КСАД РК - Постановление от 18.03.2026 по делу 6003-26-00-4к/118 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 18 наурыз №6003-26-00-4к/118 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші– судья Н.М.Кабдрахманова, судьялар – Л.Е.Каирбаева, Е.Б.Тулеев болып,

талап қоюшының өкілі Е.Мүслімнің,

жауапкердің өкілі Е.Жұматайдың қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазынашылық комитетiнiң Түркістан облысы бойынша Қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттiк мекемесінің (бұдан әрі–Қазынашылық департаменті) жауапкер «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі–Агенттік департаменті) қойған

ұсынымды заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қазандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Қазынашылық департаменті Агенттік департаментінің 2025 жылғы 13 мамырдағы №06-39-05/1091 ұсынымын заңсыз деп тану талаппен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 29 шілдедегі шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Агенттік департаментінің 2025 жылғы 13 мамырдағы №06-39-05/1091 ұсынуы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Кассациялық шағымда Агенттік департаменті апелляциялық сатыдағы соттың материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын, ұсынудың сипатына тиісті баға бермегенін, сондай-ақ дербес деректер және дәрігерлік құпия туралы заңнаманың бұзылмағаны туралы тұжырымының қате екенін алға тарта отырып, апелляциялық қаулының күшін жоюды және бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Іс бойынша өзін мүдделі тұлға ретінде тарту және сот отырысына онлайн режимде қатыстыру туралы З.Рахимбаеваның өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылды, өйткені өтініш беруші әкімшілік істің қатысушысы болып табылмайды. Кассациялық сатыда мүдделі тұлғаларды іске тарту көзделмеген. Iстi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi. Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер өкілінің түсінігін және сот қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы талап қоюшының қарсы уәждерін тыңдап, іс материалдарын зерттеп және шағым дәлелдерін тексере отырып, кассациялық сатыдағы сот төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-тің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-тің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтар орын алмаған.

Соттар Қазынашылық департаментінің қызметкерден №9276523 еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алғанын және оның түпнұсқалығын тексеру мақсатында медициналық ұйымдарға сауалдар жолдағанын анықтаған. Аталған құжаттың тіркелмегені туралы ресми жауаптар алынғаннан кейін жұмыс беруші тиісті құжаттарды қоса тіркей отырып, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша полиция органдарына өтінішпен жүгінген.

Кейіннен жалған құжатты пайдалану фактісі соттың заңды күшіне енген айыптау үкімімен расталған. АПК-нің 76-бабына сәйкес бұл мәнжайлар преюдициялық сипатқа ие және қайта дәлелдеуді талап етпейді.

Белгіленген мән-жайларды бағалай отырып, апелляциялық сатыдағы сот мынадай қорытындыларға келген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес жұмыс беруші жәрдемақы төлеу үшін негіз ретінде тиісті түрде ресімделген еңбекке уақытша жарамсыздық парағын талап етуге құқылы. Ұсынылған құжаттың түпнұсқалығын тексеру жұмыс берушінің және бюджеттің мүліктік мүдделерін қорғауға бағытталған әрі оның заңды өкілеттіктеріне жатады.

Мәліметтерді құқық қорғау органдарына беру бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді қорғау мақсатында мемлекеттік органдарға жүгіну құқығын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылған. Заңнамада, егер мұндай мәліметтер қызметтік қажеттілік шегінде ұсынылып, өтініш нысанасының аясынан шықпаса, болжамды құқық бұзушылық туралы ақпаратты құзыретті органдарға хабарлауға тыйым салынбаған.

Кассациялық шағымдағы уақытша еңбекке жарамсыздық парағы дербес деректердің арнайы санатына жатады деген уәж жұмыс берушінің әрекеттерінің заңсыздығын білдірмейді. Дербес деректер туралы заңнамада көзделген жағдайларда, оның ішінде сот төрелігін жүзеге асыру, құқық қорғау қызметі және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында, дербес деректерді субъектінің келісімінсіз өңдеуге және беруге жол беріледі.

Сотта анықталғандай, ұсынылған материалдарда қызметкердің жұмыс берушіге өзі ұсынған құжатта көрсетілген мәліметтерден өзге диагноз немесе басқа медициналық ақпарат жоқ. Құжат уәкілетті органға қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарламаның материалдары ретінде ғана ұсынылған.

Жауапкердің полиция органдарына жүгіну кезінде сотқа дейінгі тергеудің басталмағанына сілтеме жасаудың құқықтық мәні жоқ. Керісінше, мұндай жүгіну қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес құқық бұзушылық туралы хабарламаны тіркеуге және тиісті процестік шешім қабылдауға негіз болып табылады.

Осылайша, лауазымды тұлғалардың әрекеттері «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 10-бабы 11) тармақшасының талаптарын бұзғанын білдірмейді, сондықтан мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзу туралы тұжырым негізсіз болып табылады.

Кассациялық сатыдағы сот апелляциялық соттың даулы ұсынымның сипаты туралы қорытындысымен келіседі. Ресми ұсынымдық сипатына қарамастан, онда заңнама талаптарының бұзылғаны туралы қорытынды және талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін, ол үшін қолайсыз құқықтық салдар туындататын ден қою шараларын қабылдау туралы нұсқама қамтылған. Осыған байланысты ол ӘРПК-нің 13-тарауына сәйкес сот бақылауына жатады.

Апелляциялық сатыдағы сот дәлелдемелерді олардың жиынтығында жан-жақты бағалап, материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларын дұрыс қолданған және жауапкердің ұсынымын заңсыз деп тану туралы негізді қорытындыға келген.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер істің мән-жайлары мен дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған, бұл АПК-нің 451-бабының талаптарына сәйкес сот актісін бұзу үшін негіз болып табылмайды.

Сот актісінің күшін жоюға әкеп соғатын материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы кассациялық сатыдағы сотпен анықталмады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Н.Кабдрахманова Судьялар Л.Каирбаева

Е.Тулеев

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.