6003-25-00-2к/1973
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 18 қараша
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,
талап қоюшының өкілі А.Досымбекованың, жауапкердің өкілі Б.Б.Ташкуловтың, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалының өкілдері Ғ.Б.Ержанның, Ж.Г.Койжигитованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Абдикарим Нуржановтың жауапкерлер Загипа Сейдахметовна Оймаутоваға, Камшат Сейдахметовна Бектұрғановаға, Шымкент қаласының нотариусы Арман Серикович Калиевке ауыл округ әкімінің шешімін, жер учаскесін сатып алу-сату келісім шартын жарамсыз деп тану, заңсыз салынған құрылысты өз есебінен бұзуды, жер учаскесін босатуды міндеттеу туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған. Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Кассациялық сот тараптарды тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына сәйкес, М.Темірбекова Тассай ауыл округі, Тассай елді мекені, Жаңақұрылыс көшесінің 800,0 шаршы метр жер учаскесін 2005 жылғы
12 сәуірде Тассай ауыл әкімінің №286 санды шешімінің негізінде алып, құзырлы мекемеге тіркеп, 2006 жылғы 17 мамырда Е.Исабаевқа сатқан. Ол өз кезегінде, жер телімін 2007 жылғы 28 ақпандағы сатып алу-сату шарты негізінде талап қоюшы А.Нуржановқа сатқан. Талап қоюшы №19-309-190-007 мемлекеттік актісін алып, құзырлы мекемеге 2008 жылғы 27 ақпанда тіркеткен.
Сонымен бірге, Тассай ауыл округ әкімінің 2005 жылғы 3 қарашадағы №3561 шешімімен Тассай ауыл округі, Тассай ауылы, Жаңақұрылыс көшесі, №143 учаскесінен К.Бектурғановаға жеке меншігіне көлемі 800,0 шаршы метр жер телімі тұрғын үй және жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп, уәкілетті мекемемен меншік құқығын беретін акті берілген. К.Бектұрғанова аталған жер телімін 2013 жылғы 5 тамызда З.Оймаутоваға сатқан. Ал ол жер теліміне тұрғын үй және қосалқы құрылыстар тұрғызып, пайдаланып келеді.
2007 жылғы 13 наурыздағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының №31/354-III шешімімен Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының шекараларының өзгеруіне байланысты Тассай шағын ауданы Шымкент қаласы Еңбекші ауданының аумағына енген.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 7-тармағында (бұдан әрі-нормативтік қаулы) АК-нің 118-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалығының) туындауы, өзгеруі және тоқтатылуы АК-де және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310 Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі - Жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу туралы заң) көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркелуге жатады деп көрсетілген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалымен Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Тассай тұрғын үй алабы, Саяхат көшесінде кадастрлық №19-309-190-007 және №19-309-190-3247 жер телімдеріне тараптардың қатысуымен жер кадастрлық ісіндегі мәліметтер бойынша зерттеу жұмыстары бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 17 қырқүйектегі ұйғарымы негізінде жүргізген.
Нәтижесінде, екі даулы жер телімдерінің жер кадастрлық ісіндегі мәліметтер бойынша бір жерге дайындалғандығы анықталған, яғни, координаттары және Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімінің бекіткен жері бір жер болып отырғандығы, демек №143 учаскеге бекітілген. Шымкент қаласы бірыңғай жылжымайтын мүлікті кадастрлық базасының графикалық деректер қорындағы мәліметтер бойынша, электронды картада кадастрлық
№19-309-190-3247 орналасқан, оған дәлел ретінде жер учаскесінің тексеру сұлбалық сызбасы тіркеген.
Нормативтік қаулының 8-тармағына сәйкес сол бір жер учаскесіне екі және одан да көп меншік иелерінің (жер пайдаланушыларының) меншік құқығының туындағаны, сондай-ақ аралас жер учаскелері шекарасының бұзылғаны туралы дауды шешкен кезде соттар Жер кодексінің 43-бабында белгіленген талаптарды назарға алу керек. Жерді бөліп беру тәртібін сақтау қажет болған жағдайда тараптардың әрқайсысында жерге құқықтардың туындау негіздерін, сонымен қатар құқық белгілейтін құжаттарды, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу хронологиясын тексеру керек.
Сотпен мүлікке құқықтарды тіркеу хронологиясын тексеру барысында, «Тұрғын үй қорында кадастрлық нөмірі 19-309-190-3247 алдын ала тіркеу адресі: Қазақстан Республикасы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 190 орам, Жаңақұрылыс көшесі, үй 143/1», яғни жылжымайтын мүлік объектісі 2012 жылдың 4 шілдесінде тіркеліп, оған №0201300256413009 мекенжайдың тіркеу коды берілгені анықталған.
Одан бөлек, істегі 2012 жылғы 10 шілдедегі №12/0.37/1200 меншік иесі (құқық иесі) туралы мәліметтерге сай, кадастрлық нөмірі 19:309:190:3247 жылжымайтын мүліктің меншік иесі К.Бектұрғанова болып табылады. Оған құқық пайда болу негіздемесі: Тассай ауыл округ әкімінің 2005 жылғы 3 қарашадағы №3561 шешімі.
Бұдан бөлек, істегі 2024 жылғы 17 шілдедегі №002100224531 меншік иесі (құқық иесі) туралы мәліметтерге сай, кадастр нөмірі 19:309:190:3247, 19:309:190:3247:1 жылжымайтын мүліктің меншік иесі З.Оймаутова.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың талап қоюы қанағаттандырудан бас тартуға жатады деген тұжырымын негізді деп тапқан. Өйткені Тассай ауыл әкімінің 2005 жылғы 12 сәуірдегі №286 шешімінде «Майра Темірбековаға Тассай ауылдық округі Тассай елді мекені Жаңақұрылыс көшесі бойынан жер көлемі 800,0 шаршы метр жер телімі тұрғын үй және қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін жеке меншік құқығымен берілсін» делінген, алайда бұл шешімде нақты жер телімінің нөмірі көрсетілмеген. Сонымен бірге жер-кадастрлық істерінде тіркелген Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданындағы үй салу үшін бөлінген жер телімінің жоспарларында және жер пайдалану шекарасының жоспарларында К.Бектұрғановаға берілген жер телімі №№142, 122, 144 жер телімдерімен шектеседі, ал М.Темірбековаға берілген жер телімі №№99, 72, 101 жер телімдерімен шектеседі (жер-кадастрлық іс 13, 17 беттер), яғни учаскелердің шекаралары нақты белгіленген. Сондықтан, даулы жер телімі екі адамға берілді деуге негіз жоқ деп дұрыс түйін жасаған.
АПК-нің 16-бабының 2-бөлігінде сот үшін ешқандай дәлелдемелердің күні бұрын белгіленген күші болмайды.
Сондықтан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалының Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Тассай тұрғын үй алабы, Саяхат көшесінде кадастрлық нөмірлері 19-309-190-007 және 19-309-190-3247 жер телімдеріне тараптардың қатысуымен жер кадастрлық ісіндегі мәліметтер бойынша зерттеу жұмыстарының қорытындысын дұрыс негізге алмаған.
Талап қоюшының меншік құқығы жауапкерге қарағанда ертерек тіркелген және бұл оған жер учаскесіне басым құқық береді деген талап қоюшының уәжі соттар негізсіз деп тапқан, өйткені басымдық тіркеу ісінде тіркелген құқық белгілейтін құжатқа беріледі.
Сонымен бірге, кассациялық сот отырысында жауапкердің құқығы талап қоюшының құқығына қарағанда бірінші тіркелгендігін Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалы растады.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық шағымдағы уәждерін қайталап көрсеткен. Жергілікті соттар жауапкердің бұл уәждерін зерделеп, оларға дұрыс құқықтық баға берген.
Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен заңды негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген. Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Аталған негіздерге байланысты кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: В.Е.Тохтарбаева
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.