ВС РК - Постановление от 14.11.2024 по делу 6001-24-00-6ап/907 (Административное)

6001-24-00-6ап/907

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 14 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нурбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

талап коюшының өкілі А.Жұмабайұлы., жауапкер Э.А.Тайманның қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Гулшат Бектургановна Ержанованың жауапкер жеке сот орындаушысы Эльвира Алдамжарқызы Тайманға сот актісінің орындалуын 2023 жылғы 4 желтоқсанға тағайындау әрекетін заңсыз деп тану және атқарушылық іс жүргізуді тоқтатудан бас тарту әрекетін заңсыз деп танып, іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығаруды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қаңтардағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы қаулысына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Г.Б.Ержанова жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, уәждерінде өзінің заңды күшіне енген сот шешімін нақты және шынайы орындағанын, яғни 2 қабатты тұрғын үйдің қабырғаларын ені бойынша 2 метр 20 сантиметрге іргелес жер учаскесінің шекарасынан бастап өз қаражаты есебінен бұзғанын, соған қарамастан сот орындаушысы атқарушылық іс қозғап, заңсыз әрекеттер жасап отырғанымен негіздеген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қаңтардағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі А.Жұмабайұлы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі іс біржақты қаралғанын, құқықтық заң нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы талапкер өкілі А.Жұмабайұлының кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін, жауапкер Э.А.Тайманның шағымға келтірген қарсылық уәждерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Қызылорда қалалық сотының 2022 жылғы 20 қыркүйектегі шешімімен талап қоюшы кәмелетке толмаған К.Ворошилинаның атынан әрекет етуші Ж.Молдыбаеваның талабы ішінара қанағаттандырылып, жауапкер Г.Ержановаға іргелес жер учаскесінің шекарасынан ені бойынша 2 метр 20 сантиметрге дейін Қызылорда қаласы, Әбді Асаубаев көшесі, №1 үй мекенжайында орналасқан екі қабатты тұрғын үйдің қабырғаларын өз есебінен бұзу міндеттелген.

Сот актісінде тұрғын үйдің құрылысы көршілес учаскелердің шекарасынан 3 метр қашықтық сақтай отырып, жоспарлануы тиіс екені, Г.Ержанова тарапынан бұл талаптардың сақталмағаны, оның тұрғын үйі мен учаскенің шекарасы дейінгі аралық 80 сантиметрді құрайтыны көрсетілген. Осы мән-жайлардың негізінде сот заңсыз салынған екі қабатты тұрғын үйдің бір бөлігін (ені бойынан 2 метр 20 сантиметрге дейін) бұзуға шешім қабылдаған.

Аталған сот шешімі бойынша берілген атқарушылық құжатқа сәйкес ЖСО Э.Тайман 2023 жылғы 10 шілдеде атқарушылық іс қозғаған.

Жауапкер тарапынан талап қоюшыға 2023 жылғы 11 шілдеде және 3 тамызда атқару парағын орындау қажеттілігін көрсете отырып, хабарландырулар жолданған.

Талап қоюшы жауапкерге атқарушылық іс жүргізуді атқарушылық құжатты толық орындауына байланысты тоқтату туралы арызбен жүгінген.

Борышкермен атқару парағы өз еркімен толық орындалмағандықтан, ЖСО Э.Тайманмен атқару парағын мәжбүрлеп орындату үшін шаралар қолданылып, 2023 жылғы 28 қарашада талап қоюшыға сот актісінің орындалуы 2023 жылғы 4 желтоқсанға тағайындалғандығы хабарланып, мәжбүрлі орындалуын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері тартылған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, жауапкер тарапынан атқарушылық іс жүргізуді тоқтатудан бас тарту туралы қаулысын шығару барысында ешқандай заң бұзушылық фактілері орын алмаған деп тұжырым жасаған. Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3-3-бөлігінің және Азаматтық процестік кодексінің 21-бабының 2-бөліктерінің талаптары бойынша соттар шешімдерінің Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады және олар орындалуға жатады.

Заңның 47-бабының 1-тармағында атқарушылық іс жүргізуді тоқтатудың негіздері көзделген.

Жергілікті соттармен аталған сот шешімінің толық орындалмағаны анықталған, яғни даулы ғимараттың бір жақ бөлігі қабырғасының бірінші қабатының кірпіштері ғана алынып, орнына жоңқалы-сүрек тақталардан қабырға қойылған, ал екінші қабаты өзгеріссіз қалған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымындағы сот шешімінде даулы құрылыстың екінші қабатының қабырғасын бұзу туралы көрсетілмеген деген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды. Сондықтан, сот алқасы талапкер өкілінің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қаңтардағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 акпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Айдос Жұмабайұлының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев Судьялар Г.К. Нурбаев Е.Ж. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.