ВС РК - Приговор от 04.11.2024 по делу 6001-24-00-3Г/5924 (Гражданское)

6001-24-00-3г/5924

2024 жылғы 4-қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Р.Ералиева,

талап қоюшы «Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер Ерназарова Акбота Берикбаевна жеке кәсіпкерге (бұдан әрі - Кәсіпкер), талап қоюшы жағындағы даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлғалар Қызылорда қаласының әкімі, «Қызылорда қаласының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаменті» мемлекеттік мекемесі, «Жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, сауда ғимаратын өз есебінен мәжбүрлеп бұзуды міндеттеу туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27-ақпандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23-мамырдағы қаулысына Басқарманың келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

Басқарма сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27-ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23-мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушы сот актілерінде баяндалған түйіндердің істің мән-жайларына сәйкес келмеуін, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дәлелденбеуін, материалдық құқық нормаларының бұзылып, дұрыс

қолданылмауын көрсетіп, жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып жаңа шешім қабылдауды сұраған.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына қарағанда 2022 жылғы 12-сәуірде Кәсіпкер Е.Абилкасымовадан Қызылорда қаласы, А.Иманов көшесі, № 12 мекенжайда орналасқан жалпы ауданы 106,3 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйді жалпы көлемі 0,080355 га құрайтын жер телімімен жеке меншігіне сатып алған.

2023 жылғы 11 желтоқсандағы № 4061 Қызылорда қаласы әкімдігінің қаулысымен аталған жер учаскесінің «жеке тұрғын үй құрылысы үшін» деген нысаналы мақсаты «үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) құрылыс жүргізу және қызмет көрсету үшін» болып өзгертілген, осыған орай сол күні Кәсіпкер мен «Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арасында шарт жасалып, Кәсіпкер шарт талаптарына сай төлеуге тиіс 1 976 733 теңгені 2023 жылғы 19-желтоқсанда төлеген.

Бұдан кейін Кәсіпкер ол жер учаскесіне автокөлік құралдарын сататын екі қабатты сауда ғимаратын (бұдан әрі - Даулы ғимарат) салған.

Кәсіпкердің жер учаскесіне көршілес орналасқан жер учаскесінің иесі азаматша Ж.Р.Сақтағанованың арызы негізінде Басқарма тарапынан жүргізілген тексерудің нәтижесінде Даулы ғимарат жобалау алдындағы рәсімдер жүргізілмей, эскиздік жоба мақұлдаудан өтпей, яғни уәкілетті органдардың рұқсатынсыз өз бетінше құрылыс нысаны салынғаны анықталған.

Кәсіпкерге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316-бабының 1-бөлігімен (техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, объектiлердi және олардың кешендерін, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынсыз), 321-бабымен (техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, құрылысты техникалық және авторлық қадағалауларды қатар жүргізбей жүзеге асыру) және 323-бабымен (техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, белгiленген тәртiппен пайдалануға берілмеген объектiлер мен кешендердi пайдалану) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, айыппұл түріндегі жазалар қолданылған.

Бірінші саты сотымен өткізілген көшпелі сот отырысы барысында Даулы ғимарат көше бетіне шығып тұрмағаны, ғимараттың кіре берісі Кәсіпкердің жер учаскесінің шегінде орналасқаны, Даулы ғимарат көршісі Ж.Р.Сақтағанованың жер учаскесіне кіріп тұрмағаны, Ж.Р.Сақтағанованың тұрғын үйінен даулы ғимараты алыс жерде орналасқаны және даулы

ғимараттың артқы жағы 0,7 метрге мемлекеттің меншігіне кіретін жер учаскесіне салынғаны анықталған.

Сондай-ақ, Қызылорда қалалық жер комиссиясының 2024 жылғы 1-сәуірдегі № 2489 хаттамалық шешімімен Кәсіпкердің меншігіндегі 803,55 шаршы метр жер учаскесіне қосымша 69,45 шаршы метр жер учаскесі қосылған.

Яғни, Даулы ғимараттың мемлекеттің меншігінде орналасқан 0,7 метр жер учаскесі бүгінгі күні Кәсіпкерге табысталған, тиісінше Даулы ғимарат толығымен Кәсіпкердің меншігіндегі жер учаскесінің шекарасында орналасқан.

Соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуына Даулы ғимарат құрылысы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтіні, ғимарат Кәсіпкердің жер учаскесінен тыс жерде орналаспағаны, ғимаратқа өртқе қарсы құрылғылар орналастырылса, оның құрылысы барысында өрт қауіпсіздігі бұзылмайтыны, талап қою тек ғана азаматша Ж.Р.Сақтағанованың Басқармаға жазған арызы негізінде берілгенін көрсеткен.

Сонымен қатар, Кәсіпкердің Даулы ғимаратты алдағы уақытта заңдастырып алуына мүмкіншіліктері бар екені ескерілген.

Өтінішхатта төмендегі мән-жайлар көрсетілген.

Басқарма құқығы бұзылған үшінші тұлға Қызылорда қаласы, А.Иманов көшесі № 10 тұрғыны Ж.Р.Сақтағанованың арызы негізінде Даулы ғимаратқа қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген.

Тексеру нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша Кәсіпкерге қатысты Қазақстан Республикасының заңының талаптарын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің 316-бабының 1-бөлігімен, 323-бабымен және 321-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салу жазасы қолданылған.

Негізінен құрылыс жұмыстарын жүргізбей тұрып Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30-қарашадғы № 750 бұйрығымен бекітілген құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидасының 22-тармағының 2) тармақшасына сәйкес құрылыс жөніндегі жобаларды іске асыру жер учаскесіне тиісті құқығы негізінде және эскизді (эскиздік жобаны) әзірлеу және келісуден кейін жүзеге асырылады.

Алайда, Кәсіпкер тарапынан Даулы ғимаратқа қатысты жобалау алдындағы рәсімдер жүргізілмей, тиісті эскиздік жоба мақұлдаудан өтпей, «Қызылорда қаласы, А.Иманов № 12 мекенжайдағы автокөлік құралдарын сататын сауда ғимарат құрылысы» өз жер учаскесіне заңсыз салынған.

Арызда баяндалған арақашықтық мәселесі бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша филиалының жер орналастырушы маманның қатысуымен «Қызылорда қаласы,

А.Иманов көшесі № 12 мекенжайдағы автокөлік құралдарын сататын сауда ғимарат құрылысы» нысаны мен А.Иманов көшесіндегі № 10 үй орналасқан жер учаскесіне арнайы (GPS Leica GS-10) құрылғымен өлшеу жұмыстары жүргізіліп, жер учаскелерінің ситуациялық сызбасы ұсынылған.

Ситуациялық сызбада А.Б.Ерназароваға тиесілі А.Иманов көшесі № 12 мекенжайдағы автокөлік құралдарын сататын сауда ғимарат нысаны көршілес жер учаскесінен 1.57 метр және 0.07 метр аралығында арақашықта орналасқандығы анықталған.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 47-1 бабының 3 тармағында егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы мыналарды белгілейді: 1) функционалдық-қала құрылысын аймақтарға бөлуді айқындай отырып, аумақты жоспарлау ұйымдастырудың негізгі бағыттары; 2) қызыл, сары сызықтар және құрылыс салуды реттейтін сызықтар; 3) халыққа әлеуметтік, мәдени және коммуналдық қызмет көрсету объектілерін орналастыру, көшежол желісін және көліктік қызмет көрсетуді ұйымдастыру, инженерлік коммуникацияларды трассалау үшін аумақты резервке қою; 4) көшелердің көлденең қималары; 5) аумақты абаттандыру және көгалдандыру; 6) жария қала құрылысы шектеулері; 7) инженерлік коммуникациялар жоспары; 8) жол инфрақұрылымын дамыту жоспары; 9) астана, республикалық және облыстық маңызы бар қалалар аумақтары бөлігінің бірыңғай сәулеттік стилінің тұжырымдамасы көрсетілген.

Яғни, Кәсіпкер заңсыз салынған ғимарат құрылысын бастамай тұрып құрылысқа рұқсат берілетін талаптарды рәсімдемей, ғимараттың құрылысмонтаждау жұмыстарын жобалау-сметалық құжатынсыз, сараптамадан өткізудің және бекiтудiң белгiленген тәртiбiнен ауытқып, құрылысты техникалық және авторлық қадағалауларды қатар жүргiзбей, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органдарды хабардар етпей, құрылыс-монтаждау жұмыстарын өрескел бұзушылықтармен жүргізген.

Бұл ретте, Даулы ғимарат көршілес жер учаскесінің шекарасынан арақашықтығы сақталмауынан, 6 метр арақашықтықты сақтау талабы Кәсіпкердің міндетінен шығарылып, үшінші тұлғаның міндетіне жүктеліп, оның құқығы бұзылған.

Алдағы уақытта құқығы бұзылған үшінші тұлға Қызылорда қаласы, А.Иманов көшесі № 10 тұрғыны Ж.Р.Сақтағанова өз жер учаскесіне құрылыс салуды жоспарлаған кезде ғимараттарға қойылатын қауіпсіздік талаптарын сақтау үшін өз жер учаскесінен 6 метр арақашықтыққа шегіну міндеттеліп отыр.

Жоғарыдағылардың негізінде, жергілікті соттардың түйіні іс құжаттарымен сәйкес келмейді.

Судья өтінішхат берушінің келтірген уәждері сот актілерін қайта қарауға негіз болатынын басшылыққа алып, азаматтық істі алқа отырысында қарау үшін беру қажет деп санайды.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27-ақпандағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23-мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы «Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.

Қаулының көшірмесін іс бойынша қатысқан тұлғаларға жолдансын.

Судья Б.Р.Ералиева Көшірмесі дұрыс Судья Б.Р.Ералиева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.