6001-22-00-3гп/155
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 18 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.Шәріпов, судьялар М.Балкен, Р.Қуанышбаева,
талап қоюшының өкілі К[...],
жауапкердің өкілі И[...] қатысуларымен мобильдік бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы У[...] жауапкерлер Н[...], Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - ММ) әкімнің өкімін, мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның шешімін жарамсыз деп тану және заңсыз салынған тұрғын үйді бұзу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысына жауапкер Н[...] өкілі И[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
У[...] сотқа аталған талап қою арызымен жүгініп, онда өзіне тиесілі Шымкент қаласы, Абай ауданы, Тұрлан шағын ауданы, № 62/1 мекенжайында орналасқан жер учаскесі мен Н[...] иелігіндегі жер учаскесі бір координатта орналасқандықтан, жауапкердің атына құжаттар заңсыз берілгендігімен негіздеген.
Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2021 жылғы 3 маусымдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімі өзгертілген. Шешімнің заңсыз салынған тұрғын үйді бұзу туралы қанағаттандырусыз қалдырылған бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Н[...] Шымкент қаласы, Абай ауданы, Тұрлан шағын ауданы, № 62 жер учаскесінде заңсыз салынған тұрғын үйді өз есебінен бұзу міндеті жүктелген. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Арыз беруші өтінішхатта іс бойынша қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, істі қарау барысында материалдық құқық нормалары
бұзылуына байланысты дау айтылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі - сот алқасы) жауапкердің өкілі И[...] өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшының өкілі К[...] қарсы пікірін, іс материалдарын зерттеп, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған апелляциялық қаулының күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін негiз болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс материалдарынан анықталғандай, Шымкент қаласы Қызылжар селолық әкімінің 2004 жылғы 14 желтоқсандағы № 581 өкімімен Н[...] алаңы 800 шаршы метр жер учаскесі тұрғын үй салу үшін табыс етілген.
Шымкент қаласы әкімдігінің жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы 27 ақпандағы № 23876 шешімімен Н[...] атына Тұрлан шағын ауданында орналасқан № 62 жер учаскесі жария етілген.
У[...] Шымкент қаласы, Тұрлан шағын ауданында орналасқан № 62/1, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесін 2020 жылғы 15 сәуірде Д[...] сатып алып, меншік құқығы 2020 жылғы 16 сәуірде тіркелген.
Бірінші сатыдағы сот 2004 жылғы 14 желтоқсандағы әкімнің өкімін және 2007 жылғы 27 ақпандағы мүлікті жария ету жөніндегі шешімді заңсыз деп тану туралы талаптарды қанағаттандырудан бас тарта отырып, әкімнің өкімі талап қоюшының құқықтарын бұзбайды, жер учаскесін жария ету жөніндегі комиссияның шешімін жарамсыз деп тануға құқықтық негіздер жоқ деп уәждеген.
Апелляциялық сатыдағы сот бұл тұжырымдармен келіскен.
Сонымен бірге, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың заңсыз салынған тұрғын үйді бұзу туралы талапты қанағаттандырусыз қалдырылған бөлігін негізсіз деп танып, 2020 жылғы 25 желтоқсандағы тексеру актісіне сәйкес кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі өз орнында орналасқанын және бұл жерде бөгде адамның тұрғын үйі бар екенін көрсеткен.
Аталған акті бойынша кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесінің орналасуы кадастр ісіндегі мәліметтердің координаттары бойынша және мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйесі дерекқорының графикалық бөлігінде өзге жер учаскесінде орналасқан.
Алайда, жер кадастрлық ісіндегі абрис және орналасу сызбасы бойынша даулы болып жатқан жер учаскесіне түседі. Жер учаскесінде тұрғын үй орналасқаны және сәйкестендіру құжаты бойынша алаңы 0,08 га құрайды.
«Шымкент қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ-нің 2021 жылғы 6 сәуірдегі хатына қарағанда, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі Шымкент қаласы, Ынтымақ-2 шағын ауданы, Кеңістік көшесінде, ал кадастрлық нөмірі [...] Имантау көшесінде орналасқан.
Осыған орай, апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшыға тиесілі жер учаскесіне пайдалану, билік ету, иелік ету құқығы сол жерде орналасқан жауапкердің тұрғын үйімен бұзылғандықтан, Н[...] тұрғын үйі бұзылуға жатады деп тапқан.
Сот алқасы апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келісе алмайды, себебі ол мерзімінен бұрын жасалған деп санайды.
Талап қоюшының пікірінше дау «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпарациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Азаматтарға арналған үкімет) жүгінген кезде оның жер учаскесі кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесіне беттесе орналасып, мемлекеттік актіні беруден бас тартылғандықтан туындаған.
Уәкілетті органдардың жауаптарына сәйкес А.У[...] шағын ауданы № 62/2, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі, ал Н[...] аталған шағын аудандағы № 62 а, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі тіркелген. Бұл ретте талап қоюшының жер учаскесі Кеңістік, ал жауапкердің жер учаскесі Имантау көшелерінде орналасқан.
2020 жылғы 25 желтоқсандағы жер учаскесінің нақты шекараларын белгілеу актісіне сай, Ынтымақ ауылдық округінің жер учаскелерінің орналасу сызбасы бойынша жоғарыда аталған тараптардың жер учаскелері № [...] учаскесінде орналасқан.
Апелляциялық сатыдағы сотпен іске Азаматтарға арналған үкіметінің маман-жерге орналастырушысы тартылған, алайда маманмен жер учаскелерінің орналасу шекараларын анықтау жұмыстары белгісіз себептермен жүргізілмеген. Қабылданған қаулы уәкілетті органдардың қарама-қайшы жауаптарымен негізделген. Осыған байланысты, сот алқасы соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалуы мен анықталуы үшін жеткілікті шаралар қолданбаған деп есептейді.
Осылайша, жергілікті соттар тараптардың жер учаскелерінің нақты орналасқан жері мен алаңын анықтамаған, жер учаскелерінің сызбалары болмаған, дауды шешу үшін тараптардың жер учаскелерінің кадастрлық істерін сұратып, зерттемеген, жер учаскелерінің шекаралары мен межелік белгілері, олардың бұрылыс нүктелері, қабаттасуы бар ма, бар болса, қандай мөлшерде екендігі туралы сұрақтар шешілмеген.
Сондай-ақ, бұл жер учаскелері әртүрлі немесе әртүрлі мекенжайлар бойынша берілген бір жер учаскесі екені анықталмаған.
Сонымен қатар, іс материалдарына Шымкент қаласы әкімінің 2005 жылғы 2 маусымдағы «Қала азаматтарына жер учаскесіне тиісті құқық беру туралы» қаулысының көшірмесі тіркелген, оған сәйкес азамат Т[...] тұрғын үй құрылысы үшін Тұрлан ауылының шығыс жағында орналасқан алаңы 0,1 га, № 62 жер учаскесі жеке меншікке берілген.
Сот актілерінде бұл қаулыға ешқандай баға берілмей, оның осы дауға қандай қатысы бар екендігі, қандай тарап ұсынғаны туралы мәлімет көрсетілмеген.
Жауапкердің кассациялық сатыдағы сотқа ұсынған жер учаскелерінің толық беттескені туралы Азаматтарға арналған үкіметінің жауабына баға беру мүмкін емес, себебі ол апелляциялық сатыдағы соттың зерттеу нысаны болмаған, оған Н[...] тиісті түрде апелляциялық шағымның қаралатын күні туралы хабарланбағаны негіз болған.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты апелляциялық қаулыны заңды деп тануға болмайды, сол себепті қаулының күші жойылуға, іс апелляциялық сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберілуге жатады.
Істі қайта қараған кезде, жоғарыда айтылғандарды ескеріп, істі толық көлемінде қарап, тараптардың уәждерін мамандарды тарта отырып, оларды көшпелі сот отырысында тексеріп, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын айқындап, тиісті баға беріп, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданып дауды шешу қажет.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын.
Азаматтық іс Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың басқа құрамында жаңадан қарауға жіберілсін. Жауапкер өкілінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Н.Шәріпов
Судьялар М.Балкен Р.Қуанышбаева Көшірмесі дұрыс Судья Р.Қуанышбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.