Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 08.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/32 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/32

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 8 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья Г.Б. Бастаубаев, судьялар Н.О. Косанов, М.Т. Кадырова, талап қоюшының өкілі А[...], жауапкердің өкілдері С[...], А[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығы» шарауашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жауапкер «СМL[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 шілдедегі қаулысына берген жауапкердің кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы «Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығы» шарауашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны (бұдан әрі- Кәсіпорын, тапсырыс беруші) жауапкер «СМL[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестікті (бұдан әрі- ЖШС, Серіктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, оны мемлекеттік сатып алу туралы келісім шарттағы міндеттемелерін мерзімінде және толық көлемінде орындамағанымен негіздеген.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 7 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 шілдедегі қаулысымен Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 7 сәуірдегі шешімінің күші жойылып, іс бойынша жаңа шешім қабылданған. Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.

Серіктестік кассациялық шағымында апелляциялық сотымен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актісінің күшін жоюды, істі апелляциялық сатыға қайта қарауға жіберуді сұраған.

Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкердің өкілдерін, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін тындап, іс материалдарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-Заң) 12-бабының 4- тармағының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

Іс материалдарына сәйкес, тараптардың арасында 2024 жылғы 29 сәуірде № 64 мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған.

Шарттың талаптарына сәйкес, Серіктестік «А[...] 277 мекенжайы бойынша «Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығы» ШЖҚ МКК әкімшілік-емдеу ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу» жұмыстарын жасауға міндеттенген. Шарттың жалпы сомасы - 1 661 756 810 теңге.

Шарттың №1 қосымшасымен 2024 қаржылық 609 631 250 теңге және 2025 қаржылық жылына 1 052 125 560 теңге көзделген. Шарт бойынша орындау мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау туралы хабарлама 2024 жылғы 30 мамырда беріліп, қолдануға енгізу мерзімі 2024 жылғы 30 қараша деп белгіленген.

Сот алқасы, бірінші сатыдағы сот іс бойынша материалдық заң талаптарын бұза отырып дұрыс шешім қабылдамаған деген тұжырымға келіп, шешімнің күшін жойған. Жаңа шешімді Серіктестік шарттың талаптарына сәйкес міндеттерін тиісінше және мерзімінде орындамағанымен тұжырымдап, талап қоюды қанағаттандырған.

Қассациялық сот апелляциялық соттың тұжырымдамасымен толық келіседі.

Анықталғандай, шарт талаптарына сәйкес шарт екі қаржы жылына есептеліп, 2024 жылға көзделген 609 631 250 теңге көлеміндегі жұмыстар 2024 жылғы 30 қарашаға дейін орындалуға жатады.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, шарттың жалпы қолдану мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленгенін және 2024 жылға жоспарланған жұмыстар орындалғанын негізге алған. Алайда бірінші сатыдағы соттың бұл қорытындысы іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес келмейді.

Апелляциялық сатыдағы сот мердігердің жұмыстарды мерзімін өткізіп орындағанын, сондай-ақ жұмыстардың сапасыз орындалғанын анықтаған. Бұл мән-жайлар сараптама қорытындысымен расталады. Сараптама қорытындысына сәйкес орындалған жұмыстарда елеулі кемшіліктер анықталған, жұмыстар құрылыс нормалары мен шарт талаптарына сәйкес келмейді, бұл мердігердің шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамағанын дәлелдейді.

Сондықтан, кассациялық сот апелляциялық соттың жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануға негіз бар деген тұжырымдарымен толық келіседі.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес, шарттық міндеттемелерді орындамау немесе тиісінше орындамау жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануға негіз болады. Осылайша, жауапкердің шарт талаптарын орындамағаны, жөндеу объектісі әлеуметтік маңызы бар денсаулық сақтау мекемесі екені ескеріліп, апелляциялық сатыдағы сот дұрыс шешім қабылдаған.

Кассациялық сот жауапкердің талап қоюда мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы ретінде серіктестіктің директоры көрсетілгені түралы уәждерін қарастырып, төмендегідей қорытындыға келді.

Талап қою арызында талап қоюшы техникалық қателік жіберіп, жауапкер ретінде заңды тұлғамен қоса оның басшысын көрсеткені анықталды. Алайда талап қою заңды тұлғаның әрекеттеріне байланысты берілгені, даудын нысанасы, шарттын тарапы және талап қоюдың нақты кімге қатысты қойылғаны іс материалдарынан анық белгілі. Жауапкермен көрсетілген кемшіліктер даудың мәнін өзгертуге әкеп соқпайды және талап қоюдың мазмұнына әсер етпейді. Демек, мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Аталған кемшіліктер істі дұрыс шешуге әсер етпеген және тараптардың процестік құқықтарының бұзылуына әкелмеген.

Сот актісін жоюға әкеп соғатын материалдық немесе процесстік құқық нормаларының бұзылуы анықталмаған. Сондықтан дауланып отырған соттың қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 шілдедегі қаулысы күшінде.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б.Бастаубаев Судьялар Н.О. Косанов М.Т. Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.