№6001-23-00-6ап/1586
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 23 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Ш.Т.Даниярова, жауапкердің өкілі М[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер «Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 сәуірдегі ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 мамырдағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі К[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 сәуірдегі ұйғарымымен талап қою қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 мамырдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы жауапкер өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, Департаментпен кадастрлық №[...] санды жер учаскесінің іс-құжаттарына қатысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі бойынша Сайрам ауданының жылжымайтын мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссияның 2007 жылғы 18 мамырдағы шешімімен талап қоюшы А[...] бос жер учаскесі заң талаптары сақталмай табысталғаны туралы қорытындыға келген.
Талап қоюшы Департаменттің зерделеу жұмыстарын жүргізу бойынша іс-әрекетімен келіспей, сотқа жүгінген.
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігі 11) тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, зерделеу жұмыстарын жүргізу іс-әрекеті әкімшілік актіге жатпайды, жауапкердің іс-әрекеті жарияқұқықтық қатынастардағы әрекет болып табылмайды, ол әрекеттермен талап қоюшының құқықтарын іске асырудан бас тартылмаған, тоқтатылмаған немесе оған міндет жүктелмеген деп көрсеткен.
Соттардың бұл тұжырымы негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І: Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 сәуірдегі ұйғарымы мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 16 мамырдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Ғ. Әлжанов Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.