Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 28.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/402 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/402

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 28 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Есдаулетов, С.С.Абдигалимов, арыз беруші Б[...] және оның өкілі А[...],

жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілдері Н[...], П[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы арыз беруші Б[...] Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 8 қаңтардағы шешімін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызы бойынша Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 30 шілдедегі ұйғарымы мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қазандағы ұйғарымына арыз берушінің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Б[...] сотқа арызбен жүгініп, онда Түркістан қалалық сотының 2024 жылғы 8 қаңтардағы шешімін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауды сұраған.

Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 30 шілдедегі ұйғарымымен арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырудан бас тартқанда, арыз беруші ұсынған мән-жайлар Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 455-бабында көзделген жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайларға жатпайды деген қорытындыға келген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, арыз беруші келтірген дәлелдер заңда көзделген негіздерге сәйкес келмейтінін көрсеткен.

Кассациялық шағымда Б[...] соттар АПК-нің 455-бабының талаптарын дұрыс қолданбағанын, қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген ақтау үкімімен анықталған мән-жайлар жаңадан ашылған мән-жайлар болып табылатынын, сондай-ақ соттар істі біржақты қарап, процестік құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, арызды қанағаттандыру туралы жаңа қаулы қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы

заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда ғана кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.

Іс бойынша соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

АПК-нің 455-бабына сәйкес заңды күшіне енген сот актілері жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін. Аталған бапта мұндай қайта қараудың негіздерінің толық әрі шектеулі тізбесі белгіленген.

Атап айтқанда, жаңадан ашылған мән-жайларға:

– заңды күшіне енген сот үкімімен анықталған жалған айғақтар немесе сарапшының көрінеу жалған қорытындысы;

– тараптардың немесе судьялардың қылмыстық құқық бұзушылықтары;

– сот актісіне негіз болған басқа актінің күшін жою жатады.

Ал жаңа мән-жайларға преюдициалдық мәні бар актінің күшін жою, мәмілені жарамсыз деп тану немесе Конституциялық Соттың тиісті актілері жатады.

Осы нормалардың мазмұнына сәйкес, кез келген жаңа дәлел немесе басқа іс бойынша қабылданған сот актісі міндетті түрде жаңадан ашылған мән-жай болып табылмайды, ол тек жоғарыда көрсетілген нақты негіздерге сай келген жағдайда ғана қайта қарауға себеп болады.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Б[...] өз арызында қылмыстық іс бойынша 2025 жылғы 21 ақпандағы ақтау үкімімен және апелляциялық қаулымен анықталған мән-жайларға сілтеме жасаған.

Алайда, көрсетілген сот актілерінде сарапшылардың қорытындылары дәлелдеме ретінде жарамсыз деп танылғанымен, олардың көрінеу жалған екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен анықталмаған.

Демек, АПК-нің 455-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасында көзделген «сарапшының көрінеу жалған қорытындысы» ретінде бағалауға құқықтық негіз жоқ. Сонымен қатар, қылмыстық іс бойынша қабылданған ақтау үкімі талап қоюшыға қатысты тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы даулы бұйрықтардың заңдылығын тікелей жоққа шығармайды және азаматтық іс бойынша сот шешіміне преюдиция ретінде қолданылмайды. Бұл мән-жайлар бірінші және апелляциялық сатыдағы соттармен дұрыс бағаланған.

АПК-нің 72-бабына сәйкес әрбір тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негізін дәлелдеуге міндетті. Алайда арыз беруші қайта қарауға заңда көзделген нақты негіздердің бар екенін растайтын дәлелдер ұсынбаған.

Кассациялық шағымда көрсетілген соттардың процестік құқықтарды бұзғаны туралы уәждер де негізсіз.

Іс құжаттары соттардың тараптарға өз ұстанымдарын білдіруге мүмкіндік бергенін және істі заң талаптарына сәйкес қарағанын растайды.

Сондықтан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың тұжырымдары істің нақты мән-жайларына және қолданыстағы заң талаптарына сәйкес келеді.

Қабылданған сот актілерінің күшін жоюға негіз болатын мән-жайлар анықталмаған.

Осыған байланысты кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан қаласының ауданаралық сотының 2025 жылғы 30 шілдедегі ұйғарымы мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қазандағы ұйғарымы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Н.Ормаханов

Судьялар

А.Есдаулетов

С.Абдигалимов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.