Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3801 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 17 желтоқсан №6003-25-00-2к/3801 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья Г.Бастаубаев, судьялар А.Даненова, А.Токсанбаев,

талап қоюшы Ж.Кулмурзаева, оның өкілі Г.Усипова, жауапкер М.Сабанбаев, оның өкілі М.Темирбековтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Жанар Шекеримовна Кулмурзаеваның жауапкер Медет Абдумуталимович Сабанбаевқа сатып алусату шарты негізінде төленген пәтердің құнын өндіру және материалдық шығынды өндіру туралы талап қоюымен қабылданған Жамбыл облысы Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 14 қаңтардағы шешіміне және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысына талап

АНЫҚТАДЫ:

Ж.Кулмурзаева жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Жамбыл облысы Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 14 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкер М.Сабанбаевтан талап қоюшы Ж.Кулмурзаеваның пайдасына 8 431 630 теңге және 84 316 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында, жергілікті соттарымен сатып алу-сату шарты негізінде төленген пәтердің құны қайтарылуға жататынын бекітетін дәлелдемелерге дұрыс құқықтық баға бермегенін көрсетіп, сот актілерін өзгертіп, талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді.

әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 338-бабы 2-тармағына сәйкес егер мiндеттеменiң орындалмауына кепiлпұл берген тарап жауапты болса, ол екiншi тарапта қалады, ал егер кепiлпұл алған тарап жауапты болса, ол екiншi тарапқа кепiлпұлдың екi еселенген сомасын төлеуге мiндеттi. Оның үстiне, шартта өзгеше көзделмегендiктен,

мiндеттеменiң орындалмауына жауапты тарап екiншi тарапқа кепiлпұл сомасын ескере отырып, шеккен залалдың орнын толтыруға мiндеттi.

2023 жылғы 2 наурыздағы сыйға тарту шартына сәйкес талап қоюшы М.Сабанбаевке Тараз қаласы, массив «Қарасу», 11 үй, 20 пәтер меншік құқығымен тиесілі болған.

2023 жылғы 8 сәуірдегі нотариус Р.Байжановпен куәландырылған №937 тізілімде тіркелген кепіл туралы келісім шартына сай сатып алушы Ш.Кулмурзаева даулы пәтерді 20 000 000 теңгеге сатып алу мақсатында сатушы М.Сабанбаевке 10 000 000 теңгені берген.

2023 жылғы 8 сәуірдегі нотариус Р.Байжановпен куәландырылған №940 тізілімде тіркелген бөліп-бөліп төлеу туралы сатып алу-сату шартына сай сатушы М.Сабанбаев даулы пәтерді 20 000 000 теңгеге сатып алушы Ш.Кулмурзаеваға сатқан.

Даулы пәтерге меншік құқығы Ш.Кулмурзаеваның атына тіркеуші органда 2023 жылғы 11 сәуірде тіркелген.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Тараз қалалық сотының 2024 жылғы 21 маусымдағы шешімімен талап қоюшы М.Сабанбаевтың жауапкер Ж.Кулмурзаевқа сатып алу-сату келісім шартты бұзу туралы талап қоюы қанағаттандырылған.

2023 жылғы 8 сәуірдегі кепілпұл туралы келісім шарттың 1, 4- тармақтарына сәйкес, қалған 10 000 000 теңгені кепілпұл беруші Ж.Кулмурзаева «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамынан несие алу арқылы 2023 жылғы 8 мамырға дейін төлеуге міндеттенген. Егер, Ж.Кулмурзаеваның кінәсінен шарт орындалмаған жағдайда 10 000 000 теңге кепілпұл М.Сабанбаевта қалады деп көрсетілген.

АК-нің 337-бабына сай, уағдаласушы тараптардың бiреуiнiң шарт бойынша өзiнен алынатын төлемнiң есебiнен екiншi тарапқа және шарт жасау мен орындауды не өзге мiндеттеменi орындауды қамтамасыз етуге берiлетiн ақшалай сома кепiлпұл деп танылады.

Кепiлпұл туралы келiсiм кепiлпұлдың сомасына қарамастан жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Бұл қағида негiзгi мiндеттемені нотариат куәландыруға тиiс болатын жағдайда да қолданылады. Жазбаша нысанды сақтамау кепiлпұл туралы келiсiмнің маңызсыздығына алып келеді.

АПК-нің 76-бабы 2-бөліміне сәйкес соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мәнжайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.

Заңды күшіне еңген Тараз қалалық сотының 2024 жылғы 21 маусымдағы шешімімен талап қоюшы Ж.Кулмурзаеваның кепілпұл туралы келісім шартты тиісті түрде орындамағандығы анықталған.

Осыған байланысты жергілікті соттармен талап қоюшы Ж.Кулмурзаеваның жауапкер М.Сабанбаевтан 10 000 000 теңге кепілпұлды өндіру туралы талап қоюы дұрыс қанағаттандырусыз қалдырылған.

Сонымен бірге, жергілікті соттармен талап қоюшы Ш.Кулмурзаева даулы пәтерде күрделі жөндеу жұмыстары мен жиғаз орнатуға барлығы 8 431 630 теңге жаратқаны 2023 жылғы 5 мамырдағы талап қоюшы Ж.Кулмурзаева мен

«Каплюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арасында жасасқан мердiгерлiк шартты және №245 түбіртегімен бекітілгендіктен, осы соманы өндіру туралы талап қою қанағаттандырған.

Тараптар сот актілерінің бұл бөлігіне кассациялық шағым бермеген.

Жергілікті соттармен іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берілген.

Талап қоюшының кепілпұл шартында көрсетілген мерзімде қалған ақшаларды банктен алып беруге жауапкер М.Сабанбаев пәтерді 2023 жылғы 4 мамырда бергені кедергі болғаны, төрт күнде пәтерді кепілге қойып, несие алу мүмкін болмағаны туралы уәжін сот негізсіз деп табады, себебі, кепілпұл шартымен қалған ақшаны талап қоюшы сатып алынатын пәтерді банкке кепілге қойғаннан кейін беретіні көзделмеген.

Жоғарыда көрсетілген 2024 жылғы 21 маусымдағы сот шешімімен талап қоюшы Ж.Кулмурзаева несиені банктен уақтылы алуға Халыққа қызмет ету орталықтары, банктер және басқа органдарда тіркеу қызметтері 2023 жылғы мамырда жұмыс істемегені себеп болғанына және бұл мәмілемен риэлтор айналысқанына тиісті құқықтық баға берілген.

Сонымен талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың қорытындыларын теріске шығаратын дәлелдер келтірмеген. Шағым иесімен сот алқасының материалдық және процестік құқықтық нормалары елеулі түрде бұзғаны туралы дәлелдемелер ұсынылмаған. Сондықтан, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Жамбыл облысы Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 14 қаңтардағы шешімі және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Г.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Даненова

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.