажиеваның алимент бойынша берешегін анықтау туралы арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімге келгені жауапкер сілтеме жасаған.
Ал жауапкердің 28 тамыз 2023 жылғы қаулысына сай Kaspi Gold үзіндісін зерделеу барысында борышкер О.А.Кожакулов өндіріп алушы А.Тажиеваға 2020 жылы - 703 600 теңге, 2021 жылы - 891 300 теңге, 2022 жылы - 1 320 000 теңге алимент аударған делінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 138-бабы 1-тармағына сәйкес, борышкер, өндіріп алушының «Kaspi Bank» акционерлік қоғамындағы есеп шотына 2020 және 2022 жылдар аралығында аударған сомалар алимент деп есептелуге жатпайтындығымен негіздеген.
Борышкер талап қоюшымен бірге тұрып, бір шаруашылық жүргізіп жүріп, аударымның нысаналы мақсатын алимент деп көрсетпей, өндіріп алушының шотына жіберілген қаражатты алимент ретінде төлегенін дәлелдеуге тиісті деп баға бере отырып, даулы қаулыны заңсыз қабылданған деген тұжырымға келген.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 270-бабына сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымы және оны күшінде қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымы жоғарыда көрсетілген нормаларға сай қабылданған. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 қаңтардағы шешімі мен жеке ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 ақпандағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер жеке сот орындаушы Кайрат Еркинович Абдрамановтың кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар Г.К. Нурбаев Е.Ж. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.