6001-22-00-6ап/816(2)
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 29 қыркүйек қаласы
Астана
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья С.Ү.Баймаханов, судьялар Г.К.Нұрбаев, Ж.Б.Ермағамбетова болып, талап қоюшы К[...],
жауапкер «Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі Н[...],
мүдделі тұлға «Қазақстан Темір жолы жүк тасымалы» акционерлік қоғамының «Жолаушылар тасымалы Қызылорда бөлімшесі» филиалы Сексеуіл пайдалану локомотив депосының өкілі Ш[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкер «Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) ақпарат алып беруге және заңға түсіндірме беруге міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 8 қарашадағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 наурыздағы қаулысына және жеке ұйғарымына талап қоюшы К[...] келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
2020 жылғы 1 қыркүйекте К[...] пен «Қазақстан Темір жолы жүк тасымалы» акционерлік қоғамы арасындағы еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 52-бабының 1-тармағының 11) тармақшасымен бұзылған.
Еңбек шартының бұзылуына К[...] басқаруындағы ТЭМ29139 тепловозбен өз еркімен, диспетчердің рұқсатынсыз, жабық тыйым салынған М-53 бағдаршамнан өтіп, Р80 Alstom жүйесіне қосылған дайын емес № 61 бұрманы кесіп өтіп, жабық М-25 жол белгісіне дейін барып, қарама-қарсы бағыттағы поездардың жүруіне апаттық жағдай туындатуы, көліктегі қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын бұзуы себеп болған. К[...] жұмыс берушінің бұйрығын даулап және бұрынғы жұмысына қайта орналастыруды талап етіп сотқа жүгінген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 16 наурыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облысы Арал аудандық сотының 2020 жылғы 15 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. 2021 жылғы 21 және 26 сәуірде К[...] Басқармаға, Қызылорда облысының прокуратурасына жүгініп, Еңбек кодексінің 52-бабы 1- тармағының 11) тармақшасын келтіре отырып, өндірістік жарақаттар мен авария орын алмаған жағдайда, жұмыс берушінің біржақты еңбек шартын бұзуға құқығы бар-жоқтығы, өндірістік жарақаттар мен аварияның заңнамадағы түсінігі туралы сұрақтар қойған.
Басқарма жауаптарында жұмыскер тарапынан еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау жөніндегі қағидалар мен нұсқаулықтар бұзылған жағдайда жұмыс беруші қолданыстағы еңбек заңнамасының нормаларына сәйкес тәртіптік жаза қолдануға құқылы екенін түсіндірген.
Бұған қоса, Қазақстан Республиксының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауабында өндірістік жарақаттар мен авариялар орын алмай, еңбекті қорғау немесе өрт қауіпсіздігі не көліктегі қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларының талаптары бұзылған кезде және оның салдары жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығы үшін ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе соғуы мүмкін болған жағдайда, жұмыс беруші Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағы 11) тармақшасы негізінде шартты бұзу түріндегі тәртіптік жаза қолдануға құқылы екені түсіндірілген.
2021 жылғы 9 шілдеде талап қоюшы К[...] Басқармаға өтінішхатпен қайта жүгініп, «Қазақстан Темір жолы жүк тасымалы» акционерлік қоғамы «ЖТ Қызылорда бөлімшесі» филиалынан көлік қозғалысы қағидаларын бұзу негізімен еңбек шартын тоқтату фактілері туралы ақпарат алып беруді сұраған.
2021 жылғы 23 шілдеде Басқарма өтінішті орындауға мүмкіндігі жоқтығын хабарлай отырып, талап қоюшының тиісті ақпаратты жұмыс берушіден алуға құқығы бар екенін түсіндірген. Талап қоюшы К[...] сотқа жүгініп, Басқарманың жауаптарымен келіспейтінін көрсетіп, тиісті ақпарат пен заңға түсіндірме беруге міндеттеуді сұраған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 8 қарашадағы шешімімен К[...] талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Сонымен қатар, осы іс бойынша жеке ұйғарым шығарылып, кемшіліктерді болдырмау мақсатында тиісті шара қабылдау үшін Қызылорда облысы әкіміне хабарланған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың іс бойынша объективті құқықтық баға бермегенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.
Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер мен мүдделі тұлға өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша жергілікті соттармен процестік құқық нормаларын бұзуға жол берілген.
Жергілікті соттар істі қарау барысында талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, талап қоюшының өтініштері жауапкермен оның құзыреті шегінде заң талаптарына сәйкес қаралып, талап қоюшыға жауаптар берілді деген қорытындыға келген.
ӘРПК - нің 4-бабы 1-тармағының 9) және 33) тармақшаларына сәйкес талап қоюшы - өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға.
Әкімшілік талап қою - жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап.
Талап қоюшы Басқармаға ақпарат беру туралы жүгінген кезде талап қоюшы оның құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға қатысы жоқ жалпы сипаттағы мәліметтерді талап еткені анықтаған. Бұл өтінішке жауап беріп, ол әкімшілік рәсімнің оңайлатылған түрімен аяқталғанын көрсетеді. Талап қоюшының Еңбек кодексінің нормаларын түсіндіру туралы өтінішіне де жауапкер жауап берген. Еңбек дауын қарау кезінде Басқарманың Еңбек кодексінің нормаларын түсіндіруі сот үшін преюдициялық маңызды болып табылмайды. Бұл ретте алқа әкімшілік органның оңайлатылған рәсім шеңберінде жасалған әрбір әрекеті (әрекетсіздігі) сот тәртібімен шағымдануға жатпайтынына назар аударады.
Талап қоюды қарастыру үшін әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу фактісін анықтау қажет. Қаралып отырған істе Басқарманың талап қоюшының өтініштеріне берген жауаптары оның құқықтары мен мүдделерін шектемейді, талап қоюшының жұмыс берушіден ақпаратты өзі бетінше алуына кедергі болмаған.
Кассациялық сатының отырысында талап қоюшы Басқармадан талап еткен ақпараттың жұмыс берушіден алынғанын растады.
Осылайша, жауапкердің шағымданған әрекеттері талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбаған.
Субъективті жария құқықтардың құқықтық сипатына байланысты талап қоюшының, оның ішінде сот, басқарма арқылы осындай ақпаратты өз бетінше алу мүмкіндігі болған кезде үшінші тұлғадан өзіне қажетті мәліметтерді алу үшін іс-әрекеттер жасауға не оның Еңбек кодексінің нормаларын түсінуін қанағаттандыратын түсіндірме жасауға мәжбүрлеуге құқығы жоқ.
Баяндалғанның негізінде сот алқасы сот актілерінің күші жойылуға, ал мәлімделген талап қоюы қайтарылуға жатады деген қорытындыға келеді, өйткені талап қоюшының талап қоюы ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасы негізінде әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.
ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 8 қарашадағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 4 наурыздағы қаулысы мен жеке ұйғарымының күші жойылсын.
Талап қоюшы К[...] жауапкер «Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне ақпарат алып беруге және заңға түсіндірме беруге міндеттеу туралы талап қоюы қайтарылсын.
Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Г. Нұрбаев Ж. Ермағамбетова
Көшірмесі дұрыс
Судья
Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.