ВС РК - Постановление от 27.08.2021 по делу 6001-21-00-2АПП/7 (Об административном правонарушении)

6001-21-00-2АПП/7

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 27 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья А.Қ. Қыдырбаева, судьялар М.Т. Балкен, А.М. Нұрбеков, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаментінің прокуроры К[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға У[...], жәбірленуші О[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 610-бабының бірінші бөлігі бойынша У[...] қатысты,

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 14 желтоқсандағы және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 20 қаңтардағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы бойынша келіп түскен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі кассациялық тәртіппен қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 14 желтоқсандағы қаулысымен У[...] ӘҚБтК-нің 610-бабының бірінші бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 38 892 теңге мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 20 қаңтардағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды көрсетілген.

Ұсыну дәлелдерін қолдаған прокурор К[...] қорытындысын, У[...] және О[...] түсініктемелерін тындап, іс материалдарын зерделеп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы келесі тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады. Іс бойынша мұндай негіздер бар. Іс материалдарына сәйкес У[...] қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің қозғалуына Ақтау қаласындағы жол-көлік оқиғасы фактісі негіз болған. 2020 жылғы 12 қарашада У[...] «Saab 95» көлік құралын басқарып, О[...] басқаруындағы «ПАЗ 32054» көлік құралымен соқтығысып қалғаны анықталған. Аталған істі қарау барысында жергілікті соттар У[...] әкімшілік жауапкершілікке тарта отырып, Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережесінің (бұдан әрі – Ереже) келесі ережелерін бұзғанын көрсеткен.

Жүргізуші көлік құралын белгіленген шектеуден аспайтын жылдамдықпен, мұндайда жүріс үдемелілігін, көлік құралы мен жүктің ерекшелігін және жай-күйін, жүру бағытындағы көрінуге қатысты жол және метеорологиялық жағдайларды ескере отырып жүргізеді. Жылдамдық жүргізушіге Қағидалардың талаптарын орындау үшін көлік құралының жүрісіне тұрақты түрде бақылау жасауына мүмкіндік беруін қамтамасыз етеді.

Жүруге жүргізуші анықтай алатындай кедергі және (немесе) қауіп туған жағдайда, ол жылдамдықты тоқтатуға дейін азайтуға немесе жол жүрісіне басқа қатысушылар үшін қауіп төндірмей, кедергіні айналып өтуге шаралар қолданады (Ереженің 10-бөлімінің 1-тармағы).

Алайда Ереженің 8-бөлімінің 6-тармағына сәйкес шеңберлі жүріс ұйымдастырылған жол қиылысына шыққан кезде бұрылыс жасау жағдайларын қоспағанда, оңға, солға немесе кері бұрылу алдында жүргізуші осы бағытта жүруге арналған жолдың жүру бөлігінде және жолақта тиісті шеткі орынға алдын ала ауысады.

Егер көлік құралы қиылыста немесе одан тыс бұрылыс жасауды немесе қиылыста кері бұрылуды осы бөлімнің 6-тармағын сақтай отырып, өзінің көлемінен немесе басқа себептер бойынша орындай алмаса, жол жүрісі қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда және бұл басқа көлік құралдарына кедергі туғызбайтын болса, көрші жол жолағына жартылай, ал қажет болғанда толықтай шығуына рұқсат етіледі (Ереженің 8-бөлімінің 8- тармағы).

Іске тіркелген жол-көлік оқиғасының сызбасы оқиға орнынан түсірілген бейнежазбаға қайшы келеді. Бейнежазбада жол-көлік оқиғасының орны «ПАЗ 32054» көлік құралы қозғалысының екінші жолағында (сол жақ артқы бұрышында) деп көрсетілген. Ал жол-көлік сызбасында оқиға орын алған жер ретінде қарсы жолақ, яғни «ПАЗ 32054» көлік құралының алдыңғы бөлігі көрсетілген. Сызбада У[...] «Saab 95» көлік құралының орналасуы, қозғалыс бағыты осы көлік құралының зақымдалуына сәйкес келмейді.

Сотта сарапшы «ПАЗ 32054» көлік құралы жүргізушісінің ережені бұзғаны туралы келесідей қорытынды берген: солға бұрылу маневрі, сол жақ жолақтан емес, оңға қарай жылжумен жасалған. «Saab 95» көлік құралының «ПАЗ 32054» көлік құралының сол жағынан өтуі басталған сәтте «Saab 95» көлік құралының қауіпсіз жүріп өтуі үшін сол жағынан жеткілікті орын болғаны анықталған.

ӘҚБтК-нің 737-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізудің міндеттері әрбір істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтау болып табылады. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген соттың, органдардың (лауазымды адамдардың) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi және заңда белгiленген жауаптылыққа, қабылданған актiлердiң жарамсыз деп танылуына және олардың күшiнiң жойылуына әкеп соғады деп көзделген (ӘҚБтК-нің 8-бабының 4-бөлігі).

Осыған байланысты алқа Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сот және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулыларының күшін жою туралы қорытындыға келіп отыр. Істі қайтадан қарау барысында жоғарыда аталған мәселелерге сот назар аударып процестік нормаларды сақтай отырып, негізді шешім қабылдауы тиіс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 14 желтоқсандағы және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 20 қаңтардағы қаулыларының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші А. Қыдырбаева

Судьялар А. Нұрбеков

М. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.