Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/266 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 16 сәуір №6003-26-00-2к/266 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

арыз беруші өкілі Р.К.Есбергеновтың, мүдделі тұлғалар өкілдері Ж.Ә.Сәменовтың және Е.Есенгалиевтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында арыз беруші Райхан Максутовна Кушербаеваның (бұдан әрі - арыз беруші) банкроттық рәсімін қолдану туралы азаматтық істі арыз берушінің Атырау облысы Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 20 маусымдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Арыз беруші сотқа аталған арызбен жүгініп, оны өзінің төлем қабілеттілігінің жоқтығымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен арызды қанағаттандырудан бас тартылған.

Арыз беруші кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, арызды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар «Қазақстан Республикасының азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Арыз берушінің кредиторлық қарызы 17 755 038 теңгені құрайды, оның ішінде «Forte Bank» акционерлік қоғамына 5 022 893 теңге, «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамына 5 674 520 теңге, «Home Credit Bank» акционерлік қоғамына 7 057 625 теңге.

Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының 2025 жылғы 16 мамыр №-291 бұйрығымен қаржы басқарушысы болып У.Е.Загипаров тағайындалған. Қаржы басқарушысының 2025 жылғы 12 маусымдағы қорытындысына сәйкес арыз беруші төлемге қабілетсіз және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздер бар.

Арыз беруші 74 428 теңге жәрдемақы алады, жұбайы «RBM Sweco Productions» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс жасайды, еңбек ақысы 266 194 теңге, асырауында 3 баласы бар, арыз берушінің меншігіне 2024 жылы автокөлік тіркелген, сол кезде мүліктік нарықтық бағасы 6 595 000 теңгені құраса, 2025 жылғы 10 маусымдағы жылжымалы мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы есепке сәйкес көліктің нарықтық құны 3 836 000 теңгеге бағаланған және қазіргі кезде пайдалануда.

Сонымен қатар, арыз беруші 2022 жылғы 19 қазандағы сыйға тарту шарты негізінде ортақ меншіктегі Атырау облысы, Атырау қаласы, Көктем шағын ауданы, 2-көше, 2-участок мекен-жайы бойынша орналасқан жер учаскесін сыйға тартқан.

Істің мән-жайларына сай соттар арыз берушінің жұмыс жасауға қабілетті екенін, атында 2024 жылы көлік тіркелгенін және пайдалануда екенін, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабының 4, 6 және 7- тармақтарына сәйкес азаматтардың өздерінің құқықтарын жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы тиістігі, бұл талап сақталмаған жағдайда соттың адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алатыны туралы тұжырымға дұрыс келген

Одан бөлек, арыз берушінің жағдайы формальды түрде сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға сәйкес келгенімен, Заңның 4-бабына сәйкес азаматтарға сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану қағидаттарының қатарына азаматтардың адалдығы жататыны да ескерілген.

Істің мұндай тұрғысында, арыз қанағаттандырылуға жатпайды деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облысы Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 20 маусымдағы шешімі мен Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 қазандағы қаулысы күшінде, арыз беруші Райхан Максутовна Кушербаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.